Құмар Ақсақалов жолаушылар тасымалындағы көлеңкелі бизнеспен қалай күреспек

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласының автопарктері жолаушылар ағынын үш есеге дейін азайтып көрсеткен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

СҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Петропавлда қоғамдық тасымалмен айналысатын кәсіпорындар жолаушылар санын 3 есеге дейін азайтып көрсетіп келген. Бұл, арнайы тексерістің нәтижесінде белгілі болды. Жергілікті билік қала тұрғындары көп қолданатын және керісінше, сұранысы аз екі автобус бағытына мониторинг жүргізді. Рейд жұмыс күндері ұйымдастырылған. Тасымалдаушылардың күніне 2 мың адам қатынайтыны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтын болып шықты. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың пікірінше, көлеңкелі экономикамен айналысатындарды әшкерелеуде цифрландырудың берері мол.

«Электрондық билеттер мәселені шеше алады. Осының арқасында нақты жолаушылардың санын біліп, көлеңкелі кірісті жоя аламыз. Цифрландырумен қатар, автобус паркін де жаңарту керек. Келесі жылы 100 жаңа автобусты сатып алуды жоспарлап отырмыз. Қазір бұл мәселені шешудің амалдарын қарастырып жатырмыз», - деді Құмар Ақсақалов.

Қазіргі уақытта облыс орталығында қоғамдық көліктер 24 бағыт бойынша жүреді. Жолаушылар тасымалына 280 автобус тартылған. Олардың қозғалысын мобильдік қосымшаны пайдалана отырып, GPS-навигация арқылы бақылауға болады. 29 аялдама павильоны қоғамдық көліктің бағытын және жүру кестесін көрсететін электрондық тақтамен қамтылды. 2, 4А, 4Т, 14 және 25М бағыттарындағы 60 автобуста QR-код арқылы электрондық түрде жол ақысын төлеуге мүмкіндік бар.

Ал жергілікті билік қазір қалған автобус бағыттарын тексеріп, жолаушылардың нақты санын анықтап жатыр.

Соңғы жаңалықтар