Қытай елінде тұратын талантты қазақ балалары - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Үлгілі өрендеріміз көбейе берсін! - CNR

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні әр үйдің әлди әні, отбасының қызығы, ата-ананың жүрегі, өміріміздің ізі, үміті болған барлық балаларымызға зор денсаулық, бақыт, әр күндеріне шаттық тілейміз, деп жазады қытайлық kazakcnr.com сайты.

«Адам өмірінің өшпес алауы, мәңгілік жанып тұрған шырағы, адамдық ардың айнасы, адам өмірінің көктемі, адам көңілінің көркі, ата-ана махаббатының ашылған гүл шешегі, ата-ана мақтанышы әрі бақыты, болашақтың иесі, адамзат тарихын мәңгілік жалғастырушы, адамзат өмірінің сарқылмас кәусар бұлағы болған балдырғандарымыздың мерекесімен құттықтаймыз. Осындай шаттыққа толы мерейлі сәтте, өздерінің дара талантымен, өнерімен өз құрбыларына үлгі-өнеге көрсетіп жүрген өнерлі балаларды мереке байланысымен оқырмандарымызға таныстыра кетуді жөн көрдік. Үлгілі өрендеріміздің қатары көбейе берсін деген ақ тілектеміз!», -деп жазады CNR сайты.

Сонымен бірге аталған БАҚ Қытай елінде тұратын қандастарымыздың арасынан шыққан бір топ өнерлі балалардың жетістігіне шолу жасаған.

Надия Серікқызы - Қытайдың «Күнбағыс» VI республикалық жасөспірімдер ән-би байқауында алтын медальмен марапатталған. Халықаралық балалар сән әлемі байқауында үздік модель сыйлығын жеңіп алған.

Дарын Қайсарұлы – Шыңжаң өлкесінде өткен «Тіл сұлулығы» атты мәнерлеп оқу сайысының және «Менің арманым» тақырыбындағы балалар арасында өткен үздік диктор байқауының жүлдегер атанған.

Сымбат Мәдиқызы - Бейжіңде өткен XII Қытай халықаралық жастар мен жасөспірімдердің көркөмөнер фестивалінде «Сахараның сәні» атты биі алтын медал еншілеген. Сонымен бірге Шыңжаң өлкесінде өткен өнер байқауында «Болашақ жұлдыз» атты биі бас жүлде алған.

Баура Мұратқызы – Қытайдың XX республикалық жасөспірімдер сурет байқауында «Еңбекшіл» атты туындысы алтын медаль еншілеген.

Ақнар Берікұлы – 2017 жылы «Бала жұлдыз арманы», «Өнерлі бала» секілді телабайқауларда домбырада күй шертіп, алтын медальмен марапатталған.

Жүсіп ата шежіресі түрік тіліне аударылады - TRT

Қожа Ахмет Ясауидің жиені Жүсіп атаның тарихына қатысты шежіренің бір бөлігі мен арнайы мөр басылған құжаттар түрік тіліне аударылады, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Ғасырларға куә болған осы құжаттарды Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі басып шығарады. ТИКА мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Келісім шеңберінде түрік әлемінің рухани көсемі Қожа Ахмет Яссауидің жиені және шәкірті Жүсіп атаның 3,5 метрлік шежіресі реставрациядан өтеді, түрік тіліне аударылып, кітап болып басылып шығады. ТИКА-ның Қазақстандағы координаторы Исмаил Гүрлек шағатай тілінде жазылған осы құжаттың Түркияда қолжазбалар институтында зерттелетінін айтты», - деп жазады TRT.

Моңғолия 1 маусымнан бастап шекарасын ашты - KAZNEWS

Моңғолия 1 маусымнан бастап шекарасын ашты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметінің бастығы Ц.Чинзориг хабарлады, деп жазады Моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы.

«Моңғолия 2021 жылдың 1 маусымынан бастап өз шекарасы ашты. Нәтижесінде ел азаматтары Түркия, АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Грекия, Қырғызстан, Тайландия, Бразилия, Египет және Үндістан қатарлы оннан астам елге бара алады. Алдағы уақытта Моңғолия азаматтары еркін саяхаттайтын елдер санын көбейту мақсатында Моңғолия Үкіметі тарапынан коронавирусқа қарсы вакцинацияланған азаматтарға вакцина салдырғанын растайтын куәлік беріп, оны сенімді деп тану үшін Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея, Қазақстан Республикасы, Мажарстан және өзге Еуропа елдерімен дипломатиялық келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады», - деп жазды Kaznews.

Қазақстандық делегация Төле би кесенесін зиярат етті - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

«Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған делегация мүшелері Ташкенттегі Төле би кесенесін зиярат етті. Бұдан бөлек делегация мүшелері «Хазірет Имам» кешеніне де барды», - деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.


Соңғы жаңалықтар