Қуаңшылықта Маңғыстау мен Қызылорда облыстарына қандай көмек көрсетілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерге қандай көмек көрсетілгенін баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің батысы мен оңтүстігінде қатты сезілген қуаңшылықтан кейінгі жағдайға қандай баға бересіздер? Келесі жылы мұндай жайт болмауы үшін қандай жоспар құрылып, алдын алу жұмыстары жүріп жатыр?», - деген сұрақ қойылды министрге Орталық коммуникациялар қызметінде.

«Расында да биылғы көктем-жазда екі өңірге оңай болған жоқ, мал азығының тапшылығының себебі – қыста қар болмай, көктемде жауын болмай, шөптің аз болуы. Сол себепті біз биыл оперативтік штаб құрып, министрлік тарапынан сол штабты тұрақты түрде өткіздік, біраз жұмыс атқарылды. Бүгінгі күні республика бойынша 23,9 млн тонна пішен әзірленді немесе жоспардың 100 пайызы дайындалды, 1,6 млн тонна пішендеме, 1,4 млн тонна сүрлем және сабан мен құнарландырылған азықтар да әзірленіп жатыр», - деп жауап берді Е. Қарашөкеев.

Министрдің айтуынша, Маңғыстау өңірі бойынша ауыл шаруашылығы малдарын қыстату үшін 77 мың тонна пішен және 53 мың тонна құнарлы азық қажет.

«Оны дайындау үшін жоспар құрылды, жоспар бойынша 75 пайыз пішен, 55 пайыз құнарлы азық дайындалды. Сол себепті мемлекет, үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінген еді, сол қаражаттан 1,9 млрд теңге – арнайы Маңғыстау облысына бөлінді. Осы 14 қазандағы жағдай бойынша, сол 1,9 млрд теңгенің 1,2 млрд теңгесі игерілді. Бүгінгі таңда 790 шаруа қожалығына, 7 мыңға жуық жеке-қосалқы шаруашылықтарға осы көмек төленді», - деп түсіндірді спикер.

Ал Қызылорда облысына Үкімет резервінен 1,7 млрд теңге бөлінді, қазіргі уақытта бұл қаражат 100 пайыз игеріліп, 1100 шаруа қожалығына көмек төленді.

«Одан басқа Маңғыстау өңірінде «Каспий» ӘКК арқылы жергілікті бюджеттен де қаражат бөлініп жатыр. Ол пішен мен құнарлы жем дайындауға жұмсалып, күздің аяғына дейін жем-шөп толық көлемде дайындалады деп жергілікті әкімдік ақпарат берді. Құрғақшылықтан зардап шеккен шаруаларға ақшадан да басқа көмек көрсетілген болатын. Біріншіден, фермерлердің алған несиелерін ұзарту жұмысы жүргізілді, теміржол мен азық-түлік тасу үшін қолданылатын тарифтер 77 пайызға арзандатылды, ол тариф қазір де жұмыс істеп тұр. Басқа өңірлерден де Маңғыстау облысына жеңілдетілген тариф арқасында біраз жем-шөп тасылып жатыр», - деді министр.

Стратегиялық сипаттағы шаралар бойынша, министрлік мал азығын өндірісі саласын дамыту бойынша арнайы жол картасын әзірлеген.

«Жол картасының негізі сәттері – біріншіден, алаңдарды және тиісінше азық дақылдарын өндіру көлемін ұлғайту. Екіншіден, әрбір ауыл шаруашылығы дақылдарын, егіс алаңдарын әртараптандыру жоспарын жасау, ол жоспардың орындалуын әкімдіктермен бірлесіп өзіміз қадағалаймыз. Жеңілдетілген кредит беру және инвестициялық субсидиялар арқылы жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құруды ынталандыру, оған да қаражат бөлінетін болады. Жайылым айналымдарын енгізу және сақтау, тамырын және үстіңді бетін жақсарту есебінен жайылымдардың өнімділігін арттыру, бұл да – жол картасының маңызды бағыты.

Ірі астық өндірушілердің ірі тұтынушыларға, қоспа жем зауыттарын және басқа да кәсіпорындарды жем мен астықтың бір бөлігін міндетті түрде сатуы нормасын енгізейін деп отырмыз. Себебі жем-шөптің өнім көлемі ішкі нарыққа да түсуі керек. Бұл шаралар түптеп келгенде мал шаруашылығын дамыту тұрақтылығын арттыруға және осы саланың күн райы ауытқуларының тәуелдігін барынша төмендетуге ықпал етеді. Өзіміз де келесі жылы қиын болмайды деп сеніп отырмыз. Стратегиялық және қазіргі уақытта қажет шаралардың бәрін атқарып жатырмыз», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.


Соңғы жаңалықтар