Кристина Гаяк: Қазақстан-Испания қарым-қатынасы, пандемия әсері, туризм, саяси реформалар жайлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Испанияның бүгінгі қарым-қатынасы қандай және пандемия оған қалай әсер етті? Ынтымақтастықтың жаңа бағыттары бар ма? Екі ел арасында тікелей әуе рейстері қашан орнауы мүмкін? Бұл сауалдардың бәріне Испания Корольдігі Сыртқы істер, Еуропалық одақ және ынтымақтастық министрлігінің мемлекеттік хатшысы Кристина Гаяк ҚазАқпарат агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында жауап берді.

- Кристина Гаяк ханым, бүгінгі таңда Қазақстан мен Испания арасындағы ынтымақ қалай дамып жатқанын айта аласыз ба?

- Испания мен Қазақстанның ұзақ жылдарға жалғасып келе жатқан ынтымақтастық тарихы бар. Біз сенімді сауда-саттық және инвестициялық ынтымақтастық орната алдық. Сонымен қатар, Испанияға білім алу үшін, туристік және бизнес мақсатымен келетін Қазақстан азаматтарымен де жемісті қарым-қатынас орнаттық деп ойлаймын. Біздің ынтымақтастығымыздың жемісті тарихи жолы бар деуге болады.

Өкінішке қарай, соңғы бес жылда біздің саудадағы қатынастарымыз теңгерімсіз қалыпқа түсті. Халықаралық байланыстар қалпына келіп, экономиканың жаңа маңызды секторларының қалпына келуі аясында біз сауда байлнаысындағы теңгерімді өзгертіп, арадағы ынтымақ пен өзара байланысты тереңдете түсеміз деп үміттенемін.

- Коронавирус пандемиясы екі ел арасындағы тауар айналымы мен экономикадағы түрлі бағыттардың дамуына қаншалықты әсер етті?

- Иә, пандемия ынтымаққа айтарлықтай әсер етті. Сізге мысал келтірейін, пандемия басталардың алдында ғана Қазақстан мен Испания арасында тікелей әуе қатынасын орнату бойынша келіссөздер жүргізілген болатын. Пандемия сол жұмысты тоқтатып тастады. Дегенмен, тікелей рейстерді орнату мүмкіндігі біздің күн тәртібіміздегі басты мәселе болып қала береді.

Пандемия кезінде әуе қатынасын тоқтатып қана қойған жоқ, экспортты да төмендетті. Испания мұнай импорттауды жалғастыра береді. Пандемия мұнда жұмыс істейтін испаниялық компаниялардың қызметіне де әсер етті. Пандемиядан кейін біз жаңа секторларды ашып, жаңа бағыттарды таба алатынымызға нақты көз жеткізуіміз керек. Бұл – жасыл энергия, экологиялық көлік, сумен жабдықтау және санитария, аурухана құрылысы мен жабдықтары, цифрландыру, «ақылды» қалалар, сондай-ақ азық-түлікті қайта өңдеу және азық-түлік импорты сияқты халықаралық нарықтағы өте қызықты және бәсекеге қабілетті салалар.

Бізде теміржол, химия өнеркәсібі және сән саласында маңызды жобалар бар. Екіжақты іскерлік ынтымақты нығайту үшін осы аталған жобаларды бірге іске асырудың мүмкіндіктерін зерттегіміз келеді.

Екінші жағынан, біздің мәдени қатынастарымызды атап өткім келеді. Мысалы, Қазақстанда испан тілінде оқытуға сұраныс бар. Испания университеттеріндегі қазақстандық студенттердің саны артады деп үміттенемін. Қазақстандық университеттерде жұмыс істейтін өте жақсы испаниялық профессорлар бар. Қазір де бізде көптеген қазақстандық студент білім алуда және біз олардың санын көбейтуге мүдделіміз. Жалпы алғанда, екі ел арасындағы ынтымақ көптеген салаларды қамтиды. Біз Үкіметпен ынтымақтастық аясында қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуден үміттіміз.

- Сіз Испания мен Қазақстан арасындағы тікелей әуе қатынасы туралы айтып өттіңіз. Келіссөздер қашан аяқталуы мүмкін?

