ҚР Президенті: Құқық қорғау құрылымдары мен армияда қаржылық төлемдер орташа 30% артады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алдағы 3 жылдың ішінде құқық қорғау құрылымдары мен армияда қаржылық төлемдер орташа 30 пайызға артатын болады. Бұл туралы Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен Мемлекеттік наградаларды тапсыру рәсімінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы жылдың дағдарысты жағдайында күштік құрылымдар қызметі тиімділігінің маңызы күрт артты. Карантиндік іс-шараларға жұмылдырылған ішкі істер органдарының қызметкерлерін ынталандыру үшін 18 млрд теңгеден астам бөлінді. Алдағы 3 жылдың ішінде құқық қорғау құрылымдары мен армияда қаржылық төлемдер орташа 30 пайызға артатын болады», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті елдегі қоғамдық тұрақтылық пен әлеуметтік прогресс мықты экономикалық негіз болған кезде ғана мүмкін екендігін баса айтты. Қатаң шектеулер мен карантинге қарамастан халықтың экономикалық белсенділігі сақталғанын, бизнеске қалыпты жұмыс істеуі үшін көмек көрсетілгенін атап өтті. Дағдарысқа қарсы шаралар топтамасы аясында шағын және орта бизнес субъектілері бірқатар жеңілдіктер алғанын еске салды.

«Жалпы қолдау көлемі 1,5 трлн теңгеден асып түсті. Бұл 8 трлн теңгеге өнім шығару көлемін сақтап қалуға мүмкіндік берді. 200 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, отандық компаниялар шамамен 500 млрд теңгеге мемлекеттік тапсырыстар алды. Осылайша, 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 35 пайызға жетуі тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар