Қызыл жолбарыс құпиясы. Жапондар Жамбылға неге таңғалды - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

Қожаберген батырдың зираты табылды - «Дидар» газеті

Осы аптада «Дидар» газетінде Жоңғар шапқыншылығында өмір сүрген қазақ тарихындағы айтулы тұлғалардың бірі, Абақ керейдің Шыбарайғыр руына ұран болған батыр – Қожаберген Жәнібекұлының (1698-1785) зираты табылғаны туралы мақала шықты. Мақалада автор батырды зерттеген бірқатар тарихшылар жазбасын салыстырып, сол кезеңдегі оқиғалар туралы қарап шыққанын алға тартады, олардан тізбек келтіреді. Кейінгі ізденушілерге де тарихтың тың беттерін барлауға болатындай тұстардан біраз жөн сілтейді.

Сосын қазақтың дәстүрінде ерте кезеңнен бері ел басқарған көсемдер, даңқты жауынгерлер, бақсы-балгерлер т.т. жерлеу ғұрпына аса мән берілгендігін, бабалар сүйегі жатқан жерлерді кие тұту ертеден келе жатқан үрдіс екенін айтады.

«Есімі Шыбарайғыр руының ұраны болған Қожаберген батыр сүйегі жатқан жер бабалық шежірелер болжамы ізімен және тарихи нақтылы жазба деректерге сүйене отырып іздестірілген-ді. Шетте жүрген ұрпақтарының есінде қалған шежіре деректері батырдың сүйегі «орыс жеріндегі Қалбаны жайлап, Ертісті күзеп, Тарбағатайды қыстап» жүрген тұста қалғандығын меңзейді. Жоғарыда аталған «Қожаберген батыр» еңбегінде иелігінде керей елінің бір мың түтіні бар Қожаберген және тағы басқа батырлардың дереккөзде көрсетілген уақыт аралығында Цин шекара қызметін атқарушылардың қоқан-лоқысы бола тұрған күннің өзінде де Тарбағатай тауының теріскейі мен күнгейінде, Зайсан көлінің маңындағы жайылымдық жерлерде көшіп жүргендігі жайлы деректер көптеп кезігеді» деген автор сондай деректерді де алға тартады.

Сондай деректерге сүйене отырып, ол :

«Жүргізілген ізденістер мен этнографиялық сауалнамалар нәтижесін жүйелей келгенде Қожаберген батыр зираты - Тарбағатай ауданына қарасты Танамырза елді мекенінің шығысынан ағып өтер жаңа Қарғыба өзенінің оң жақ қабағындағы жардың үстінен табылып отыр. Абылай сұлтанның сенімді серігі болып, есімі ел есінде сақталған кесек тұлғаның кесенесі шығыстың киелі жерлері картасының қатарын толықтыра түсетіндігіне еш күмән жоқ», - деп жазады.

Қызыл жолбарыстың құпиясы немесе жапондар Жәкеме таңғалып жатыр - «Жетісу» газеті

Алматы облыстық «Жетісу» газетінің жазуынша, Токиодан шығатын «Нихонтоюрашя» газетінің №1508 санында жапонтілді журналист, ғалым Шарафат Жылқыбаеваның «Қызыл жолбарыстың құпиясы» деп аталатын мақаласы жарық көрген екен. Онда автор қазақ фольклорындағы аң-құс символдарының мифологиялық, этнографиялық мәніне бойлап, тарихтағы көрнекті ел басшылары, ақын-жыраулардың киесі саналған тотемдік бейнелер туралы сөз қозғапты.

«Автор мақаласында қазақ мифтері мен ақын-жыраулар поэзиясынан үлкен орын алатын образдың бірі Тұран жолбарысы екенін айта келе ежелгі заманда қазақ халқының қызыл жолбарысты кие тұтқанын жеткізеді. Мақалада қызыл жолбарысқа қатысты аңыз-әңгімелер баяндалған. Қарасай батыр туралы тарихи деректерді мысал ете отырып, Қараш, Қараша батыр-билер өмірін де таныстырған. Бұдан кейін автор қызыл жолбарыспен байланысты Сұраншы батыр ерліктерін айта келе ұлы жырау Жамбыл Жабаев шығармашылығына тоқталады».

Сондай-ақ, жапон газетіндегі мақалада әйгілі Сарыбай би Айдосұлының өмірбаяны суреттеліп, халқының бейбіт өмірі үшін ғұмырын арнаған батыр-билер тағдырында қызыл жолбарыстың алар орны әдеби-публицистикалық тұрғыда сараланғаны жазылыпты, Сүйінбай Аронұлының Сарыбай би туралы айтқан сөздері де беріліпті.

