Қытайдағы коронавирус: Бокстан іріктеу турнирінің мерзімі мен орны өзгерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қытайдың Ухан қаласында коронавирустың өршуіне байланысты кейінге шегерілген бокстан Азия аймақтық іріктеу турнирінің мерзімі де, өтетін орны да өзгеретіні мәлімделді, деп хабарлайды. ҚазАқпарат Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

«Халықаралық Олимпиада комитетінің бокс бойынша жұмыс тобы мен Қытайдың Олимпиадалық комитеті Ухандағы коронавирус инфекциясының таралуын жіті қадағалауда. Спортшылар мен ресми тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 3-14 ақпан аралығына жоспарланған 2020 жылғы Токио Олимпиадасына Азия/Тынық мұхиты елдерінің боксшыларын іріктеуді кейінге қалдыру шешімі қабылданған болатын. Іріктеу турнирі өткізілетін жаңа мерзім – 3-11 наурыз. Қазіргі кезде жарысты өткізетін орын қарастырылуда. Бір анығы, турнир Қытайда ұйымдастырылмайды. Жұмыс тобы турнирді қабылдайтын мемлекет пен қаланы анықтаған кезде барлық Ұлттық Олимпиадалық комитеттер, ұлттық федерациялар мен ресми тұлғалар хабардар етіледі», - делінген ХОК-тың ресми хатында.

Осылайша, бокстан Токио Олимпиадасына алғашқы іріктеу турнирі 20-29 ақпан аралығында Африканың батысындағы Сенегал елінде өтеді. Себебі Уханнан кейінгі квалификациялық жарыс дәл осы елде өтетіні жоспарланған болатын.






Соңғы жаңалықтар