Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау: Қарағанды облысында қанша құжат құпиясыздандырылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов құпиясыздандыруға жататын құжаттар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бүгін қуғын-сүргіннен зардап шегіп құрбан болған кулактар, байлар, жартылай феодалдар (орта шаруалар) және шаруалар туралы зерттеу, оған қорытынды және ұсынымдар дайындау жөнінде тәжірибе бөлісуге арналған онлайн-семинар өтті.

Семинар жұмысына Алматы, Шымкен қалалары, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Қарағанды, Түркістан облыстарындағы өңірлік комиссиялардың Жұмыс топтарының жетекшілері мен мүшелері, ғалым-сарапшылар қатысты.

«Қарағанды өңірі өзге елді-мекеннен жер аударылып, қуғын-сүргінге ұшыраған сан мыңдаған адамдар паналаған қасиетті өлкенің бірі. Облыс аумағында қасіретке толы КАРЛАГ, Степлаг секілді ГУЛАГ жүйесінің бірнеше ірі лагерлері болғанын атап өткен жөн. Кеңестік дәуірдегі солақай саясаттың кесірінен және зұлмат жылдары жазықсыз жапа шегіп, құрбан болғандарды еске алу, есімдерін ұлықтау жұмыстары Қарағанды облысында осы күнге дейін түрлі бағыттарда ұйымдастырылып келді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау және тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру бағытындағы Мемлекеттік әрі өңірлік комиссялардың қызметі жоғарыда аталған салаларға жаңа серпін береді деген ойдамыз», - деп тоқталды облыс әкімінің орынбасары.

Осы орайда ол жыл басынан бері Қарағанды облысындағы өңірлік комиссиясы тарапынан атқарылған жұмыстармен таныстырды.

«Өңірлік комиссия құрамы Жобалық кеңсе жіберген Нұсқаулыққа сәйкес жаңартылып және аймақтағы өңірлік ғылыми-сарапшылар әлеуеті тартылды. Қазіргі уақытта өңірлік комиссияның үш отырысы, жұмыс топтарының екі отырысы өтті. Жобалық кеңсенің 2021 жылғы маусым айындағы арнайы тапсырмасына сәйкес, бастапқы жұмыс топтарының орнына жаңадан 7 бағыт бойынша тақырыптық Жұмыс топтары құрылды», - деді А. Нүкенов.

Сондай-ақ, А.Нүкенов қазіргі уақытта құқықтық статистика және арнайы есепке алу Басқармасының ведомостволық мұрағатында 180 мыңнан астам мұрағаттық істер сақталғанын хабарлады. Оған қоса, мәжбүрлеп қоныс аударылғандар, жер аударылғандар және басқа категориялар бойынша 61 624-і құпиясыздандырылған, қалған 118 546-сы құпиясыздандыруға жатады. Абзал Нүкеновтың сөзіне қарағанда, Мемлекеттік комиссия және Өңірлік комиссияның Жұмыс топтары қызметі туралы өткізілген шараға Бұқаралық-ақпараттық желілер мен әлеуметтік жарияланымдарда кеңінен ұйымдастырылып жатыр.


Соңғы жаңалықтар