Қытай еліндегі қобыз жасаудың хас шебері - Сайраш Жармұхаметұлы - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.


Мемлекеттік Материалдық емес мәдени мұраның мұрагері Сайраш Жармұхаметұлы - «Ағажай-Алтай» сайты

Қазақ ұлтының сазды, мұңды көне музыка аспабы қобыздың бозінген болып боздап, қара жер болып күңіренетін, табиғаттың өз үнін, дала даусын айнытпай салатын ерекшелігі, оны халықтың қадір тұтатын мұрасына айналдырған, деп жазады kazakh.altxw.com сайты.


«Өр-Алтайдағы Шіңгіл ауданында атадан балаға мұра болып жалғасып келе жатқан көне қобыз аспабы кең таралған. Қобыз - қайың, арша сияқты ағаштардың тұтас бөлігінен шауып жасалады. Бас, кеуде, аяқ деген үш бөліктен тұрады. Төменгі бөлік терімен қапталады. Екі ішегі жылқы қылынан тартылады. Бұл қобыздардың пішіні әлемдегі түрлі музыкалық аспаптардың ешбіріне ұқсамайды. Тұлғасы аспанда қанатын жая самғаған аққуға ұқсайды. Қобыз қазақ ұлтының дәстүрлі музыка аспаптарының ішіндегі домбыра секілді, халық жүрегінде өз орны бар, маңызды аспаптарының бірі. Сондықтан Қытайда қобызды Мемлекеттік материалдық емес мәдени мұра қатарына қосып, оны дамытуға, мәдени құндылығын насихаттауға көңіл бөлінген», - деп жазады «Ағажай-Алтай» сайты.


Аталған БАҚ-тың жазуынша, Алтай күйшілік мектебінің негізгі орындаушыларының бірі, белгілі күйші Сайраш Жармұхаметұлы, Материалдық емес мәдени мұра болып таңдалған қобыздың насихаттаушы, жалғастырушы мұрагері болып үкімет тарапынан арнайы таңдалған. Қытайдың Алтай аймағы, Шіңгіл ауданында тұратын қандасымыз Сайраш Жармұхаметұлы бала күнінен күй өнеріне ықыласы ауып, домбыра шертуге әуестенген. Қазіргі күнге дейін ұлттық өнерге адал болып, халыққа, ұрпаққа күйін шертіп насихаттап жүрген өнер иесінің күй қоржынында көне күйлер мен қатар, жаңғыртып домбыраға салып шертіп жүрген ескі сыбызғы күйлері де мол. Ол сонымен бірге 15 жасында өз қолымен тұңғыш домбырасын жасап, қазақтың басқада түрлі музыка аспаптарын жасаумен айналыса бастаған.

«Сайраш Жармұхаметұлы қазіргі күні қазақ ұлтының 28 түрлі дәстүрлі музыка аспабын жасай алады. Ол қобыз жасаудың да хас шебері, бір қобызды 5 күнде жасап бітіреді. Қобыз жасау үшін асқан шеберлік қажет. Шіңгіл жерінің сапалы ағаштарынан ойып, ботаның терісінен жасалған қобыздың дауысы толымды, сыртқы тұлғасы майда, жылтыр, ұзақ уақыт сақтауға болады. Міне осылай жасалған шанақтан шығандап шығатын қобыз үні Шіңгіл ауданының таулы-қырқалы, нулы-сулы даласына, мөлдір, арқырап ағатын тау өзендеріне үн қосып, әсем табиғатына сән беріп тұрғандай әсерге бөлейді!», - деп жазады «Ағажай-Алтай» сайты.

Түркиядағы мектепке Әл-Фараби есімі берілді - TRT

Түркияның Эрзурум қаласында бір бульварға және бастауыш мектепке Әл-Фараби есімі берілді, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Түркі әлемінің дара тұлғасы, ұлы ойшыл бабамыз Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай, белгілі ғұламаның есімі мен мұрасын дәріптеу мақсатында Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, ЭкоЕуразия қауымдастығы және Түркия тіл және әдебиет қауымдастығы Эрзурум қаласындағы өкілдігі бастамасымен Түркияның Эрзурум қаласындағы бульварға және бастауыш мектепке Әл-Фараби бабамыздың есімі берілді», - деп хабарлайды TRT.

Қазақстандық делегация Ишанабад ауылында қонақта болды - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Қазақстан Республикасы Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев бастаған делегация Ташкент облысы, Шыназ ауданы, Ишанабад ауылында қонақта болды, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.


«Қазақстандық делегация Ишанабад ауылындағы тұрғындар үшін жасалған қолайлы жағдайлармен танысып, ондағы жаңадан бой көтерген нысандарды көрді. Қазақстан шекарасынан 20 шақырым жерде орын тепкен құтты мекенде өзбек, қазақ, тәжік, орыс және татар ұлтына жататын 3,2 мың халық өмір сүруде», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.


Қазақстанның Сыртқы істер министрі БҰҰ Бас хатшысының орынбасарымен сөйлесті - «Фарс» ақпарат агенттігі

Қазақстанның Сыртқы істер министрі мен БҰҰ-ның теңізге шыға алмайтын дамушы елдер жөніндегі арнайы өкілі телефон арқылы сөйлесті, деп жазады «Фарс» ақпарат агенттігі.

«Мұхтар Тілеуберді мен Фекитамоелоа Катоа Утойкаману арасындағы пікір алмасулар кезінде, Нұр-Сұлтанның 2020-2021 жылдардағы теңізге шыға алмайтын дамушы елдер тобының төрағалығы шеңберінде өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Бұдан бұрын 2020 жылдың қыркүйек айында Қазақстан теңізге шыға алмайтын дамушы елдердің 32 мүшесін біріктіру үшін БҰҰ-мен төрт жылдық ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойды. Екі тарап аталмыш топтағы нақты даму жобаларын алға ілгерлету үшін халықаралық серіктестер мен компаниялардың инвестиция құюының маңыздылығын қуаттады», - деп жазады Рarstoday.



Соңғы жаңалықтар