ҚР Мемлекеттік хатшысы Жамбыл ескерткішіне гүл шоғын қойды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада Ж. Тәшенов және Амман көшелерінің қиылысында Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, ақын-жазушылар, жамбылтанушылар және қоғам қайраткерлері қатысты.

Сонымен бірге, Жамбыл облысынан арнайы делегация келді. Ақынның аты берілген облыста да мерейтойға арналған үлкен кешенді жоспар бар.

«Бүгінгі шараның жастарға үлкен тәрбиелік мәні бар. Әдетте Жамбыл Жабаев кім дегенде, ақын, жырау, айтыскер деп айтамыз. Онымен шектелуге болмайды. Мысалы былтыр Абай жылы болғанда Мемлекет басшысы «Абай және ХХІ ғасыр» мақаласында Абайды ақын ретінде ғана емес, ойшыл, философ, ғалым ретінде көрсету керегін айтты. Жамбыл Жабаевты да жай ғана айтыскер емес, үлкен қайраткер ретінде көрсету маңызды. Мысалы Жамбыл Жабаев – қазақ ауыз әдебитеінің негізін қалаушы, сол салада үлкен орны бар. Ол қазақ айтысының әлеуметтік-саяси мәніне баса назар аударған тұлға», - деді Жамбыл облысы мәслихатының хатшысы Махметқали Сарыбеков тілшілерге берген сұхбатында.

Айта кетейік, кеше Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті. Мерейтойлық жыл ішінде республика бойынша 500-ге жуық әлеуметтік, имидждік, ғылыми, танымдық іс-шаралар өткізіледі. Бұдан бөлек, ақын өмірінен деректі фильм түсіру, өлеңдерінің жаңа жинақтарын шығару, айтыстар мен әдеби конкурстарды, кітап көрмелерін ұйымдастыру, мерейтойлық монета, пошта маркасын әзірлеу және басқа да шаралар өткізу көзделіп отыр.



Соңғы жаңалықтар