Краншының өлімі: Алматыда барлық құрылыс алаңындағы крандар тексеріледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы барлық құрылыс крандары тексеріледі. Бұл туралы Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі штаб отырысында қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыс барысында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев орынбасары Мұхит Әзірбаевтан құрылыс алаңында мерт болған құрылысшыға қатысты қайғылы бойынша қандай шара қабылданып жатқанын сұрады.

«Айдын күні аманда, ешқандай боран, жел жоқ. Құрылыс алаңында кран құлап, бір азамат мерт болды. Осыған байланысты қандай іс шараларды қолға алдыңыздар?», - деп сұрады Алматы әкімі.

Өз кезегінде Мұхит Әзірбаев арнайы жұмыс тобы құрылғанын жеткізді.

«Кеше жұмыс тобы құрылды, осы аптада қаладағы барлық крандарды тексереміз. Алдын ала болжам бойынша, техникалық ақау болған», - дейді ол.

Бақытжан Сағынтаев техникалық ақауларды краншы тудырмайтынын баса айтты.

«Оны комиссия анықтайды. Бірақ бұл, кран операторының қателігі деп ойламаймыз. Кранның тозуы немесе басқа да себептер болуы мүмкін. Бұл тексеру барысында анықталатын болады. Әзірге сараптаманың нәтижесі жоқ», - деп жауап берді Мұхит Әзірбаев.

Әкім орынбасарына бір апта ішінде құрылыс крандарын тексеріп, келесі аппарат кеңесінде атқарылған жұмыстарды баяндау тапсырылды.

Еске салайық, кеше Алматыда құрылыс алаңында кран құлап, бір адам мерт болды.


Соңғы жаңалықтар