Қытайдан күйші Сайраш Жармұхаметұлы құттықтайды: Өмірімнің мәні де, сәні де - домбыра

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Қазақ елінде айтулы мереке – Ұлттық домбыра күні. Барша қазақ үшін ерекше осынау күнге байланысты қазіргі күнгі Алтай күйшілік мектебінің негізгі орындаушыларының бірі, Қытай елінде тұратын қандасымыз, белгілі күйші Сайраш Жармұхаметұлы өз құттықтауын жолдады.

Әлемнің қай бұрышында жүрсе де «Нағыз қазақ - домбыра!» деген ұстаныммен өмір сүретін қазақ халқы үшін ата мұра домбыраның алар орыны ерекше! Көшелі күйші, Қытай жерінде кеңінен танылған Сайраш Жармұхаметұлының ақжарма тілегінде, Алтай жеріндегі күйшілік мектеп туралы ой өрбітіп және домбыра күні мерекесінің дәстүрлі төл өнерімізді ұлықтап, қоғамға, жас ұрпаққа насихаттауда маңызы ерекше екенін айтқан.

«Алтай Түркі жұртының кіндік мекені. Сондықтанда ерте замандардағы мәдениетіміздің көне із-сорабын Алтай жерінен іздегеніміз абзал. Күй туралы айтар болсақ та, бұл өңірде ең ежелгі, көнеден келе жатқан халықтық, аңыз күйлер көптеп кездеседі. Ол күйлерден ескі замандардағы қоңыр үнді дыбыстарды аңғарасың. Осы өңірде дамып, бүгінге жеткен Алтай-Тарбағатай күйлерінің үздік өкілдері деп Байжігіт, Бейсенбі Дөненбайұлы, Шалап Саудагерұлы, Қайрақбай Шәлекенұлы, Тайыр Белгібайұлы секілді дәулескер күйшілерді атауға болады. Ал осы күйшілердің дәстүрін жалғастырған саусағынан күй саулаған, Қытай қазақтарының ортасында кең танылған Дәулет Халықұлы - менің ауылдасым әрі ұстазым болды. Мен Дәулет Халықұлын көне күйшілердің дәстүрін жалғастырушы деп атауымның өзіндік себебі де бар. Қазіргі жас буын күйшілер бір күйді бәрі зауыттан шыққандай етіп бір мәнермен орындайды. Ал бұрынғы көйшілердің әрбірінің өз мәнері, тәсілі болған. Дәукең сондай өз шерту мәнерін, қағыс тәсілін, дара шеберлігін қалыптастырған күйші еді. Күй шерткенде басқа күйшілерде кездеспейтін өзгеше жаңғырық дыбыстарды қосып, күйдің болмысын байытатын. Мен бала күнімнен осы ағаларыма еліктеп, күй өнеріне ықыласым ауып, домбыра шертуге әуестендім. Қазіргі күнге дейін 50 жылға жуық осы өнердің жалына жармасып өмір сүріп келем. Ұлттық өнерге хал-қадірімше адал болып, халыққа, ұрпаққа күйімді шертіп насихаттап жүрмін. Күй қоржынымда көне күйлер көп, ескі сыбызғы күйлерін де жаңғыртып домбыраға салып шертемін. Бос уақытымда шеберханамда домбыра, қобыз жасаумен айналысатын тағы бір ермегім бар. Сондықтан өмірімнің мәні де, сәні де домбыра болып жүріп жатырмын! Ал, осы атамыздан, анамыздан келе жатқан қастерлейтін дүниеміз, асыл мұрамыз домбыраның мерекесі менің өз мерекемдей үлкен қуанышқа бөлейді! Ұлттық өнеріміздің қадірінің артуы, ұлықталуы, тойлануы халықтың мерейін асыратыны шүбәсіз. Күй дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа аманатталып өркендеп, дами берсін! Бесігіміз күймен тербелсін!», - дейді күйші Сайраш Жармұхаметұлы.



Соңғы жаңалықтар