ҚР ҰҚК ел тарихындағы ең ірі есірткі зертханасын ұйымдастырғандарды ұстады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- 27 шілде күні ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері Алматы қаласында зертхана жағдайында синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырған Қазақстанның екі азаматын ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Зертхананы және ұсталғандардың тұрғын үйі мен автокөлігін тінту барысында сатуға дайын және кристалдау кезеңінде тұрған жалпы көлемі 55 кг-дан артық жоғары сапалы «мефедрон» есірткі заты (алынған партияның «қара нарықтағы» құны шамамен 1,5 миллиард теңгені құрайды), сондай-ақ ірі сомадағы шетел валютасы мен атыс қаруы алынды. Одан басқа, есірткі өндірудің толық әрі сапалы циклын қамтамасыз ететін зертхана жабдығы, 30 кг есірткі жасау үшін жеткілікті бір тоннаға жуық прекурсор мен химиялық реагенттер алынды», -делінген ҰҚК таратқан хабарламада.

Қазіргі таңда қолға түскен күдіктілер тергеу изоляторында қамауда жатыр. Олардың үстінен ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша (есірткі жасау және өткізу фактісі бойынша мүлікін тәркілеу және он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру) қылмыстық іс қозғалды.

«Күдіктілер бастапқыда тұрғылықты жері бойынша жасырын есірткі синтезін ұйымдастырған. Кейіннен есірткі затын сатудан түскен ақшаға «Іле-Алатау ұлттық паркі» аумағында коттедж сатып алып, онда «мефедрон» өндіру бойынша толыққанды жасырын зертхана ашқан. Өнеркәсіп ауқымындағыдай өндірілген есірткі ірі партияларда Интернет желісінің «DarkNet» көлеңкелі сегментінде әрекет ететін ірі есірткі дүкендерінің өкілдеріне өткізіліп отырған. Бұл ретте, есірткі үшін төлемді басым көпшілігінде биткоиндармен алған», - деп жазды ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар