Күріш алқабы қысқарып, мақта алаңы кеңейеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның оңтүстік облыстарында егіс жұмыстары аяқталып келеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылғы вегетациялық кезең оңай болмағаны белгілі, биыл да жекелеген өңірлер бойынша өткен жылғы сценарий қайталану қаупі сақталуда. Әкімдіктердің деректеріне сәйкес, биыл суармалы жердегі жоспарланып отырған егіс алаңы 1,5 млн гектарды құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 39 мың гектарға яғни 2,6%-ға төмен», - деді Ауыл шаруашылығы министрі Үкіметтің отырысында.

Бұл ретте, министр егіс алаңдарының түпкілікті көлемі егіс жұмыстары аяқталған соң нақтыланатынын атап өтті.

«Қазіргі кезде оңтүстік облыстардың суармалы жерлердегі егіс жұмыстары аяқталуда – Жамбыл облысында толық аяқталды, ал басқа өңірлерде әлі жалғасып жатыр. Суармалы егіншілікпен айналысатын фермерлер көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге, тұқымға, минералды тыңайтқыштарға, гербицидтерге берілетін субсидиялар, жеңілдікті жанар-жағар материалы және кредит беру секілді тиісті мемлекеттік қолдау шараларын алуда. 1 млн 122 мың гектар аумақ жер бетімен суарылады, 87,6 мың гектар – негізінен жаппай су алдыру әдісімен суарылатын күріш алқаптары, ал егіс алаңының 277,6 мың гектарына заманауи тамшылатып немесе жаңбырлатып суару әдістері пайдаланылады. Павлодар, Жамбыл, Түркістан, Қарағанды, Алматы облыстарында су үнемдеу технологияларын қолдану пайызы жоғары», - деді Е. Қарашөкеев.

Суды көп қажет ететін дақылдарды әртараптандыру да жалғасуда, осыған байланысты күріш алқабы 2021 жылмен салыстырғанда 8,7 мың гектарға азаюы мүмкін.

«Бұл ретте монодақыл – мақта алаңының 5 мың гектарға өсуі күтілген болатын, алайда бүгінде бұл көрсеткіш 9 мыңнан асты. Бұған тоннасына 350 мың теңге жоғары сатып алу бағасы ықпал етті, бұл баға 2020 жылы 130 мың теңге болды, яғни 220 мың теңгеге өсті. Суды көп қажет ететін дақылдар алаңдарын әртараптандыру жұмысы министрліктің және облыстар әкімдіктерінің тұрақты бақылауында тұр», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.


Соңғы жаңалықтар