Қытайда бір дәрінің коронавирусқа қарсы әсері тиімді екені айтылды - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Иранда ресми уақыт бір сағатқа алға жылжытылды - «Фарс» ақпарат агенттігі

«Осы аптаның сенбі күні Иранда уақыт бір сағатқа алға жылжытылды» деп хабарлайдыРarstoday. Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, Иранның Ислам Кеңесі Мәжілісі бекіткен «Иранның ресми сағатын өзгерту» заңына сәйкес жыл сайын 21 наурызда елдің ресми уақыты бір сағатқа алға жылжытылады. Бұл заң көктем мен жазғы айларда күннің жарығын көбірек пайдаланып, электр қуатын үнемдеу мақсатымен қабылданған болатын. Хиджри-шамси күнтізбесі бойынша жаздың соңғы күні — 21 қыркүйекте сағат бұрынғы қалпына оралады.

Үйде нан пісіру ерекше көңіл-күй мен қуаныш әкелуде - «Фарс» ақпарат агенттігі

Коронавирустың таралуы мен оған байланысты гигиеналық мәселелер кейбір отбасылардың нанды үйлерінде пісіруіне себеп болды, деп хабарлайды «Рarstoday» ақпарат агенттігі.

Ирандық ақпарат көзінің дерегінше, нанды үйде пісіруге отбасының барлық мүшелері қатысатындықтан бұл жұмыс адамдарға ерекше көңіл-күй мен қуаныш әкеледі екен. Айта кетерлігі, Иранның Денсаулық сақтау министрлігі 17 наурызға дейін елде вирус жұқтырған 5389 адам сауығып, ауруханадан шығарылғанын мәлімдеді. Иран Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз өкілі Киануш Жаһанпур сейсенбі күні тілшілерге берген сұхбатында, елде 16169 адамның коронавирусқа шалдыққанын айтып, өкінішке қарай, осы күнге дейін 988 адам вирус салдарынан көз жұмғанын айтқан.

Қазақ Елшісі Моңғолиядағы қандастарды наурыз мерекесімен құттықтады - Kaznews

Қазақстанның Моңғолиядағы төтенше және өкілетті Елшісі Жалғас Әділбаев қандастарды наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды монғолиялық Kaznews ақпарттық порталы.

«Наурыз – күн мен түннің теңелетін, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін табиғат мейрамы. Ұлыстың ұлы күні – «Қызыр түнін» күтіп, жақсылық құт-береке тілеп, ертеңгі күнге зор үмітпен қарайтын сенім мерекесі. Нұр көктеммен қатар келген ұлық мерекеде әр шаңыраққа жақсылық, өскелең ұрпаққа амандық тілей отыра қандастарымыздың бірлігі мәңгі, ынтымақтастығымыз жемісті болсын дегіміз келеді. Баршаңызды көктемнің шуақты да шырайлы мерекесімен құттықтай отырып, Наурыз мейрамы жақсы істер мен игі бастамалардың бастауы болуына тілектеспін! Ұлыс бақты болсын, төрт түлік ақты болсын, құрметті қандастар!» деп құттықтады деп жазады моңғолиялық БАҚ.

Қытайда бір дәрінің коронавирусқа қарсы пайдасы айтылды - TRT

Қытайдағы клиникалық сынақтар «Favipiravir» атты бір дәрінің коронавирустың жаңа түріне қарсы емдеуде ықпалды екенін көрсетті, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы .

Аталған БАҚ-тың мәліметіне сүйенсек, Қытайдың CGTN арнасының хабарына қарағанда, Қытай Ұлттық биотехнология зерттеу орталығының төрағасы Ганг баспасөз брифингінде, Шензен қаласында коронавирус жұғып ауырған 80 кісіге клиникалық сынақ жүргізілгенін мәлімдеген. Ганг сынақта «Favipiravir» атты дәрінің жеңіл науқастар үшін сауығып кету мерзімін 11 күннен 4 күнге азайтқанын айтқан.

Ол Ухань қаласында жүргізілген басқа бір клиникалық сынақта дәрінің жоғары температураны 4,2 күннен 2,5 күнге азайтқанын анықтағандарын, Ганг дәрінің маңызды жанама әсері байқалмағанын да қоса айтты. Гангтың айтуынша, Favipiravir дәрісі 2014 жылдан бері Жапония нарығында бар екен. Avigan немесе Favilavir деп те аталатын дәрі науқастарға қолданылды. Алайда жаңа типтегі коронавирус эпидемиясы бүкіл әлемге әсер етуде. Ем үшін дәрі жетілдіру жұмыстары да бар қарқынымен жалғасуда.

«Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымынан коронавирустан емдеу тақырыбында бір ескерту келді. Аурудың белгілері бар адамдардың дәрігермен кеңеспей ibuprofen ішпеуі керектігі айтылды. Оның орнына ауырғанға және жоғары температураға парацетамол түріндегі дәріні ішу кеңесі берілді» деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

İbuprofen-мен бір топтағы дәрілер коронавируспен күресте ауруды асқындырып жібереді деп айтылды. Вирустан емдеуде әлі расталған нақты вакцина немесе дәрі жоқ.

Бекболат Бұғыбайұлы Баян-Өлгейде университет филиалын ашуға инвестиция тартты - Kaznews

Бекболат Бұғыбайұлы 2013-2016 оқу жылдары Қобда университетінің Баян-Өлгий аймағындағы филиалын басқарған. Ол сол уақытта Щвейцариялық Анита Фарнимен бірлесіп, аймақтағы филиалға жатақхана салуға бастама көтерген. Халықаралық ынтымақтастықтағы жоғары дәрежедегі белсенділігі арқылы қазіргі уақытта Give2Asia халықаралық ұйымынан жиынтығы 130 000 АҚШ долларын құрайтын инвестиция тартқан. Бұл туралы осы апатадаKaznews ақпарттық порталында хабарланды.

Аталған БАҚ Бекболат Бұғыбайұлынан осы туралы алған эксклюзивті сұхбатын жариялаған болатын. Бекболат Бұғыбайұлы сұхбатында 2015 жылы аймақ әкімі қызметін атқарған Қ. Дәрмен арқылы Моңғолияның Сыртқы істер министрлігінен Give2Asia халықаралық ұйымымен ынтымақтастық туралы келісім шарт жасауға ресми рұқсат алып, қаражат бөлгізу жұмысын бастағанын айтады. «Міне бүгін игі істің нәтижесіне қол жеткізгенімізге қуаныштымыз. Аталмыш халықаралық ұйым арқылы шетелден жалпы 130 000 АҚШ долларына инвестиция тартылып, оның $93,000-ы филиалдың есеп шотына келіп түсті. Қалғаны алдағы уақытта түсетін болады. Бұл университеттің аймағымыздағы филиалы үшін бір қуанышты жағдай болды. Алдағы уақытта да аймағымыздың жалғыз жоғарғы оқу орнының өркендеп дамуына қолымнан келгенше көмек жасауға дайынмын», - дейді Бекболат Бұғыбайұлы.

Қытай енді қауіпті індетті шетелден алып келушілермен күресуде - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Қытай елі осыған дейін өз елдерінде қатты өршіп кеткен індетті күшті карантинде ұстаудың арқасында ауыздықтаған болатын. Енді оларды шетелден келетін отандастары алаңдата бастады.

19 наурыз күні бір тәулікте Қытайда жаңадан 39 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған, сондай-ақ ел бойынша 3 адам қаза болған (Хубейде 2 адам, Лияуниңда 1 адам).

Сол күні бүкіл елде жаңадан сауығып ауруханадан шыққан 730 адам, жұқтырғандармен тығыз араласқандар ішінен медициналық бақылауы күшінен қалдырылғаны 1197 адам болса, ауыр науқастың саны 178 адамға азайды.

«20 наурызға дейін, бүкіл Қытай елі бойынша диагнозы тұрақтанған 6569 адам (мұның ішінде ауыр науқас 2136 адам), жалпы сауығып ауруханадан шыққан 71 150 адам, ал қаза болғандар саны 3248-ге жеткен. Жалпы ауру жұқтырушылармен тығыз араласу дерегі табылған 684 331 адам. Ал медициналық бақылауға алынған адам саны 8 989-ға жеткен», — деп жазады CNR ақпарттық порталы.

«19 наурызға дейін шетелден Қытайға келгендер арасынан Covid-19 коронавирусын жұқтырып келген азаматтар саны 228 адамға жеткен. Енді қырағылықты арттыру керек» деп түйіндейді Қытайдың «Орталық халық радиосы».


Соңғы жаңалықтар