Қырғызстан және Ресеймен шекарада тепловизорлар неге қойылмады - Біртанов түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан-Қырғызстан және Қазақстан-Ресей шекарасын көлікпен кесіп өтетін адамдардың дене қызуы тепловизордың көмегімен тексерілмейді. Оның себебін Үкімет отырысынан кейін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ЕАЭО шартына сәйкес біз Қырғызстанмен және Ресеймен шекараны бақыламаймыз. Ол жерде тек шекарашылар ғана бар. Қырғызстан да, Ресей де қолайсыз елдерге жатпайды. Сондықтан шекарада күшейтілген санитарлық бақылау керек емес. Ол жерде кедендік және шекаралық бақылау ғана бар. Біз ЕАЭО аясында бірыңғай кедендік аймақта болғандықтан санитарлық бақылау енгізудің қажеті жоқ. ЕАЭО шартына сәйкес, біз ақпарат алмасып, шекараны бірге бақылаймыз. Тепловизормен тексеру - қажетсіз», - деп түсіндірді министр.

Жалпы, оның айтуынша, елімізде стаицонарлық және жылжымалы тепловизорлар бар. Олар адамда дене қызуы бар не жоқ екендігін көрсетеді. Яғни, тепловизор сапарлап келген дене қызуы бар жолаушыны анықтауға мүмкіндік береді.

«Біз Қытайдан келген барлық пациенттерге бақылау жүргізудеміз. Өздеріңіз де білетіндей, осы уақыттың ішінде Қытайдан Қазақстанға шамамен 30 мың адам келді. 29 мыңы Қазақстан азаматтары . Олардың барлығы да мониторингленуде. Соңғы 14 күнде Қытайдан шамамен 10 мың адам келген. Біз оларды тұрғылықты жерлері бойынша тексереміз. Олардың 9 мыңымен байланыс орнатылған, бақылауда ұстап отырмыз. Негізгі міндет - сырттан инфекцияның және науқастың кіруіне жол бермеу. Бірақ, мұны 100 пайыз қамтамасыз ете алмаймыз. Мұндай науқастар анықталған елдердің саны күннен күнге артып келе жатқанын көріп отырмыз. Екінші міндет - байланыста болған адамдарды, әлеуетті қаупі бар тұлғаларды жіті бақылауда ұстау», - деді Елжан Біртанов.


Соңғы жаңалықтар