Қысқы Паралимпиада-2022: Қола жүлдегер Александр Герлиц жайлы не білеміз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2022 жылғы XIII қысқы Паралимпиада ойындарында пара биатлоннан түрегеп сырғанауда қола жүлде алған Александр Герлиц жайлы не білеміз?

Бұл жөнінде ҚазАқпарат тілшісі спортшы туралы деректерге көз жүгіртіп көрді.

Қазақстандық спортшы парабиатлоннан 10 шақырымға түрегеп сырғанауда мәре сызығын үшінші болып қиып, еліміздің атынан биылғы бәсекеде жүлдеге қол жеткізген алғашқы спортшы атанды.

Аталған жарыста алтын медаль канадалық Марк Арендзге бұйырса, күміс жүлдені украиналық Григорий Вовчинский алды.

Александр Герлиц 1989 жылдың 31 шілдесінде Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданында дүниеге келді.

2011 жылы жол апатына түсіп, оған үшінші топтағы мүгедектік тағайындалды. 2014 жылдан бастап ол Иван және Мария Дробязко сынды бапкерлердің жетекшілігімен шаңғы спортының қыр-сырына қанықты. Әкесі Александр Александрович Герлиц баласының әрдайым спортпен айналысуына көңіл бөлді.

Алғаш рет ол 2018 жылғы Паралимпиада ойындарына қатысты.

Сондай-ақ, бүгін пара биатлоннан отырып сырғанауда Сергей Усольцев 14, Ербол Хамитов 16-орын алды.

Айта кетсек, бүгінгі күнге дейін қысқы Паралимпиада ойындарында ел қоржынына 1 алтын, 1 күміс медаль түскен болатын. 1994 жылы 10 шақырымға классикалық мәнерде шаңғы жарысында қазақстандық Любовь Воробьева «күміс» алса, 2018 жылы шаңғымен жарыста Александр Колядин 1,5 шақырымға классикалық мәнерде спринт жарысында чемпион атанды.

Еске салсақ, XIII қысқы Паралимпиада ойындарында Қазақстан атынан Сергей Усольцев, Александр Герлиц, Ербол Хамитов, Денис Петренко мен Юрий Березин ел намысын қорғайды.

Енді қазақстандық спортшылар 11, 12, 13 наурыз күндері айтулы аламанда бақ сынайды.

Қысқы Паралимпиада 4 және 13 наурыз аралығында өткізіледі. Онда әлемнің 50 мемлекетінен келген 700-ге тарта спортшы бақ сынауда. Қазақстан атынан барған 5 параспортшы спорттың екі түрінен жарысқа қатысуда.


Соңғы жаңалықтар