+7 (701) 759 90 19
USD 412.55 EUR 468.66
RUB 5.79 CNY 58.80
Jańalyqtar

Алтайда тұратын қария жарты ғасырдан бері «Аю биін» билеп жүр - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

2019 жылғы 14 желтоқсан 12:18
Бөлісіңіз:
Алтайда тұратын қария жарты ғасырдан бері «Аю биін» билеп жүр - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Алтайда тұратын ақсақал жарты ғасыр бойы «Аю биін» билеп жүр - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Қазақтың «Аю биі» адамдардың аң аулау барысында аюдың күнделкті тіршілігіндегі түрлі қимылдарын бақылап, еліктеуі арқылы қалыптасқан, деп хабарлайды Қытайлық kazakcnr.com сайты.

« ...Өткен замандарда аңшылар аңшылықта қанжыға майлы болу үшін аюдың әртүрлі әрекеттеріне еліктей отырып би билеген. Бұндай би уақыт өте келе халық арасына кең таралып «аю биі» деп аталған. Осы би ұрпақтан-ұрпаққа насихатталып бүгінгі заманға жеткен. Сондықтан осы дәстүр би мәдениетіміздің бір парасы әрі көпшіліктің көңілін көтеруге арналған өзгеше өнер түрі болып бағаланып отыр. Биші аю болып жасанып, аюдың үңгірден шығуы, азық іздеуі, азығын байқауы, бақылауы, аулауы сияқты түрлі қимылдарын сондай-ақ, шапалақ соғуы, ақыруы секілді әрекеттеріне еліктеу арқылы аюдың икемсіз әрі сүйкімді, шабан әрі сақ, момын әрі зерек болып көрінетін қайшылықты бейнесін алып шығады», - деп жазады CNR.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, бүгінгі күні Қытайдың Алтай аймағы Қаба ауданының тұрғыны Құрман Дүйсенқанұл осы ұмыт болып бара жатқан көне биді халық ортасында билеп, насихаттап жүр екен.

«Қаба ауданының Тасқара ауылында тұратын 62 жастағы Құрман ақсақал 6 жасынан бастап «аю биін» үйреніп, қазірге дейін 56 жыл бойы осы өнерді жанына серік етіп, билеп келген. Құрман Дүйсенханұлының айтуынша, оның ата-анасы «Аю биін» жақсы меңгеріп, ел арасында биші атанған. Ал Құрман ақсақал осы әкесінен үйренген «Аю биін» өздіксіз үйреніп, жетілдіріп, дамытып отырған. Ол жас кезінде аюдың әрекетін тіптен де дәл бейнелеу үшін, үнемі тауға барып, аюдың азық ұстаған сәтін, ақырып айбат шеккен кездегі бейнесін, басқа да түрлі әрекетін алыстан бақылап биге қосып пайдаланған. «Аю биін» жеке адам немесе бірнеше адам топтасып билеуіне болады. Аталған биде 20 дан астам негізгі қимыл-әрекет бар. Оның ішіне аюдың су ішуі, ойын ойнауы, азығын жеуі секілді түрлі қимыл-қозғалыстар кіреді», - деп жазады kazakcnr.com сайты.

Дерекөзінің мәліметінше, Шыңжан өлкесі «Аю биін» материалдық емес мәдени мұра тізіміне қосып, оның сақталуына, халық арасында насихатталуына көңіл бөліп келеді. Енді биші ақсақал осы өнерін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру үшін, немерелеріне үйретіп жүр екен. Олар қазіргі күні мереке-мейрамда «Аю биін» билеп жұрттың ықыласына бөленуде. Тіптен, биші ақсақалдың ауылына туристерде «Аю биін» көру үшін арнайы ат басын бұратын болған.

Естеріңізе сала кетейік, өнертанушылардың пкірінше, «Аю биінің» өзіне тәуелді арнайы музыкасы, күйі болмаған, көне замандарда әртүрлі күйлерге биленген. Мұнда әсіресе домбыраның сол бұрауындағы күйлерге жиі биленіп келген. Ал қазақта осы көне биден басқа «Жорға аю» биі де бар. Бұл би де қазақ ұлтының көшпенді өміріндегі аңызға айналған ұлттық биі, аңшылық өмірдің айнымас туындысы. «Жорға аю» биінің халық арасында тәуелді өз күйі бар, ол «Жорға аю күйі» деп аталған.

Ерболат Төлекұлы бокстан ел чемпионы атанды - kaznews.mn

Моңғолияның Эрдэнэт қаласында бокстан ересектер арасындағы ел чемпионатында Ерболат Төлекұлы +91 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасып, өз салмағында чемпион атанды, деп жазады Моңғолияның KAZNEWS ақпараттық порталы.

«219 спортшы бақ сынаған аламанда Баян-Өлгей аймағының спортшысы Ерболат Төлекұлы +91 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасып, өз салмағында чемпион атанды. Естеріңізге сала кетсек Ерболат Төлекұлы бұған дейін бес рет ел чемпионы атанған болатын. Сонымен қатар, осы ел чемпионатында 57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрлан Асқарұлы қола жүлдені қанағат тұтты», - дейді басылым.

«Көкту» қоғамы Анкарада Қазақстанның тәуелсіздік мерекесін тойлады - TRT

Өткен жылы құрылған «Көкту» қазақ мәдениет қоғамының бастамасымен және Қазақстанның Түркиядағы өкілетті елшілігінің қолдауымен Түркияның бас қаласы Анкара төрінде Қазақстанның тәуелсіздік мерекесі аталып өтілді, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, мерекелік шара барысында қазақтың сәнгер қызы, атақты дизайнер Ханым Айдаштың түрік тіліне аударылған кітабы таныстырылған. Сәнгер Ханым Айдаш сөз кезегінде Қазақстанның талантты сәнгерлерінің киім үлгілерін алып келгендерін айтып, қазақ халқының ұлттық киімдерін насихаттайтын кітабының түрік тіліне аударылып басылғанына қуанышты екенін атап көрсетті. Сондай-ақ, осы шарада Қазақстаннан арнайы келген сәнгерлер Жадыра Қонар, Ханым Айдаш және Мөлдір Бекібаеваның киім үлгілерінің сән көрсетілімі болды. Ұлттық нақыштағы замандас өмірге сәйкестендірілген әйелдер киімі анкаралық көрерменнің көңілінен шықты.

Қазақстанның тәуелсіздігінің 28 жылдығына арналып ұйымдастырылған шараның келесі бөлімінде Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің «Шабыт» оркестрі концерт берген. Оркестр Анкара халқы мен қазақстандық студенттер, қазаққа жаны жақын түрік зиялы қауымының алдында қазақтың күмбірлетіп күйін ойнап, әуелеген әндерін шырқаған.

Шәріп Сәйпіғалиұлы «Моңғол еліне еңбек сіңірген қайраткер» атағымен марапатталды - kaznews.mn

Қандасымыз Шәріп Сәйпіғалиұлы «Моңғол еліне еңбек сіңірген қайраткер» атағымен марапатталды, деп жазады Моңғолияның KAZNEWS ақпараттық порталы.

Аталған дереккөзінің мәліметінше, Ғұн империясына 2228 жыл, Ұлы Моңғол мемлекетіне 813 жыл, Ұлт азаттық қозғалысына 108 жыл, Моңғол Халық революциясының төңкерісіне 98 жыл, Демократиялық қозғалысқа 30 жыл толуына орай Моңғолия Президенті Х.Баттулга жарлық шығарып өнеркәсіп, денсаулық, білім, мәдениет, экономика, қоғам, коммуналдық қызмет көрсету саласында абыройлы қызмет атқарған 21 азаматқа «Моңғол еліне еңбек сіңірген қайраткер» атағын берді.

Моңғолия Президенті бұл жолы, Моңғолия қазақтары арасынан «Моңғол еліне еңбек сіңірген қайраткер» атағымен Баян-Өлгий аймағының СУАТ компаниясының директоры Шәріп Сәйпіғалиұлын марапаттаған.

Түркиядағы қазақ студенттер бас қосты - TRT

Сакарияда Түркияда білім алатын қазақстандық студенттердің бірінші бас қосу болды, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Қазақстан тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай Қазақстанның Түркиядағы өкілетті елшілігінің қолдауымен, Сакария қаласының акиматы және муниципалитет басшылығының қолдауымен Түркияның Сакария қаласында болған кездесу жоғары деңгейде өткен. Кездесуге Түркияның 32 қаласынан түрік жоғары оқу орындарында білім алатын 250 студент келген. Олармен кездесуге Қазақстанның Түркиядағы өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы, Шетелдегі түріктер және ағайын қауымдастықтар басқармасының төрағасының орынбасары Саит Юсуф қатысқан.

«Аталған шара барысында Қазақстаннан келген өнер қайраткерлерінің керемет концерті өтті. Қазақ ұлттық өнер университетінің «Шабыт» оркестрі мен «Көркем» балалар би ансамблінің өнері әрі елден жырақта жүрген тәлімгерлердің елге деген сағыныш мауқын басып, әрі түрік ағайындар мен университеттегі шетелдік студенттердің көңілінен шықты. Барша көрермен қазақ өнер қайраткерлерінің өнеріне түрегеліп тұрып қошамет көрсетті. Концерттің беташар сөзінде Қазақстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы «Қазақстанның тәуелсіздігі мәңгі болсын. Тәуелсіздіктің баянды болуы үшін жастардың аянбай жұмыстануы қажет» деді. Шетелдегі түріктер және ағайын қауымдастықтар басқармасыны төрағасының орынбасары Саит Юсуф Түркияның әлемдегі 160 елдің 17500 студентіне білім беріп отырғанын айтты», - - деп жазады TRT.

«Өзбекстан почтасы» мен «Қазпошта» ынтымақтастық туралы келісім жасады - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Өзбекстан Республикасының Ақпараттық технологиялар және коммуникацияларды дамыту министрлігінде министр орынбасары Бахромжон Алматов Қазақстан Республикасының «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов бастаған делегациямен кездесу өткізді, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Кездесуде пошта саласына байланысты екіжақты ынтымақтастықтың үлкен әлеуеті бар екені айтылып, осыған байланысты өзара қызығушылық тудыратын салалардағы серіктестікті кеңейту перспективалары туралы әңгіме болды. Осы кездесу аясында қазақстандық делегаттар «Өзбекстан почтасы» жайлы толықтай ақпарат пен алдағы жоспарлары жайында мәліметтер алып, өзбекстан тарапы «Казпочтаның» жұмыс істеу принцпітерімен біршама мәліметке ие болды. Кездесу соңында, «Өзбекстан почтасы» АҚ мен «Казпочта» АҚ арасында курьерлік және жедел пошта қызметтері және электронды коммерция саласындағы ынтымақтастық бойынша бірлескен қызметтерді жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткізілді», - деп жазады «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

Сирия бойынша Астана процесінің 14-раунды Қазақстанда өткізілді -«Жэньминь жибао» (People Daily)

Екі күнге жалғасқан Сирия бойынша Астана процесінің 14-раунды Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өтті, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn сайты.

«Нұр-Сұлтанда өткен 14-раунд қорытындысына орай Сирия бойынша Астана процесінің 15-раунды 2020 жылдың наурызында өтетін болды. Сондай-ақ, бірлескен мәлімдемеде Астана форматындағы бейінді жұмыс тобының аясында зорлықпен ұсталынып отырған тұлғаларды, кепілге алынған адамдарды босату операцияларын жалғастыру қажеттігі айтылған. Сирияның бүкіл аумағында барлық сириялықтарға гуманитарлық жәрдемді арттыру қажеттігіне назар аударылған. Иран, Ресей және Түркия Астана процесінің кепілгері ретінде Сирия Араб Республикасының егемендігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын құрметтейтіні жария болды. Сирияның тұрақтылықты бұзуға және көрші елдердің қауіпсіздігіне қауіп төндіруге бағытталған сепаратистік жоспарларға қарсы тұруға дайын екендіктерін білдірді. Израильдің қарулы шабуылдарын халықаралық құқық пен халықаралық гуманитарлық заңдарды бұзуын, тұрақтылық пен қауіпсіздікке қауіп төндіретін айыптады», - деп жазады People Daily.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Бақытжол Кәкеш

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT