Қытайдағы коронавирусты 830 адам жұқтырып, 25 адам көз жұмған – ҚР СІМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыртқы істер министрлігі коронавирусқа байланысты Қытайға баруды жоспарлап отырғандарды сақ болуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қытай Халық Респубикасының Ухан қаласында қоздырғышы коронавирустың жаңа түрі болып табылатын пневмания ауруының көптеген жағдайы тіркелген. Бүгінгі күні жұқтырғандардың саны 830-дан асып, 25 адам көз жұмды. Қазіргі уақытта Қытайдың денсаулық сақтау органдары осы вирустың провинциядан тыс жерлерде кең таралуын болдырмау жөнінде тиісті шараларды қабылдауда. Ухан қаласында және Хувей провинциясының басқа да жақын қалаларында карантин режімі енгізілді. Көлік қатынастарының барлық түрлері тоқтатылды», - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, ҚР СІМ Қытайға баруды жоспарлап отырған Қазақстан азаматтарына тиісті сақтық шараларын қабылдауды және эпидемиологиялық қауіпті жойғанға дейін жұқтырып алу қаупі жоғары Ухан қаласы мен Хувей провинциясына барудан уақытша бас тартуды ұсынады. Сонымен бірге, адамдар көп жиналатын орындарға барудан аулақ болу, жергілікті биліктің талаптарын қатаң сақтау қажет.

«Ауруға күдік туған жағдайда дереу медициналық мекемеге барып, Қазақстанның Қытайдағы елшілігіне хабарласу керек. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі СІМ-мен бірлесе отырып, Қытайдағы эпидемиологиялық жағдайды мұқият қадағалауда. Аурудың елімізге жетіп, таралу қаупін алдын алу мақсатында ҚР-да санитарлық эпидемияға қарсы және профилактикалық шаралар кешені қаралып жатыр», - деді ол.

Айбек Смадияров қазір Қазақстандағы әуежайларда санитарлық карантиндік бақылау жүзеге асырылып жатқандығын мәлім етті.

«Барлық жолаушы тепловизор сканерінен өтуде, бұл Қытайдан келетін рейстерге күшейтілді», - деді ол.





Соңғы жаңалықтар