Қытайдағы конькиші қазақ қызы әлемдік додада жүлделі орынға ие болды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Өзбекстанда алдағы уақытта талапкерлер тест сынақтарынсыз оқуға түседі - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Биыл Өзбекстанда білім саласы қайта реформаланып мүлдем жаңа кәсіптік білім беру жүйесі енгізілетіні жайында Мемлекет басшысы өз жолдауында айтқан болатын, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

Ондағы енгізілер жүйенің бір жаңа түрі шет тілдерінен (ағылшын, неміс, француз және шығыс) басқа өзбек тілі, орыс тілі, математика және өзге жалпы пәндерден де сертификат беру кезеңімен жолға қойылады.

Аталған ақпарат көзінің дерегіне сүйенсек, Өзбекстан президенті айтқандай, жастар кез келген уақытта емтихан тапсырып өз деңгейіне лайықты балл қорытындысы көрсетілген куәлігін алса, ЖОО-ға оқуға түсер кезде осы пәндерден қайта сынақ тапсырудың қажеті болмайды. Бұл - талапкер ЖОО-ның бакалавр білім дәрежесіне тест сынақтарын тапсырмай-ақ конкурсқа қатысуға ие болады деген сөз.

«Қазір осы жаңа жүйе бойынша тиісті жұмыстар қолға алынып, биылдан бастап білім саласына енгізілетін болады. Ал, 2020-2021 оқу жылынан ЖОО-да 3 жылдық бакалавр бағыты ашылады. Мемлекеттік гранттар саны екі есеге өсіп, нақты мамандықтарға қатысы болмаған пәндер екі есеге қысқартылады», деп жазады өзбекстандық БАҚ.


Дәстүрлі мәдениет өнері мектеп бағдарламасына енді - «Ағажай-Алтай» порталы


Бастауыш мектептің оқушылары мұғалімнің жетекшілігімен қыш ыдыстарын жасауда, деп хабарлайды Қытайдың «Ағажай-Алтай» ақпараттық порталы.


Қытайдың Ішкі Моңғұл автономиялы өлкесіне қарасты Чиңшуйхы ауданының қыш өндірудің тарихы әріде жатыр. Сол себепті 2011 жылы Чиңшуйхыда қыш өнері материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген.

«Соңғы жылдары жергілікті әкімшілік Чиңшуйхы ауданында «Қыш өнерін мектеп ауласына жеткізу» атты шараны дамытқан. Мұның әсерінен балалардың қол өнерін жетілдірумен бірге дәстүрлі мәдениетті үйренуіне де мүмкіндік жасалды», деп жазады altxw.com.


Қытайдағы конькиші қазақ қызы әлемдік додада жүлделі орынға ие болды - «Жэньминь жибао» (People Daily)

2 ақпанда қытайлық ойыншылар Ақнар Адаққызы, Чен Сянюй және Ма Юхан әлемдік додада бақ сынады, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn.

«Келесі күні АҚШ-тың Милуоки қаласында коньки тебу спорты бойынша төрт құрлықтағы әйелдер командасының жарысы аяқталды. Чен Сяню, Ма Юхан және Ақнар Адаққызынан тұратын құрама 3 минут 14 секунд 153 уақытпен үшінші орынды жеңіп алды», деп жазады қытайлық БАҚ.


Базарұлы Ғабит: Түпкі мақсатым – силикон алқабын құру - kaznews

Осы аптада kaznews -те 13 жыл бойғы ақпараттық технология саласында жинақтаған білімінің көмегімен халықаралық нарықтан қаржы енгізу, шетел нарығына IT өнімдерді экспорттау бағытында жұмыс жүргізіп отырған моңғолиялық қандас Ғабит Базарұлынан алынған көлемді сұхбат жарияланды.

«2008 жылдың жазында АҚШ-тың бизнес әлеміндегі әйгілі Bloomberg Businessweek порталы күніне 10 мың рет жүктелген қолданбалы бағдарламаны /аппликейшн/ ерекше атап өтті. Бұл тәулігіне қаншама технологиялық жаңалықтар жарияланатын портал үшін онша маңызды емес еді. Алайда, сол бағдарламаны жасаған Моңғолия азаматтары болғандықтан бұл оқиға бізді елең еткізді. Еліміздің Ғылым және технология университетін бітірген түлектер ақпараттық технология отаны саналатын Америка назарын өздері жасаған аппликэйшн арқылы аудартқаны қызықты еді. Сол кез келген адам жасай алмайтын жаңалықтарын қазір де жалғастырып жүрген жиһанкез қазақ азаматының есімі – Базарұлы Ғабит», деп жазады моңғолиялық БАҚ.

Кең көлемде алынған бұл сұхбаттың соңында жас IT маманы өзінің алдағы негізгі жоспарымен бөліскен.

Ғабит Базарұлының түпкі мақсаты – АҚШ-тағы секілді силикон алқабын (Silicon Valley) құру екен. Онда биотехнология, нанотехнология дамитын болады. Ал технология дегеніміз - өте үлкен ұғым, дейді IT маманы. Ғ. Базарұлының дерегінше, 1960 жылдары Моңғол елі биотехнология саласында алдыңғы қатарда болыпты. Оның дәлелі малдың жұқпалы ауруларынан сақтандыру вакцинасы Моңғолияда өндірілген. Ал, қазір шетелден сатып алып отыр екен. «Бізге қазір ол кезден де ақылды болуымыз қажет еді. Алайда, керісінше кейінге кетіп барамыз. Соған таң қаламын», дейді технология маманы.

«Біздің қалауымыз – жоғары технологиялық «Моңғол алқабы». Онда білім алғысы келген жастарға оқитын мектебі мен бітірген соң жұмыс істейтін компаниялары дайын тұруы керек. Бұл менің ең үлкен арманым. Сол үшін ғұмырымды арнағым келеді. Бізде ондай қауқар бар. Мен қазір орта мектеп оқушыларымен жұмыс жасаудамын. Оларды дұрыс жолға бағыттасақ, өте үлкен жетістікке жететініне толық сенімдімін»,- деп түйіндейді Ғабит Базарұлы.


Халықаралық Кітап жәрмеңкесі Ыстанбұлда өтеді - TRT

CNR Халықаралық Кітап жәрмеңкесі 8-16 ақпан күндері Ыстанбұлда өтеді, деп хабарлайды Түркия Радио Теледидар порталы.


«Биыл «Зерттеу» тақырыбымен ұйымдастырылатын 7-ші кезекті CNR Халықаралық кітап жәрмеңкесі 8-16 ақпан күндері арасында CNR ЭКСПО Ыстанбұл жәрмеңке орталығында кітапсүйер оқырмандарға ұсынылады. Кітапқа қол қою күндері, сұхбаттар, семинарлар пен панельдерді қамтыған 700-ден астам іс-шара өткізілетін жәрмеңкенің құрметті қонағы полициялық романдардың шебері Ахмет Үміт болады», - деп жазады түркиялық БАҚ.

7-ші кезекті CNR Халықаралық кітап жәрмеңкесі аясында биыл кітап бағыштау науқаны да ұйымдастырылады. Осы арқылы жәрмеңке бойынша жиналған кітаптармен ауылдық мектептердің кітап қажеті қамтамасыз етіледі.


Соңғы жаңалықтар