Қытайда нөсер жауыннан кейін қаланы су басып, 25 адам көз жұмды

None
None
ЧЖЭНЧЖОУ. Синьхуа-ҚазАқпарат - Қытайдың Хэнань провинциясында нөсер жаңбырдан қаза тапқандар саны 25-ке жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Хэнаньдағы (Орталық Қытай) нөсер жауыннан кейін 25 адам мерт болды, тағы 7 адам із-түзсіз жоғалып кеткен.

Бұл жайында жергілікті билік сәрсенбі күні кешкісін өткізген баспасөз мәслихатында мәлім етті.

«Өңірде 16 шілдеден бері жаңбыр құйып тұр. Одан 1,24 миллионнан астам адам зардап шеккен. Провинцияда тұратын шамамен 164 710 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды»,- деп хабарлады баспасөз конференциясында Хэнань провинциясының су тасқыны және құрғақшылықпен күрес жөніндегі штабының кеңсе бастығы Сюй Чжун.

Біз бұған дейін Қытайдың Чжэнчжоу қаласында нөсер жаңбыр салдарынан көлік қатынасы тоқтап, электр қуатының жұмысы бұзылғанын хабарлаған болатынбыз.

Су деңгейі қатты көтерілгендіктен қаладағы жол қозғалысы тежелген. 80-нен астам автобус маршрутының қозғалысы уақытша тоқтатылған, метро да жүрмейді.

Нөсер салдарынан қаланың бірнеше ауданы сусыз және электр жарығынсыз қалды.

Соңғы жаңалықтар