КВИ-мен күрес: QazVac вакцинасын алғандардың пікірі қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы 26 сәуірден халықты QazVac-пен вакцинациялау басталды. Осы 10 күнге жуық мерзімде ел өңірлерінде отандық вакцинаны егу жұмыстары жүріп жатыр.

Айта кетейік, 22 cәуір күні COVID-19-ға қарсы қазақстандық QazVac (QazCovid-in) вакцинасының алғашқы партиясы жөнелтілді. QazVac вакцинасының алғашқы 50 мың дозасы «СҚ-Фармацияның» хабтарына таратылып, одан әрі еліміздің барлық өңірлеріндегі денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларына жеткізілді. Бұдан әрі вакцина өндірісі кезең-кезеңмен айына 500-600 мың дозаға дейін ұлғайтылады.

Қазақстандық вакцинаның ғылыми атауы - QazCovid-in, оның тауарлық атауы – QazVac.

«Вакцинаның алғашқы партиясы Биологиялық қауіпсіздік мәселелер жөніндегі институтта 50 мың дозамен өндірілді. Институтымыз вакцинаны дербес өндіруге мүмкіндігі бар. Қазақстанда өндірілген дозалар барлық өңірлерге жіберілді. Мұнан ары өндірісті ұлғайта түсу үшін түрлі алаңдарды қарастырып жатырмыз. Бұл - түрік серіктестеріміздің алаңы. Сонымен Гвардейскийде өзіміздің зауытты салу үстіндеміз. Қазір ол мұнан ары іске қосу үшін құрал-жабдықтарын орнатудың барлық кезеңінен өтіп жатыр», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой тікелей эфирде QazCOVID-in вакцинасын алғаннан кейін.

Сонымен қатар, мамыр айында 50 мың доза көлеміндегі вакцинаның кезекті партиясын шығару жоспарланып отыр. Осы орайда отандық вакцинаның салдырған азаматтардың пікірін көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.

Бүгін әлеуметтік желіде Жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан отандық вакцинаны салдырғанын жазды.

«Мен өзіміздің Қазақстандық ғалымдарды қолдаймын және сенемін! QazVac-ты салғыздым. Астанада Әбу-Даби ғимаратында салып жатыр, 2-ші қабатында. Кезек жоқ, 10 мин ішінде салып жіберді. Тағы 30 мин отырасың, кетесің», - деді М. Тайжан.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек те отандық ғалымдардың өнімін ектіргенін мәлім етті.

«Бүгін отандық QazCovid-in (QazVac) вакцинасын салдырдым. Біздің еліміз коронавирусқа қарсы өз вакцинасын шығарған әлемнің 5 елінің бірі болды. Жамбыл облысы Қордай ауданында жасалған вакцина қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлеріне жеткізілді. Біз бұл ауруды тек жаппай вакцинация жүргізу арқылы қана жеңеміз! Бүгінгінің батыры дәрігерлерімізге шын жүректен тағы да алғыс айтқым келеді! Ел аман, жұрт тыныш болсын!», - деп жазды әкім орынбасары Facebook-тегі парақшасында.

Сонымен қатар Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова отандық вакцинаның таңдағанын әлеуметтік желіде жазды.

«Отбасымды ойлағандықтан «QazVac» вакцинасын салдырдым. Қазір жағдайым жақсы, ешбір ауырсыну белгілері болған жоқ. Дәрігерлер үш күнге дейін денсаулығымды бақылауды ұстайтындығын ескертті. Енді 21 күннен кейін вакцинаның екінші дозасын салдырамын. Біздің жұмысымыз халықпен тығыз байланысты. Қызмет бабына байланысты түрлі жерлерге барып, адамдармен жолығуға тура келеді. Сондықтан індет жұқтырмау үшін осындай қадамға бардым. Үйдегі үлкендеріміз де екпе салдырды. Біз кәсіби мамандарға сенеміз. Екпеден қорқудың қажеті жоқ деп санаймын. Өз денсаулығымыз үшін шешім қабылдауымыз қажет», - деді М. Қазбекова.

Түркістан облысы Созақ ауданы Шу ауылдық округінің әкімі Данияр Досымбеков отандық ғалымдардың үлкен жетістігі болып саналатын QazVac вакцинасының бірінші компонентімен егілгенін айтты.

«Жалпы жағдайым жақсы, ешқандай кері әсер болған жоқ. Баршаңызды өз отбасыларыңызды, жақындарыңызды қорғау үшін екпе ектіруге шақырамын. Вакцинация індетті жеңуге септігін тигізетін бірден-бір құрал екенін ғылым мен уақыт талай дәлелдеген. Вакцинацалардың тиімділігі мен қауіпсіздігі мұқият бақылау мен тәжірибеден өткендігін атай отырып, Қазақстан халқын иммундауға Сіздердің де атсалысуларыңыз қажет екендігін еске салғым келеді», - деп жазды әкім әлеуметтік желіде.

Бұған дейін хабарланғандай, былтыр жазда ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, 2020 жылы желтоқсан айында ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Карин, өткен жылдың соңында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры Талғат Нұрғожин отандық вакцинаны салдырған еді.

Ал биыл 26 сәуірде Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы отандық вакцинаны ектірген болатын.

Жақында елордадағы № 9 емханада ҚР Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова КВИ-ға қарсы қазақстандық QazCovid-in (QazVac) вакцинасын салдырды.

«Ұжымдық иммунитетті қамтамасыз ету үшін бізде халықтың 60% вакцинациялануы керек. Тек осылай ғана вирустың айналымын тоқтатуға болады», - деді комитет басшысы.

Еске сала кетейік, ақпан айында тәуекел тобын қоса алғанда түрлі жас санатындағы 3 мың еріктіге клиникалық сынақтың ІІІ сатысы өткізіліп жатқаны хабарланған еді.

Таяуда Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария QazVac отандық вакцинасы клиникалық сынағының 3-сатысы қашан аяқталатынын айтты.

«Қазіргі уақытта дүниежүзінде клиникалық сынақтың 1, 2 және 3-сатысынан өтіп жатқан вакциналарды «кандидаттық вакциналар» деп атайды. Олардың саны 200-ден асады. Соның ішінде біздің вакцинамыз 14-ші болып клиникалық зерттеуге шықты және әлемде 5-ші болып адамдарға егуге рұқсат алды», - деді ғалым.

Оның айтуынша, әлемде әзірленіп, пайдалануға берілген вакциналардың ешқайсысы клиникалық сынақтың үшінші сатысынан өтпеген.

«Зерттеулер әлі жалғасып жатыр. Біреулері клиникалық сынақтың 3-сатысына енді шығады. Мысалы, «Спутника V» осы жылдың мамыр айында клиникалық сынақтың 3-сатысынан толық өтеді. Ал QazVac вакцинамызға осы жылдың шілде айында клиникалық сынақтың 3-сатысы аяқталады. Сол уақытта өзіміздің зерттеулердің толық нәтижесін аламыз»,- деді Күнсұлу Закария.


Соңғы жаңалықтар