Қытайдағы қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарының тарихына шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінгі күнге дейін қазақ халқының үлкен бір шоғыры шет жұртта өмір сүріп, ұлтымыздың мол рухани қазынасына мұрагерлік етіп келеді. Сондықтан да ұлттық мәдениетіміздің дамуын, рухани құндылықтарымыздың жаңарып, толығуын шетелде тұрып жатқан қандастарымыздың да еңбегінен бөліп қарай алмаймыз.

Міне, соның бір жарқын көрінісі, ертең, 28 қараша күні «Отандастар қоры» мен «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің ұйтқы болуымен шетелде жарық көретін қазақтілді БАҚ өкілдерінің алғашқы отырысы өтпек. Бұл кездесу «Отандастар. Болашаққа бағдар» атты халықаралық дөңгелек үстел аясында панельдік сессия түрінде өтеді. Ондағы мақсат шет елдерде қазақ тілінде жарық көретін БАҚ журналистерімен байланыс орнату, оларға жан-жақты қолдау көрсету, тәжірибе және ақпарат алмасуды қамтамасыз ету. Біз осындай маңызды іс-шара қарсаңында Қытай елінде тұратын қандастарымыздың ұлттық болмысының сақталуына үлкен үлес қосып келе жатқан Қытайдағы қазақ тілді БАҚ-тың қалыптасу, даму үрдісіне шолу ұсынбақпыз.

Қандай мемлекет болмасын, өздерінің ішкі саясатын, идеологиялық үгіт қызметін бұқаралық ақпарат құралы арқылы қоғамға сіңіруді басты мақсат ететіні ақиқат. Қытайдағы үкімет қарамағындағы қазақ тілді БАҚ та осы қағиданы ұстанары анық. Дегенмен, Қытайдағы қазақ тілді БАҚ сондағы қандастарымыз үшін ұлттық мәдениеттің күретамыры - тіліміздің қоғамдағы өміршеңдігін сақтап, дамытуға орасан зор пайдасын тигізіп отыр. Сонымен бірге ондағы мәдениет, салт-дәстүрді қаузайтын салалық БАҚ-тар мен төл бағдарламалар арқылы да қазақи құндылықтар дәріптеліп, насихатталып келді.

Әрине, мұндай мүмкіндіктерді Қытай билігі кез келген ұлтқа ұсынбайды. Бұл тек Қытай Халық Республикасының тарихи ата қонысында отырған ұлттарға, байырғы халықтарға берген ерекше мәртебесі, ұлттық аумақтық автономия саясатының нәтижесінде жүзеге асқанын айта кеткеніміз жөн. Қытайда тұратын қазақтар үшін 1954 жылы Іле Қазақ автономиялы облысы құрылған болатын. Қазақ облысының аумағына Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарына қарасты 22 аудан мен 5 қала енген. Бұдан басқа Қытайдағы қазақтар Баркүл, Ақсай, Морый секілді 3 қазақ ұлттық автономиялы ауданда және Үрімжі қаласы мен Санжы облысының аудандарында қоныстанған.

Міне осы өңірлерде өмір сүріп жатқан 3 миллионға жуық қандастарымыздың рухани қажетіне бағытталған қазақ тіліндегі БАҚ-тың алғашқы қадамы 1935 жылы шыққан «Алтай» газетінен басталады. Ал қазақтілді радио 1955 жылы эфирге шықса, қазақ тіліндегі телеарна 1985 жылдан бері өз көрермендерімен тұрақты жүздесіп келеді екен.

Шолуымызды қазіргі кезеңдегі ең ықпалды БАҚ ресурстарының бірі телеарнадан бастайық. Жоғарда атап өткеніміздей Қытайда Қазақ тілді арна Шынжаң теледидарының 3-ші арнасы 1985 жылы құрылған. Ал Қытайда 1993 жылы негізі қаланған Шыңжаң сымды (кәбілдік) телевизиясының қазақ тіліндегі 8-арнасы мен 2004 жылы ашылған балаларға арналған 12-ші арнасы да қазақ тілінде хабар таратып отыр. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Шыңжаң теледидарында қазақша бағдарламалар жұмысымен айналысатын 250-ден артық қызметкер болған. Сонымен бірге, Шыңжаң өлкесінің орталығы Үрімжі қаласындағы осы телеарналардан бөлек, қазақ аймақтарының орталықтарында «Іле телевизиясы», «Алтай телеарнасы», «Тарбағатай телеарнасы» қазақша бағдарламалар таратады. Сондай-ақ, үш аймаққа қарайтын 22 аудан күнделікті жергілікті жаңалықтарды қазақ тілінде жүргізіп келген.

Ал Қытайдағы қазақ тіліндегі радио хабар тарататын «Шыңжаң халық радиосы» 1955 жылы эфирге шыққан. Бұл радио бес тілде жұмыс жүргізеді: қазақ, қытай, ұйғыр, моңғол, қырғыз тілдерінде. Оның ішінде қазақ редакциясы күніне 18 сағат хабар таратады. Бұған қоса әлемдегі 65 елдің тілінде ақпарат беретін Қытайдың «Орталық халық радиосының» (CNR) қазақ редакциясы 18 сағат бойы эфирге шығады. Радионың қазақ тіліндегі жеке сайты жұмыс істейді.

Қытайда қазақ тілді газеттер шоғыры, 1935 жылдан бастап шыға бастаған «Алтай» газетінен бастап, кейінгі уақыттарда жарық көрген «Шыңжаң газеті», «Іле газеті», «Тарбағатай газеті», «Шыңжаң ғылым – техника газеті», «Іле ғылым – техника информация газеті», «Іле өрендері» газеті секілді басылымдарды атауға болады.

Ал Қытайдағы қазақ оқырмандарына арналған қазақ тілінде шығатын журналдар туралы айтар болсақ, оның да қарасы мол. Қытайда Республикалық саяси басылымдар «Іздену», «Ұлттар ынтымағы», «Ұлттар» журналдары қазақ тілінде жарық көріп тұрған. ШҰАР-ның орталығы Үрімжіден шығатын «Шыңжаң қоғамдық ғылымы», «Шынжаң қоғамдық ғылым мінбесі», «Шыңжаң жоғары оқу орындары ғылыми журналы», «Шыңжаң авангардтары», «Шыңжаң оқу-ағартуы», «Ғылым бұлағы», «Шыңжаң суретті журналы», «Тіл және аударма», «Көкжиек», «Шұғыла», «Мұра», «Оқырман өресі», «Шыңжаң мал шаруашылығы», «Алға», «Жайылым шаруашылығы», «Шаруашылық машиналары» секілді түрлі мазмұндағы, салалық журналдарды атауға болады. Ал облыс, Аймақ дәрежелі журналдардан «Іле айдыны», «Іле жастары», «Іле әйелдері», «Мектеп дене тәрбиесі», «Қазақ балалары ғылыми суретті журналы», «Алтай аясы», «Тарбағатай», «Ғылым және өнер», «Дәрігерлік білім», «Жастүлек» аталатын басылымдар жарық көріп тұрған. Сондай-ақ, тек қана Қытайдың ішкі қызмет орындары мен университеттерінде ғана таратылатын «Іле педагогикалық институт ғылыми журналы», «Іле оқу-ағарту инстутының ғылыми журналы», «Іздену және ашу», «Үйрену және ғылым», «Іле ағартуы», «Іле медицинасы», «Іле прокро¬турасы», «Боғда», «Құмыл алқабы», «Тарлан» журналдары бар.

Ақпараттық технологиялар дәуірінің басты жетістігі, кез-келген әлем оқырмандарына қол жетімді электронды БАҚ- тардың Қытай еліндегі қазақша нұсқалары мемлекеттің тікелей қолдауымен, басқаруында жұмыс істейді. Олардан «Тәңір тау», «Алтай ақпараты», «Іле ақпараты», «Тарбағатай Ақпараты» секілді сайттарды атауға болады. Ал Қытай еліндегі белгілі БАҚ-тардың жанынан құрылған қазақ редакциялары аударма ақпарат шығарумен қатар өздерінің төл ақпарат, бағдармаларында ұсынып келеді. Қытайдың мемлекеттік билік партиясының орталық газеті «Жэньминь жибао» (People Daily) ды айтар болсақ, қазіргі күні аталмыш газеттің сайт нұсқасы жапон, ағылшын, орыс, Француз, араб тілдерімен қатар қазақ тіліндегі (төте жазумен) нұсқасын да шығарып отыр. Бұған қоса, орталық CCTV телеарнасына қарайтын интернет-телеарна ресми түрде іске қосылып, видеопортал Қытайдағы бес ұлттың тілінде, соның ішінде, қазақ тілінде жаңалық таратады.

Біз жоғарыда атап өткен Қытай жерінде жарық көрген қазақ тілді БАҚ-тардың кейінгі жылдардағы, әсіресе соңғы 1-2 жылдың көлеміндегі өзгерістерге байланысты кейбірі қазіргі күні өз жұмысын тоқтатқан болуы да мүмкін екенін ескертеміз. Десе де ұзақ жылдар сондағы қазақ ұлтына рухани азық болған басылымдардың халық үшін пайдасы қомақты болғанын айтқанымыз абзал.

Қазіргі кезеңдерге дейін шетелде тұратын қандастарымыз өзге елдің шаңырағының астында отырып, төл мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтап, қазақ жұртының ортақ рухани қазынасына өзіндік үлесін қосып келді. Ал, алдағы болашақта осы «мамыражай үрдіс» жалғасын таба бере ме? Жоқ па? - деген сұрақ туындайды. Әрине, бұған әлемдік өркениеттер тоғысқан XXI ғасырдың жаһандану кезеңі мен қандастарымыз өмір сүріп жатқан мемлекеттердің белгілі дәрежедегі ассимиляциялық саясаты және ұзақ уақыт ықпалды этностармен табиғи араласып, сіңісу үрдісі өз әсерін тигізбей қоймайтыны анық. Ендеше, осы кері үрдістен сытылып шығатын жол, арашалап алатын қам-қарекет қандай болмақ?

Соңғы жаңалықтар