Қытайдағы марафонда қазақтың салт-дәстүрі дәріптелді - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

548 ана – «Ана даңқы» орденімен марапатталды - Kaznews


Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулга 20 қыркүйекте Баян-Өлгий аймағына жұмыс сапарымен келді. Жұмыс сапары аясында ол 548 анаға «Ана даңқы» орденін табыстап, марапатталған аналарды құттықтады, деп хабарлайды моңғолиялық Kaznews ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, I–ші дәрежелі «Ана даңқы» орденімен 82, II-ші дәрежелі «Ана даңқы» орденімен 466 ана марапатталған.



Науаи ұнатпайтын адам - «ӨзА» ақпараттық агентті


Осы аптада «ӨзА» ақпараттық агенттігі «Науаи ұнатпайтын адам» деген тақырыппен адам мінезіне қатысты өзбек халқының мағынасы терең ертегісін ұсынды.

«Бірде Хүсейн Байқара сұлтан көмекшілерінің өсек сөзіне сеніп қалып, Әлішер Науаиді зынданға жаптырады. Артынан оның кінәсіз екені анықталып, сұлтан Хусейн шайырды қапастан босатыңдар деген пәрмен береді. Бірақ Науаи мұны орындағысы келмей, бәріне естіртіп «ол неғылған патша бір айтқан сөзінде тұрмайтын« деп, бостандыққа шығудан бас тартыпты. Ал, билеушінің бұйрығы еш талқылаусыз орындалатын болғандықтан сарай қызметшілері Науаиге «зынданнан шығыңызшы« деп қанша жалынса да, айтқандарына көндіре алмайды. Болмаған соң Науаидің жақын бір таныстарының ақылы бойынша, керемет бір мылжың кісіні тауып, оны ақынның жанына тастайды. Бір сағатқа жетпей-ақ ана мылжың ақымақ, өзінің бос әңгімесімен Науаидің миын ашытып, мезі қылғаны соншалық, шайыр екі қолын төбесіне қойып қашып кетуге шақ қалады. Ақыр соңында амал жоқ мынадай есуастан құтылу үшін, зынданнан шығуға келісім берген екен», деп жазады «ӨзА» ақпараттық порталы.

4 мың жылдық тоқыма станоктары табылды - TRT


Түркиядағы Денизлидің Чиврил ауданында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде 4 мың жыл бұрынғы тоқыма станоктарының бөліктері, тоқыма бұйымдары мен керек-жарақтар табылды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Аталған ақпарат көзінің келтірген дерегіне сүйенсек, Селчук дәуіріндегі Бехидже Сұлтан мазарындағы қазба және қалпына келтіру жұмыстарын доктор Эшреф Абай бастаған топ жалғастырып жатыр.

Эшреф Абай жұмыс барысында аймақтың тоқыма тарихы туралы маңызды жаңа ақпаратқа қол жеткізгендерін мәлімдеген.

«Бұған дейін олар 3600 жылдық деп болжаған тоқыма материалдарының бөліктерін осы аймақтан тапқан. Мұнда б.з.д. 1700 жылға дейін салынған ғимарат анықталған. Бұл құрал-жабдықтар ауқатты отбасына тиесілі болуы мүмкін деп топшылануда. Сондай-ақ, өте үлкен қоймалары да бар осы ғимаратта төңіректегі елдерден импортталған бұйымдар да табылды», деп хабарлайды TRT.


Ақсайдағы марафонда қазақтың салт-дәстүрі дәріптелді - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)


20 қыркүйек күні Қытайдың Гансу өлкесі, Ақсай қазақ автономиялы ауданында қазақтың ұлттық ерекшелігін, салт-дәстүрін, мәдениетін қолдауды мақсат еткен марафон өтті, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы».

Жарыс жеңімпаздарына ұлтымыздың дәстүрі бойынша ақ жаулықты әжелеріміз шашуын шашып, ақсақалдар ақ батасын берген. Ақсайдағы өзге ұлт өкілдері де қазақы дәстүрлерді дәріптеуді мақсат еткен бұл тойға қолдау білдірген. Марафонға қатысушыларға тойға жиналған жергілікті жұрт барынша жанкүйерлік танытты. Сөйтіп, қазақтың ұлттық ерекшеліктерін дәріптеу мақсатындағы әр ұлтқа кезекпен келіп отыратын бұл жолғы дәстүрлі марафон ойдағыдай өткен.

«Қуанышты мерекеде ат құлағында ойнап өскен халқымыздың ұлттық спорт ойындары ретінде қыз қуу, көкпар, аударыспақ сынды ойындары барша жұртқа көрсетіліп, көшпенді халықтың мәдениетін өзге ұлт өкілдері тамашалады. Ақсай аудандық мәдениет үйіндегі әншілердің әні мен бишілердің мың бұралған билері қазақ ұлтының мәдениетін тағы бір қырынан танытқандай болды...» деп жазады Қытайдың CNR ақпараттық порталы.

Бұл жолғы мәдени іс-шарадағы марафонға қатысуға ешқандай шектеу қойылмаған.

«Іс-шараны Ақсай қазақ автономиялы ауданының халық үкіметі және Гуанчжоу минзоу мәдениет, спорт және туризм бюросы ұйымдастырды. Жарыс барысында ерлер мен әйелдер арасында 5,6 шақырымдық жартылай марафон ұйымдастырылды. Бұл бәсекеге кәсіпқой спортшылар, спорт әуесқойлары мен студенттер бір алаңда бәсекеге түсу үшін жиналды», деп түйіндейді Қытайдың «Орталық халық радиосы».





Латын Америкасындағы халық балаларына түрік есімдерін бере бастады - TRT


Парагвайда халық өз балаларына түрік телехикаялары кейіпкерлерінің есімдерін бере бастады, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, түрік телехикаяларына тәнті болған Латын Америкасы елдеріндегі халық балаларына кейіпкерлердің есімін бере бастаған.

«Парагвайда көптеген түрік телехикаялары қаралатын Латын Америкасы елдерінің бірі. Ондағы «Registro Del Estado Civil» атты ресми ұйым өзінің твиттер-аккаунтында телехикаялардан шабыт алған азаматтардың балаларына қойылған кейбір есімдермен бөлісті... Жергілікті адамдар Шехразад, Керим, Кемал, Девран және Мұстафа сияқты есімдерді балаларына қоя бастаған...» деп жазады TRT.


Соңғы жаңалықтар