ҚТЖ қырғызстандық әріптестеріне жүк тасымалы тарифінің қымбаттығы туралы хат жолдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қ. Өскенбаев «Меркі – Түрксіб – Қазақстан-Қырғыз шекарасы» учаскесі бойынша теміржол жүк тасымалдарын тарифтеуге қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еуразиялық экономикалық одақ шартының ережелеріне сәйкес, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумақтары бойынша жүктерді теміржолмен тасымалдауға арналған тарифтер біріздендірілген және тасымалдау қатынастарына (ішкі, экспорт немесе импорт) байланысты емес. «Кыргыз темир жолу» ҰК» МК теміржол компаниясының біріздендірілген тарифтерінің мөлшері «ҚТЖ» ҰК» АҚ тарифтерінен орта есеппен екі есе жоғары. «Бішкек – Түрксіб (Луговая)» теміржол желісі, оның ішінде «Мерке – Түрксіб» учаскесі Қырғыз теміржолының құрамында және «Бішкек – Түрксіб» теміржолы арқылы жүк тасымалдау ақысын «Кыргыз темир жолу» ҰК» МК компаниясы алады», - деп жазды Қ. Өскенбаев өз жауабында .

Оның айтуынша, 1997 жылы 8 сәуірде Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасында теміржол көлігі кәсіпорындарының, мекемелері мен ұйымдарының қызметін құқықтық реттеудің ерекшеліктері туралы келісімге қол қойылды. Келісімнің №2 қосымшасына сәйкес «Бішкек – Түрксіб» теміржолы шегінде, атап айтқанда «Меркі – Түрксіб» учаскесі бойынша жүктерді тасымалдау үшін төлемақы ҚР аумағында қолданылатын тарифтер бойынша, яғни ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті бекіткен тарифтер бойынша алынуы тиіс. Егер «Қырғыз темір жол» ҰК» МК «Мерке – Түрксіб» учаскесінде жүктерді тасымалдау кезінде өзінің біріздендірілген тарифтерін қолданса, онда бұл келісімнің ережелеріне қайшы келеді.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ ақпараты бойынша, биылғы 11 наурызда «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Кыргыз темир жолу» ҰК» МК-ға келісім шеңберінде Қырғызстан темір жолдарының құрамына кіретін Бішкек – Түрксіб желісінің «Қайыңды станциясы-Түрксіб станциясы» учаскесі бойынша жүктерді тасымалдау кезінде тарифтердің қолданылуын түсіндіру туралы хат жолдады. «Кыргыз темир жолу» ҰК» МК жұмыс қорытындысы бойынша ақпарат қосымша ұсынылатын болады», - дейді Индустрия министрі.


Соңғы жаңалықтар