+7 (701) 759 90 19
USD 426.99 EUR 514.35
RUB 5.72 CNY 65.96
Jańalyqtar

Қытайдағы тағы бір қандас Токио Олимпиадасына жолдама алды  - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

2021 жылғы 18 сәуір 13:00
Бөлісіңіз:
Қытайдағы тағы бір қандас Токио Олимпиадасына жолдама алды  - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Ұқсас жаңалықтар

Бокс: Құлын Алтынбекқызы алғашқы жеңісіне қол жеткізді - Kaznews


Польшаның Кельц қаласында бокстан өтіп жатқан жастар арасындағы әлем біріншілігінде Жандос Асқарұлы шаршы алаңға шықты. 69 келіге дейінгі салмақта Жандос Асқарұлы тайландиялық қарсыласы Раттапол Кадамдуанды 4:1 есебімен жеңді, деп хабарлайды Моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы.

Құрама сапында 69 келі салмақ дәрежесінде 2019 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері Жандос Асқарұлы, қыздар арасында Налайхан ауданының боксшысы Құлын Алтынбекқызы бар.

«Польшаның Кельц қаласында бокстан өтіп жатқан жастар арасындағы әлем біріншілігінде 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бүгін (16 сәуір) шаршы алаңға шыққан моңғолиялық Құлын Алтынбекқызы да алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Алғашқы кездесуінде Құлын украйналық қарсыласы Дарья-Ольга Гутаринадан басым түсті», деп жазды Kaznews.

Айта кетейік, 11-24 сәуір аралығында Польшада бокстан жастар арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Моңғолия Бокс Федерациясы әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын боксшылардың тізімін жариялаған болатын.

Иранның жоғары оқу орындарына 133 елден студенттер қабылданды - Parstoday

Иран Ғылым министрлігінің ирандық емес студенттермен жұмыс жөніндегі жалпы бөлімінің бастығы Иран университеттеріне 133 елден студенттер қабылданғанын хабарлады, деп жазды Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.

Ирандық ресми өкіл Афшин Ахундзаденің айтуынша, Ауғанстан, Ирак, Сирия, Ливан және Қытай - Иранда ең көп студенттері оқитын бес мемлекет екен.

«Иран Ғылым министрлігінің ирандық емес студенттермен жұмыс жөніндегі жалпы бөлімінің бастығы парсы тілі мен, құқық және компьютерлік инженерияны Ирандағы шетелдік студенттер үшін ең көп талап етілетін оқу саласы ретінде атады», деп жазады Рarstoday.

Ясауи телехикаясы Қазақстанда көрсетіледі - TRT


Бұл туралы осы аптада Түркия радио телевизия порталы да хабарлады.

«Qazaqstan» телеарнасы 19 сәуірден бастап Түркияда түсірілген Қожа Ахмет Ясауи туралы телехикаяны көрермен назарына ұсынады.

«Түркияның TRT арнасы түсірген бұл телехикая «Мавера» деп аталады. Мавера – (араб тілінде «көрінетін әлемнің көрінбейтін арғы жағы» деген мағынаны білдіреді) көне Османлы тілінде қолданылған сөз. Қазақша «тылсым әлем», «қарсы жақ», «басқа дүние» деп аударуға болады», деп жазады TRT.

Түркиялық БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, Ясауи туралы телехикаяны түріктер жаңа форматта түсірген. Телехикаяда Қожа Ахмет өмірінің көпшілік біле бермейтін қырлары, жалпақ жұртқа беймәлім кезеңі көбірек суреттеледі. Сондықтан да бұл телехикая Қазақстан көрермендері үшін де қызықты болары хақ.

Айта кетейік, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның таяудағы Түркияға жұмыс сапары барысында Қожа Ахмет Ясауи өмірі туралы телесериал премьерасын Қазақстан мен Түркияда бір мезгілде көрсету туралы уағдаластыққа TRT-ның бас директоры Ибрахим Еренмен кездесуінде қол жеткізілген болатын. Сонымен қатар екі ел арасында түркі жұртына ортақ тарихи тұлға – Қорқыт ата туралы бірлескен сериал түсіруге келісім жасалған еді.

Шыңжаңдық тағы бір қандасымыз Олимпиадаға жолдама алды - «Жэньминь жибао» (People Daily)


9 сәуірде кешке Қазақстанның Алматы қаласында өткен күрестен Олимпиадалық іріктеу турнирінен жақсы жаңалық келді. Шыңжаң өлкесінен шыққан Уәлихан Серікұлы 60 келі салмақта грек-рим күресінен өнер көрсетіп, Токио Олимпиадасына жолдама алды, деп хабарлады Қытайдың People Daily ақпарат порталы.

