Қытайда Нұрсұлтан Назарбаев атындағы ғылыми-инновациялық зертхана ашылды

None
None
НАНКИН. ҚазАқпарат –Қытайда ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атындағы ғылыми-инновациялық зертхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Зертханнаның құрылтайшылары – «G-Global» халықаралық хатшылығы және оның ҚХР-дағы стратегиялық серіктесі «China Silk Road Group» компаниясы.

Іс-шараға Нанкин қаласы «Цзянбэй» жаңа ауданы әкімшілігінің және Бейжің қаласы «Чжунгуанцунь» ғылыми-технологиялық паркінің өкілдері, Қазақстанның ҚХР-дағы Елшілігінің дипломаттары, сондай-ақ қытайлық БАҚ тілшілері қатысты.

«Зертхананың негізгі міндеті ауқымды зерттеулерді, оның ішінде заманауи «блокчейн» технологияларын, жасанды интеллект пен «үлкен деректерді» пайдалана отырып жүзеге асыру арқылы қытайлық «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және қазақстандық «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жобаларды ілгерілету, сондай-ақ ғылыми сүйемелдеуге практикалық жәрдемдесу болып табылады. Бұл жұмысқа екі елдің жетекші ғалымдары мен практиктері белсенді түрде тартылады», - делінген СІМ ақпаратында.

«G-Global» халықаралық хатшылығы 2019 жылдан бастап «Бір белдеу, бір жол» бастамасы серіктестерінің құрамына кіреді. Оның «Жібек жолы» жаһандық сыйлығы және «Жаһандық Жібек жолы – қала әкімдерінің форумы» сияқты жобаларын «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 2-ші форумының қатысушылары тарапынан қолдау тауып, қорытынды құжатының мәтініне енгізілді.


Соңғы жаңалықтар