ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Мақтаарал ауданында болды

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Мақтаарал ауданына Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Серік Қожаниязов жұмыс сапарымен келді.

Сапар барысында ол өткен жылы ғана жаңадан құрылған ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, жергілікті халықпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік инспектор ең алдымен Мақтаарал ауылдық округі, Өркениет елді мекеніндегі «Әліби» шаруа қожалығындағы мақта терім науқанының куәсі болды. Берік Шампиевтің басшылығындағы қожалықтың еншісінде 45 гектар жер бар. Бүгінде мұнда 15 адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, комбайн арқылы ақ алтынды жинау науқаны жүріп жатыр.

Мұнан соң С.Қожаниязов Жаңажол ауылдық округіне қарасты Фердауси елді мекеніндегі 600 орындық мектептің жұмысымен танысты. Өткен оқу жылында пайдалануға берілген білім ұясының құрылысына бюджеттен 1 миллиард теңгеден аса қаржы жұмсалған. Мектептің ішін аралаған мемлекеттік инспектор ғимараттың заманауи құрал-жабдықтармен, инфрақұрылымдармен қамтылғанына куә болды.

Мультимедиялық кабинеттерді, зертханалар, мамандандырылған оқу сыныптарын, шеберханалар мен кітапханаларды, әдістемелік, дәрігерлік, психологиялық кабинеттерді, спорт залын көріп, құрылыс сапасына оң баға берді. Мемлекеттік инспектордың келесі аялдаған жері Мырзакент кентіндегі «Мырзакент» мақта өңдеу зауыты болды.

Ермахан Жабуовтың басшылығындағы өндіріс ошағының жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайды. Мақта шикізатын талшыққа, шитке, линтке және улюгке бөліп шығаратын зауыттың жылдық қуаты 60 мың тоннаға дейін жетеді. Қазіргі таңда мұнда 250 адам жұмыспен қамтылған.

Аудан әкімі Бақыт Асанов С.Қожаниязовты ауданды дамыту мақсатында іске асырылып жатқан бірнеше жобалармен таныстырды.

Атап айтқанда, құрылыс саласы бойынша 4 жоба, абаттандыру саласы бойынша 22 жоба, жол саласы бойынша 2 жоба, коммуналдық сала бойынша 9 жоба, барлығы 37 жоба іске асырылмақшы. Қазіргі таңда аудан орталығы Мырзакент кентінде абаттандыру, жарықтандыру, тротуарлар салу жұмыстары қарқын алған. Кенттің кіреберістеріне жаңа қақпалар орнатылуда. Сондай-ақ, аудан орталығының орталық алаңын заман талабына сай көрікті етіп жасау үшін құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, аудандағы атқарылып жатқан жұмыстар мен жобаларға оң бағасын берген мемлекеттік инспектор «Мырзакент» аудандық ауруханасының және Достық елді мекеніндегі 600 орындық Ғ.Мүсірепов атындағы №53 жалпы орта мектебінің жұмыс барысымен де танысты.

Соңғы жаңалықтар