- Мен бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Бірақ жақын арада тікелей рейстер іске қосылады деп үміттенемін. Білесіз бе? Сіздерге ұшып келу үшін мен жол-жөнекей Франкфурт пен Ыстанбұлға аялдауға мәжбүр болдым. Әрине, сапар жақсы басталды, тек бұл тым ұзаққа созылды. Қайтар жолда мен тек Франкфуртке тоқтаймын. Тікелей рейстің пайда болуы жағдайды айтарлықтай өзгерте алады деп ойлаймын. Қазақстандық және испаниялық әуе компанияларының осы аса маңызды мәселе бойынша келісімге келуі үшін оларға қалай қолдау көрсетуге болатынын қарастырып жатырмыз.

- Қазір Қазақстанда қандай испаниялық компаниялар жұмыс істеп жүр?

- Қазақстанда біздің бірқатар компания жұмыс істейді. Атап айтсақ, теміржол саласындағы – Talgo кәсіпорны. Электрлі пойыздары мен трамвай жасау саласында тәжірибесі мол CAF компаниясы және бар. Алматыдағы жеңіл рельсті көлік инфрақұрылымымен байланысты жобаны ерекше атап өткім келеді. Бұл жоба бойынша жұмыс жалғасады. Испанияның ірі фирмалары авиация, химия өнеркәсібі, машина жасау, ақпараттық технологиялар, цифрландыру, тоқыма және сән индустриясы сияқты маңызды секторларда табысты жұмыс істеп келеді. Біз көптеген секторды қамтып отырмыз және ендігі мақсатымы – соларды бір арнаға тоғыстырып, жаңа бағыттарға жол ашу

- Испанияға баратын қазақстандықтардың саны жайлы мәлімет бар ма, пандемияға дейін және одан кейін қанша болды? Қазақстан азаматтарына берілетін визалардың саны қысқарды ма?

- 2018 жылы біз Қазақстан азаматтарына 13 000-ға жуық виза бердік. Ал 2019 жылы олардың саны 17 000-ға жетті. Байқағаныңыздай, айтарлықтай өсім бар. Өкінішке қарай, былтыр пандемия кезінде шектеу шараларына байланысты берілетін визалардың саны 80%-ға азайды. Жағдайды тезірек қалпына келтіреміз деп үміттенемін.

Қазақстандықтардың біздің жағажайларымызға, мәдени мұрамыз бен ұлттық тағамдарымызға құштар екенін, біздегі туристік инфрақұрылымды ұнататынын, жалпы Испанияда демалғанды жақсы көретінін білеміз. Біз Қазақстан азаматтарын демалушы туристердің санын көбейту үшін ғана емес, бизнес-ынтымақтастықтың аясын кеңейту үшін де елімізге қайтадан тартуға барынша күш саламыз. Экономикалық қатынастарымызды осы тұрғыдан тереңдете аламыз.

- Испанияда оқу мүмкіндіктері туралы айта аласыз ба? Қазақстан азаматтары арасында испаниялық жоғары оқу орындарында оқығанды жөн көретіндер көп екенін білетін шығарсыз?

- Жағдай қалыпқа келгенде біз сіздің елден студенттерді көптеп тартамыз деп үміттенемін. Шетелдік студенттер үшін тартымды саналатын инженерлік іс, бизнесті әкімшілендіру, медицина және биотехнология секторларының мамандарын дайындау жақсы жолға қойылған. Бұл салалар қазақстандық студенттер үшін де тартымды деп ойлаймын. Испанияда мемлекеттік және жекеменшік университеттердің сапалы желісі қалыптасқан. Сондай-ақ, олардың көпшілігі ағылшын тілінде білім береді. Мұндай оқу орындарына түсу үшін испан тілін білу дұрыс деп саналғанымен, міндетті емес.

- Пандемия мәселесіне қайта оралсақ, Испаниядағы эпидемиолгиялық ахуал қандай? Туризмнің бетаылсы жақсы ма? Жалпы, сіздің ойыңызша, пандемиядан кейін туризм саласы өзгере ме?

- Біз COVID-19 індетінің үш толқынынан өттік. Біз – пандемиядан зардап шеккен алғашқы еуропалық елдердің біріміз. Ең әуелі 2020 жылы наурыз айында көптеген елдер сақтық үшін ғана шекараларын жауып жатқанда, біз індеттің өршуінен көз ашпай жатқан едік.

Қазіргі таңда біз эпидемиологиялық жағдайдың екі себепке байланысты жақсарып келе жатқанын көріп отырмыз: басқару жөнге келді және вакциналау қарқынды жүріп жатыр. Испания вакциналауды өте жоғары қарқынмен жүргізуде. Тамыз айына қарай Испания халқының 70% -ын вакцинациялауды жоспарлап отырмыз.