Сонымен У. Серікұлы Токио Олимпиадасына жолдаманы әйелдер арасындағы еркін күрестен Руң Ниңниң мен ер боксшы Тоқтарбек Таңатханнан кейінгі шыңжаңдық үшінші спортшы.

Бұл күнгі жарыста Уәлихан Серікұлы ширек финалда кувейттік ойыншыдан 8:0 есебімен басым түсіп, одан кейін жартылай финалда тәжікстан балуанын 10: 0 есебімен жеңіп, соңғы финалға кірді. Финалда ол әлем чемпионы болған қырғызстандық спортшыдан 3:4 есебімен жеңіліп, екінші орынды місе тұтты.

Айта кету керек, Токио Олимпиадасының күрес жарысына қатынасу толымдылығын таңдау белгілемесіне сай, Азия құрлығындағы Олимпиадаға іріктеу жарысында әр елден келген спортшылардың (тек бір адам ғана) ішінен әр спорт түрі бойынша алдыңғы екіге кіргендер тікелей Олимпиада жолдамасына ие бола алады.

«30 жылдан астам уақыт бұрын Шыңжаң күресі ұлттық ойындарда алтын мен күмісті бірнеше рет жеңіп алған мықты ұлттық құрама болды. Алайда кейіннен әлемдік күрестің дамуымен Шыңжаң күрес командасының көрсеткіштері біртіндеп төмендеп кеткен болатын. 2010 жылдан бастап Шыңжаң күрес командасы қайта құрылған. Оған жетекшілік ету үшін Оңтүстік Корея құрамасының бұрынғы жаттықтырушысы Лю Ёнтайды жалдады. Әлем чемпионын тәрбиелеген бұл жаттықтырушы спорт саласына үлкен мән беріп, Шыңжаң күрес командасының негізін қалады. Соңғы жылдары шыңжаңдық Руң Ниңниң, Палиха, Уәлихан Серікұлы сияқты бірқатар спортшылар үздік отандық палуандар қатарына қосылды», деп жазады қытайлық БАҚ.

Айта кетейік, Уәлихан Серікұлы – 1993 жылы Шыңжаңның Дөрбілжін ауданында дүниеге келген. Қытай құрамасының сапында өнер көрсетеді. Қытай чемпионатының 4 дүркін жүлдегері, Мажарстан астанасы Будапештте өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионатында 3-орынды иеленген.

Баян-Өлгейлік балалар Сорабан сампин бойынша онлайн сайыста жүлделі болды - Kaznews


Елімізде 10 сәуірде балалар арасында сорабан сампин (жапон шоты және мидың оң жақ бөлігін дамыту) бойынша онлайн сайыс өтті, – деп хабарлайды Kaznews ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Баян-Өлгей аймағынан бұл онлайн сайысқа 12 бала қатысып, 3 алтын кубок, 2 күміс кубок иеленген. Сонымен қатар 7 қазақ бала мамырдың 29 күні өтетін халықаралық сорабан сампин жүйесінің сайысына қатысуға жолдама алды. Олар, Aйбану, Нұртілек, Жігер, Ерасыл, Елмира, Иманғали, Рабиа қатарлылар.

«Аталмыш сайысқа Баян-Өлгей аймағының жасөспірімдерінен бөлек Ұланбатыр қаласының 9 ауданы, Дархан, Булган, Дорнод, Архангай, Өвөрхангай, Дундговь, Хэнтий аймақтарынан және Швеция мен АҚШ-тан 300 жуық сорабан сампин қызықтаушы балалар бақтарын сынаған», деп жазады Kaznews.

Өзбекстанда пәтер жалдап тұратын студенттердің 50 пайыз жалдау ақысын мемлекет төлейді - «ӨзА» ақпарат агенттігі


13 сәуірде жастарды жұмыспен қамту және олардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру жөніндегі міндеттерді іске асыру мәселелері бойынша Өзбек Президенті жиын өткізіп, онда пәтер жалдап тұратын студенттердің 50 пайыз жалдау ақысын мемлекет төлейтіні жайлы айтты, деп жазады Өзбекстанның « ӨзА « мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Өзбекстандық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, бүгінде 130 мыңнан астам университет студенттері жалдамалы пәтерде тұрады. Үкімет бұл мәселені шешу үшін жеке бағдарлама дайындап жатыр. Бағдарлама бойынша, 1 мамырдан бастап студенттерге пәтер жалдау ақысының тең жартысы мемлекет есебінен төленбек.

«Бастапқы кезеңде бұл жүйе арқылы 60 мың жас қамтылуы жоспарланған. Сонымен қатар, шығындар мұқтаж студенттерге әкімдіктер мен университет есебінен өтеледі. Сол мақсатта 100 млрд сум қаржы бөлінеді», деп хабарлайды «ӨзА».


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Бейсен Сұлтан

Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT