Құрбан айт-2021: Қайда, қалай, қашан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы карантин жағдайындағы Құрбан айт қарсаңында ең өзекті сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Баршаңызды күллі исі мұсылман баласы асыға күтетін ұлық мейрам – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын! Айттарыңыз қабыл болсын! Сіздерге Алладан амандық, мықты саулық, мол ырыс пен бақ-береке тілеймін!», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.


Құрбан айт намазы қалай оқылады

Бас мүфтидің айтуынша, ислам дінінде зұлхижжа айының алғашқы 10 күні қасиетті күндер саналады. Хижри жыл санауы бойынша 1442 жылдың зұлхижжа айы 11 шілде күні басталды. Ал арапа күні 19 шілдеге сәйкес келеді. 20 шілде – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні.

«Биылғы 20 шілде күні республика аумағында таңғы сағат 7.00-де қатаң санитарлық норма талаптарын сақтай отырып, «сары», «жасыл» аймақтарда 10 минуттық Құрбан айт намазы оқылады. Дегенмен, «қызыл» аймақта Құрбан айт намазын оқу жергілікті санитарлық мемлекеттік бас дәрігердің Қаулысына сәйкес жүзеге асырылады. Осы орайда, Құрбан айт намазын өткізу бойынша ҚМДБ-ның өкіл имамдары жергілікті бас санитарлық дәрігерлермен бірлесіп, арнайы брифингтер өткізетін болады. Жамағаттан қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды, айт намазы біткен сәтте мешіт ауласында ұзақ тұрақтамауды сұраймыз», - дейді Бас мүфти.



Жағдайы төмен мұсылманға құрбан шалу міндет емес

«Ханафи мәзһабында Құрбан айт күндері бай адамға құрбан шалу – уәжіп яғни міндет. Шариғатымыз бойынша «бай» деп мал-дүниесі нысап мөлшеріне жеткен адамға айтылады. Нысап мөлшері – 40 қой немес 40 ешкі, яки 30 ірі қара немесе 5 түйе. Ол да болмаса қажеттілігінен артық 85 грамм алтын яғни 1 230 000 теңге қаражат – нысап мөлшері. Мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетпеген, яғни жағдайы төмен мұсылманға құрбан шалу міндет емес», - деп түсіндірді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфтидің айтуынша, айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс.

«Құрбандық етін мұқтаж жандарға үлестіру арқылы мұсылмандар арасында махаббат пен сүйіспеншілік артады. Сонымен қатар өзінің бойындағы қатыгездік, сараңдық сынды сипаттардан арылып, оны мейірімділік, жомарттық, кішіпейілдік қасиеттерге ауыстырады. Алла Тағала шалған құрбандығымызды, берген садақамызды қабыл етіп, екі дүние игілігін нәсіп еткей!», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Жұт жағдайында құрбандық шалуға тыйым салына ма?


«Шопан ата» қойшылар қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев құрбандық шалмауды, мал басын сақтап қалуды және зардап шеккен өңірлерге көмектесуді ұсынған еді. Бұған не айтасыз?», - деген сұрақ қойылды басқарма өкілдеріне.

Бас мүфтидің айтуынша, діни басқармаға мұндай ұсыныстар бірнеше адам тарапынан айтылған.

«Дегенмен, шариғат ережелерден, талаптардан тұратыны баршамызға белгілі. Алла тағала қасиетті Құранда Кәусар сүресінде «Алла үшін намаз оқы және құрбандық шал» дейді. Осы аяттағы бұйрық жағдайы келген әрбір мұсылманға құрбандық шалуды міндеттейді. Және Пайғамбарымыз с.ғ.с. «Жағдайы келе тұра құрбандық шалмаған адамдар біздің намаз оқитын орнымызға жақындамасын» дейді. Яғни, бұл талаптар жағдайы бар адамдарға құрбандық шалудың міндет екенін көрсетіп тұр», - деп жауап берді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сонымен бірге, Бас мүфти ислам дініндегі көп мерекелерде халыққа көмек көрсетілетінін атап өтті.

«Құрбандық малының да бір бөлігі мұқтаж жандарға беріледі. Тіпті толықтай беруге де шариғатымыз рұқсат етеді. Егер бір кісі құрбан шалса, сол малдың етін толығымен мұқтаждарға беріңіздер дей алады. Біз осы салада көп жыл жұмыс істедік және көрген тәжірибемізде көп адамдар құрбандық уақыты жақындағанда мешіттерге келіп, тізімге тіркеліп, көмек алады. Қарттар және балалар үйлері де өздері хабарласып, Құрбан айтта бір жылға жететін ет жинайды. Оларды тоңазытқышта сақтап, келесі жылға дейін пайдаланады. Яғни бұл жерде көрегніміз осы құрбандықтың өзі қайырымдылық ретінде елімізге үлкен көмек болып келді.

ҚМДБ жұт болып жатқан жерлерде шама-шарқынша көмек қолын созып жатыр. Үкіметтен де қаражат бөлініп жатыр және бұл мәселе шешіледі деп үміттенеміз. Сондықтан, ұсыныс жасап жатқандарға рахмет, шариғаттың талап еткен шарттарын мүфтилер немесе ғалымдар өзгерте алмайды. Былтыр да, биыл да індет жағдайында құрбандық шалуға және үлестіруге жетіліп келе жатырмыз. Алла тағала ниетімізді қабыл етсін», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.


Құрбандық шалудың екі жолы бар

Бірінші жолы: мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып «сары» және «жасыл» аймақтарда онлайн және офлайн форматта өткізу.

Екінші жолы: еліміздің «қызыл» аймақтарында пандемия жағдайында өткен жылдың тәжірибесін қолданып, құрбан шалу рәсімін шариғаттағы «өкілдік» қағидасына сәйкес qurban2021.kz сайты арқылы тек онлайн режимде жүзеге асыру.

Бас мүфтидің айтуынша, qurban2021.kz сайты бүгін сағат 15:00-де іске қосылып, Құрбан айттың үшінші күні яғни 22-ші шілдеге дейін жұмыс істейді. Құрбан шалуға ниет еткен азаматтар осы аралықта тапсырыстарын бере алады.

qurban2021.kz сайты арқылы республика бойынша мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін 17 шілдеден бастап өтініш білдіре алады. Мұқтаж отбасылардың өтініштерін қабылдау, сараптау және құрбандық еттерін жеткізіп беру жұмыстарымен ҚМДБ-ның жергілікті өкілдіктері және еріктілер айналысады.

«Ауылдық жерде жеке тұрғын үйде тұратын әр адамның мұсылмандық міндетін атқаруына ҚМДБ тарапынан ешқандай шектеу жоқ екенін жеткіземіз», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.


Қасапханалар «Аshyq» қосымшасымен жұмыс істейді


«Сары» және «жасыл» аймақтағы құрбандық шалатын арнайы орындарда азаматтардың денсаулығына ерекше көңіл бөлу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Аshyq» мобильді қосымшасы іске қосылады. Атап айтқанда, «қызыл» және «сары» мәртебесі бар азаматтар құрбандық шалу орындарына жіберілмейді, «көк», «жасыл» мәртебесі бар азаматтар ғана жіберіледі», - деді ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар.

Осы ретте, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, облыстардың әкімдіктері Ішкі істер, денсаулық сақтау министрліктері, ҚМДБ-мен бірлесіп, еліміздің өңірлерінде «Аshyq» мобильді қосымшасы аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

«Қасапханаға маска тағып, арақашықтық сақтап, дене қызуы бар адамдардың жақындауына жол бермеуге тиіспіз. Жасы 65-тен асқан қариялар, әйелдер мен балалардың барынша құрбан малын шалатын орындарға баруын шектеуге шақырамыз. Қазіргі уақытта қасапханаға қойылатын тәртіп жоғары. Оны ұдайы бақылап, келушілермен арадағы байланысқа жіті мән беруіміз керек. Ең бастысы малды шариғат талаптарына сәйкес бауыздап, сойылуын қатаң қадағалау қажет», - деді Ершат Оңғар.


Құрбандық шалатын орындарға бару үшін алдын ала жазылу қажет. 20 шілде күні сағат 7:20 дан бастап «сары», «жасыл» аймақтағы өңірлерде алдын ала жазылған тұлғалар белгіленген уақытта арнайы қасапханада құрбан шалады, әрбір адамға 1 сағат уақыттан беріледі.


Қасапхана мен қасапшыға қандай талаптар қойылады


«Қасапханаға міндетті түрде бетперде тағып кіріп, антисептик заттарын барынша пайдалану керек. Арақашықтықты қатаң сақтау, бір-бірімен қол алыспау, дене қызуы 37 градустан жоғары, тұмау және басқа да ауру белгілері бар адамдарға келмеу және жасы 65-тен асқан қариялардың, әйелдер мен балалардың құрбан малын шалатын орындарға бармауы сұралады», - деді Ершат Оңғар.

Спикердің айтуынша, қасапшы мұсылман болуы керек, кәмелетке толған, физикалық және психикалық тұрғыда сау, мал союды жақсы меңгерген болуы қажет.

«Сойылатын жерге малды қинамай апару керек. Пышақты мал алдында қайрауға, өтпес пышақпен союға, бір малдың көзінше басқа бір малды бауыздауға болмайды. Малды құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызып, екі алдыңғы аяғы мен бір артқы аяғын қоса байлау керек. Бірден өңештің екі күретамырын кесіп, жаны шыққанын күту керек. Жаны шықпай тұрып, терісін алмаңыздар. Сойылған малдың терісі мен ішек-қарнын аяқасты етпей, барынша қолдануы шарт», - деп түсіндірді наиб мүфти.

Қасапханаға келетін адамдардың дене қызуын өлшенеді, антисептик пен маска қойылады.

«Қасапханаға толымдығын 30 пайыздан асырмай, кемінде 1 метр ара қашықтықты білдіретін сызықтар сызу қажет. Ақпарат тақтасын жасау немесе қабырғаға қажетті мәліметті ілу, қауіпсіздік ережелерімен танысу және мал сойылатын жерлердің таза болуы да талап етіледі», - дейді Ершат Оңғар.

Шариғат вакциналауға қарсы емес – Бас мүфти

Брифинг соңында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мешіттерге «Аshyq» жүйесін енгізуді қолдайтынын білдірді.

«Қазіргі уақытта біздің тәжірибемізде ашық жүйесі енгізілген жоқ. Дегенмен, біз оған дайын екенімізді Денсаулық сақтау министрлігіне хабардар еттік. Егер де мешіттерге ашық жүйесі қойылса, біз оны қолдаймыз және жамағатпен жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіземіз. Әрине, біз үшін ең бастысы – елдің, халықтың амандығы, денсаулығы», - деп жауап берді Наурызбай қажы Тағанұлы тілші сұрағына.

Сонымен бірге, мешіт имамдары алғашқылардың бірі болып коронавирусқа қарсы вакцина ала бастаған.

«Жалпы шариғат вакциналауға қарсы емес. Ерікті түрде қалаған адам екпе салдыра алады. Алла тағала қасиетті Құранда «Өз қолдарыңмен өз жандарыңа, денсаулықтарыңа зиян жеткізбеңдер» дейді. Сондықтан, ҚМДБ қарасты көптеген имамдарымыз вакцина алғашқы шыққан сәттен бастап қабылдады. Ал орталық аппаратқа келсек, діни басқарма қызметкерлерінің 90 пайызға жуығы вакцина алып үлгерді. Шариғат ел амандығы үшін, адамның амандығы үшін соған үндейді, насихаттайды», - деді Бас мүфти.








Соңғы жаңалықтар