Туризмге келетін болсақ, бұл сектор - сөзсіз маңызды. Испанияның ЖІӨ-дегі туризмнің үлесі –13%. Біз қазір белгілі бір дәліз құрылғанын, қауіпсіз туризм аймақтары пайда болып жатқанын көріп отырмыз. Атап айтсақ, туризмнің үлесі экономикада шамамен 40% болатын Канар және Балеар аралдарында туризм жаңа сипатпен дами бастады. Маусым-шілде айларында жағдай оңала түссе, туристерді көптеп тартуға дайын боламыз деп ойлаймын. Сондай-ақ, Еуропалық Одақ елдерімен жұмыс істеп жатрымыз. Мұндағы басты талап, туристердің санитарлық паспорттарында вакцина алғаны туралы ақпарат немесе ПТР-тест сынағының ескірмеген мәліметтері бар анықтама болуы керек.

Былтыр Испанияның кейбір аудандарында ішкі туризм айтарлықтай дамыды. Ал биыл шетелдік туристердің ағынын бұрынғы қалпына келтіруден үміттіміз. Бұл істі Еуропалық Одақ елдерінен бастауды жөн көріп отырмыз. Содан кейін иммундаудың жоғары деңгейін ұсынатын елдерге біртіндеп ашыла береміз. Бұл үлкен міндет және біз жеке сектормен, қонақ үйлермен және авиакомпаниялармен тығыз жұмыс істеп отырмыз. Кешеден бері Мадридте «Тhe International Tourism Fair» атты туризм саласындағы халықаралық іс-шара өтіп жатыр. Бұл шара негізі 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларында өтуі керек болған.

- Испаниялықтар Қазақстан туралы не біледі? Қазақстан мен Испания арасындағы мәдени ынтымақ қалай дамып жатыр? Нұр-Сұлтан қаласынан басқа өңірлерде испан тілінің орталықтары бар ма?

- Біз Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толғанын білеміз. Жас болса да мемлекеттеріңіздің беделі жоғары. Қазақстанның әлемдік саясаттағы рөлі де ерекше. Жеке инвесторлардың ел экономикасына үлес қосуы екіжақты қарым-қатынастарды серпінді дамытуда. Менің ойымша, Қазақстан бізден алыста жатса да, эмоциялық тұрғыда өте жақын. Ынтымақты одан әрі нығайту арқылы көп шаруа тындыруға болады деп ойлаймын. Сапар барысында «Астана Операны» тамашалап үлгердім. Испанияда да үлкен мәдени шаралар өтеді. Бізге осы мәдени қатынастар саласында да көп жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Қысқасы, екіжақты ынтымақтың әлеуеті зор.

Қазақстан қоғамында испан тілін үйренуге ниетті адамдарың саны артып келеді. Сондықтан осындағы университеттерде испан тілі оқытушыларының санын арттыруға күш салып жатырмыз.

Қазақстанда Сервантес институтын ашу жобасы бюджеттік себептер бойынша кейінге қалып отыр. Алайда, егер біз жеке сектордың тиісті демеушілік қолдауын тапсақ, онда бірнеше университетте «Aulas Cervantes» орталықтары іске қосылуы мүмкін. Олардың форматы шағын, дегенмен бұл испан тілін үйренудің және үйретудің жақсы тәсілі. Біз бұл жұмысты жақын арада бастай аламыз деп үміттенемін.

- Испания Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Қазақстандағы саяси реформаларды қалай бағалайды?

- Біз Қазақстандағы саяси реформаларды мұқият қадағалап отырмыз. Соның ішінде өлім жазасын жою туралы шешімді ерекше атап өтер едім. Испания да Қазақстан сияқты өлім жазасын жою жөніндегі халықаралық комиссияның құрамына кіреді. Екіншіден, біз әйелдер мен жастардың саяси өмірге қатынасу мүмкіндіктерін кеңейтуге қатысты реформа қолға алынғанын көріп отырмыз. Бұл - өте маңызды. Тағы бір оң шешім – Парламент сайлауына қатысушы партиялардың өту шегін 7%-дан 5%-ға дейін төмендетуге бағытталған нормалар. Сондай-ақ Азаптауларға қарсы күрестің ұлттық алдын алу тетігі бойынша жасалған реформаны да ерекше атап көрсетуге болады. Мемлекет басшылығының елді алға жылжытуға бағытталған шешімдері іргелі істермен бекіп жатыр деп есептеймін.

- Мазмұнды әңгімеңізге рақмет!


Соңғы жаңалықтар