Қытайдағы спорт фестивалінде қыз қуу ерекше көзге түсті - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Өзбекстан мен Қазақстан арасында халықаралық жол ашылды - ӨзА


17 шілдеде «Бейнеу - Ақжігіт - Өзбекстан шекарасы» халықаралық автожолының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Бұл халықаралық автомагистральдің қайта жөндеу жұмыстары екі ел президенттері тарапынан 2017 жылдың 23 наурызында Нұр-Сұлтан қаласында қол қойылған болатын.


«Өткен айдың 21-ші жұлдызында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин Ташкент қаласында болған кезінде Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы екіжақтық стратегиялық серіктестік бойынша комиссия мәжілісі аясында Өзбекстан басшылығына «Бейнеу - Ақжігіт - Өзбекстан шекарасы» халықаралық автожолының салтанатты ашылуы рәсімінде үкімет делегаттарының қатысуы туралы ұсынысын айтқан еді», - деп жазады өзбекстандық БАҚ.


«Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев тапсырмасымен бүгін Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов басшылығындағы делегаттар «Бейнеу - Ақжігіт - Өзбекстан шекарасы» халықаралық автожолының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Шарада екі ел үкімет басшылығындағы делегат өкілдері мен жол құрылысының мамандары және де көпшілік қауым, БАҚ өкілдері болды. Автомагистральдің жалпы ұзындығы - 84 шақырым. Аталған тасжолдың құрылыс жұмыстарына 108 миллион АҚШ доллары жұмсалған. «Бейнеу - Ақжігіт - Өзбекстан шекарасы» тасжолы екі елдің де экономикасының адымдауына, тауар айырбастауының көлемі өсуіне оңтайлы қызмет ететін болады» деп түйіндейді uza.uz/kz.


«Қыз қуу» Қытайдағы спорт фестивалінде ерекше көзге түсті - «Орталық халық радиосы» (CNR)


Осы аптада Қытайдың Ішкі Моңғол автономиялы өлкесінің Коххот қаласындағы ипподромда ат спортынан жарыстар өтті. Жарыс бағдарламасы бойынша аударыспақ, теңге ілу, көкпар жəне бəйге сынды ат ойындарына әр ұлт өкілдерінің командалары қатысқан, деп хабарлайды қытайлық kazakcnr.com сайты.


Ақпарат көзінің мәліметінше, аталған мәдени шара «Аз ұлттардың XI бүкілмемлекеттік дәстүрлі спорт фестивалі» деп аталады.


«Бұл фестивальге Шынжаңнан арнайы барған қазақтар «қыз қуу» және «аударыспақ» ойынын көрсетті. «Қыз қуу» - қазақ, қырғыз сияқты ұлттардың дәстүрлі ат үстіндегі көңіл ашу қимылы. Бір қыз бен бір жігіт жұп болып, қызқуар салады. Бұндай спорттық ойын көбінесе той-томалақ, мереке-мейрамдарда өткізіледі» деп жазады қытайлық БАҚ.

Ең байырғы әшекей бұйымдарының бірі - «Олту тасы» туралы білесіз бе? - TRT

«Ерзурумда (Түркияның солтүстік-шығысындағы қала – авт.) шығарылатын Олту тасы (қара інжу) әлемдегі танымал ең байырғы әшекей бұйымдарының бірі екенін білетін бе едіңіз?» деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

Адамзаттың танымал ең байырғы әшекей бұйымдарының бірі Олту тасы (қара інжу) - Ерзурумның маңызды символдарының бірі. Өйткені, ең сапалы олту тасы осы территориядан шығады. Олтудың шикізатының табылуы қиын, алайда зергерлігі оңай тас. Өңірдің символы болған аталған тас аймақтағы жүздеген отбасының тіршілік көзіне айналып отыр. Кен байлығының аз болуы және шығарылуының қиындығы бұл зергерлік бұйымның құнын арттырады.


Түркиялық БАҚ-тың мәліметіне сүйенсек, топырақтан шыққан кезде өте жұмсақ болғанына қарамастан, ауамен тоғысқанда және өңделгеннен кейін қатаяды. Түсі көбінесе қара, кейде қоңырқай болып келгенімен, қолданған сайын жарқырайды. Шеберлер әртүрлі етіп өңдейді. Асыл тастар алқаға, сырғаға, жүзікке, темекі құтысына дейін көптеген әшекей бұйымына айналады. Әдетте, аталмыш тастан ең көп өндірілетіні және танымалы - таспиық. Олту тасынан жасалған таспиықтардың атағы Түркиядан өзге көптеген елге тарап кеткен дейді trt.net.tr басылымы.

Олту тасы зергерлігінің басталу тарихы 200 жылға созылады.

Орта Азиядағы ең үлкен Жантас жел электр стансасы - «Жэньминь жибао»

Бүгінгі таңда жел энергиясы балама энергия көздерінің арасында алдыңғы қатарда екені белгілі. «Қытай халықаралық электр күші» ЖШС қаржылық қолдауымен Қазақстанның Жамбыл облысындағы Жантас жел электр нысанының жұмысы жуырда басталды, деп хабарлайды Қытайдың People Daily ақпарат порталы.

Аталған жел электр стансасының ашылу салтанатында сөз алған Қытайлық компаняның басшысы Қазақстандағы жаңа энергияның болашағына қызығушықта екендігін жеткізген.


«Біздің «Қытай халықаралық электр күші» ЖШС Қазақстандағы жаңа энергияның болашағына қызығып отыр. Біз жергілікті компаниялармен бірлесіп, жоғары кернеулі электр стансаларын салуға ниеттіміз. Сол арқылы Қазақстан мен Қытайдың өндіріс қуаты серіктестігіне, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» құрылысына белсене атсалысамыз» дейді қытайлық компанияның бас директоры Тянь Жүн.

Ашылу салтанатына Жамбыл облысы әкімінің орынбасарымен бірге Қытайдың Алматыдағы бас консулы Мяо Хунбо да қатысып, компания басшысының сөзін қуаттады.

«Соңғы екі жылдан бері Қытай мен Қазақстанның өндіріс серіктестігі жоғары қарқынмен дамыды. Жантас жел электр стансасы - Орта Азиядағы сыйымдылығы ең үлкен жел электр нысаны. Бұл - Қытай мен Қазақстанның стратегиялық серіктестіктегі ең жаңа жемісі», - дейді бас консул Мяо Хунбо.

«Жантас жел электр стансасы 2018 жылы Қытай мен Қазақстанның өндіріс қуаты бірлестіктері тізімндегі негізгі нысандарға енгізілген. Жалпы, жұмсалған қаржы - 160 миллион доллар. Нысан жобасында 2.5 мегаваттық 40 жел электр агрегаты салынады. Жалпы, агрегат сыйымдылығы 100 мегаватқа жетіп, өндіріске қосылғаннан кейін жылына 350 миллион киловат сағат ток таратады» деп түйіндейді қытайлық БАҚ.

Иран: Сирек кездесетін ағаш ауыл - «Фарс» ақпарат агенттігі

Жергілікті ағаш ауыл Иранның Хорасан-е Разави облысының Нишапур қаласына жақын маңда орналасқан.

«Бұл – Иранда сирек кездесетін теңдессіз ауыл. Ол инженер Хамид Моджахедидің арқасында толығымен ағаштан салынған. Бұл ауылдың көрнекті жерлеріне ағаш мешіт, мұражай, кітапхана, мейрамхана, дүкен, наубайхана, күрке, жалға берілетін шағын бөлмелер мен жасыл кеңістік жатады», - деп жазады parstoday ақпарат агенттігі.


Ұлы Жібек жолы бойында заманауи керуен сарайлар салынады - ӨзА

Өзбекстан Республикасының туризмді дамыту комитетінде Қытайдың BES Cultural Tourism Group компаниясы өкілдерімен туризм индустриясының инвестициялық әлеуетіне байланысты кездесу өтті.

Бұл туралы осы аптада Өзбекстанның «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлаған болатын..

Кездесуде қытайлық делегаттар Ұлы Жібек жолының туристік дәлізі бойында заманауи керуен сарайлар салу жобасына инвестиция тарту ниеті бар екенін жеткізген.

Бұл сәулет құрылысының жобасында Қытай мен Орталық Азия қалаларындағы туризмнің дамыған орталарында (барлығы - 30) бірігіп инвестиция қорын құру көзделген.


«Қытайдың BES Cultural Tourism Group компаниясы өкілдері аталған жобаны жүзеге асыру мен меморандумға қол қою мақсатында Өзбекстан Республикасының Туризмді дамыту комитеті өкілдерін 10-12 қыркүйек аралығында Қытайдың Циан қаласында өтетін Халықаралық экономикалық форумға шақырды. Сондай-ақ қытайлық компания Самарқанда туристер үшін барлық қолайлы жағдай жасалған заманауи керуен сарай салуды алға тартып, ондағы ресторан, қонақ үй және сауда орындары мен ақпараттық дүңгіршектердің жобасына 100 миллион доллар инвестиция салу ниетінде екенінде жеткізді» деп жазады өзбекстандық БАҚ.

Өз кезегінде туризмді дамыту комитеті өкілдер қытайлықтарды 29-30 тамызда Жыззақ қаласында өтетін Халықаралық инвестициялық форумға шақырған.



Соңғы жаңалықтар