«Нихонтоюрашя» газетінің жауапты редакторы Каджияма Тацушидің айтуынша, соңғы кезде редакцияға Шарафат Жылқыбаеваның мақалаларына қатысты пікір білдіріп, хабарласқан оқырмандар саны артқан. Мұның себебі, бұрын жапон баспасөзінде Қазақстан туралы мәлімет аз болса, қазір насихат белсенді түрде жүргізілуде. Жуырда жапонның фольклорлық «Гун» журналында Шарафат Жылқыбаеваның қазақ эпостарының дүниетанымдық мән-мағынасын талдаған көлемді ғылыми мақаласы жарияланып, оқырмандар арасында қызу талқыланған болатын», деп жазады газет.

Ауыл «қартайып» барады – «Ortalyq Qazaqstan» газеті

«Ауылдарда тап қазіргі күні кәрі-құртаң, қария-қарттар күнелтіп отыр. Өз қағынан өзі жеріген құландай жастары қалаға жосып кеткен. Әйтеуір, әлгі ертегідегі қарттар ауылынан айырмашылығы – арасында бюджеттік мекемелерде еңбек ететіндердің барлығы. Сосын күтпеген, тосын сый боп, төбеден топ еткен «жиендер» мен қалада қарайтын адам жоқтан ата-әжесіне амалсыз «жер ауып» жеткен шынашақтай немерелер».

«Ortalyq Qazaqstan» газеті ауыл көріністерін осылай суреттей отырып, жастардың қалаға қарай қашқыш боп бара жатқанын, қаладағы әлеуметтік-мәдени мүмкіндіктердің молдығы магнит секілді екенін айтады.

Автор ауылды тұрақты даму ошағына айналдыру туралы мәселеге талдау жасай келе, шетел тәжірибесін де алға тартады. ауылды дамытуға арналған жобаларға тоқталады. Орталық биліктің ауылға қатысты тапсырмаларын алға тартып, жергілікті жердіңжағдайына көз жүгіртеді. Ақыры ауылға қатысты тапсырма болғанымен, «әкімдер неге қимылсыз?» деген сұрақты көлденең тастайды. Уақытша алдаусырататын жұмыс емес, жастарды тұрақтандыратын қам керек екені айтылады. «Ресми мәліметтерден көріп отырғанымыздай, бағдарлама аясында қолға алынған жобалардың көбі жол жөндеу, мектептің іші-сыртын сырлау, әктеу, сипау, сол сияқты нысандарды өңдеуден аса алмайды. Ау, сонда Елбасы айтқан ел-жұрт нан тауып жеп, нәпақа қылатын тұрақты кәсіпорын, өнеркәсіп, бизнес ошағы қайда қалды? Әжептәуір әйдік бағдарламының аяғын қылдай қылмаса етті әкімдер. Жалпы, ауылды өсіру, я өшіру әкімдердің қолында тұр. Ендеше, ауылдардың обал-сауабы да соларда. Үкіметтің өзі берген қыруар қаржысын жер қазумен, жол жабуға ғана жұмсаудан әрі аспайтын әкімдердің жұртқа не қажеті бар деп ойлайсыз кейде…» деп түйіндейді тілші.

Қазақшаға бермей қара басты ма? – «Сарыарқа самалы» газеті

Мақала негізінен қазақ тілінің қолданыс аясын дамыту турасында болып, бұл міндеттің мектептен басталуы тиістігіне назар аударылыпты. Мақалада Павлодар облысында қазақтардың әлі күнге балаларын орыс тіліндегі сыныптарға беретіні айтылып, статистика да келтіріліпті. Дерекке сүйенсек, биыл Павлодар облысы бойынша алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған оқушылардың 62 пайызы ресми тілде білім алуға көшіпті.

«Биыл яғни 2019-2020 оқу жылында Павлодар облысы бойынша 15 982 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Алайда, оның тек 6139-ы ғана мемлекеттік тілде білім алуда. Яғни, өңірімізде алғаш мектепке барғандардың бар-жоғы 38 пайызы қазақ тілінде әріп тануда. 2018-2019 оқу жылында бұған қарағанда сәл де болсын жақсырақ еді. Өткен оқу жылында аймақ бойынша мектепке алғаш барған 12 058 оқушының 5133-і қазақ сыныбын таңдапты».

Мақалада аудандардан сандық деректер беріліп, тиісті мамандарды сөйлетіпті. Ал сол мамандар мәселенің төркінін өзге ұлт өкілдері санының көптігімен, елді мекендердің шекараға жақын орналасқанымен байланыстырған екен. Ең ақыры бала үшін шешім қабылдап жатқан ата-аналарға да байланысты екені мақала барысында аңғарылады. Мұны облыстық білім басқармасы да растаған.

«Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов: «Бала өз тілінде тәрбиеленбесе, өз халқына қызмет ете алмайды» деген. Ана тілінде тәлім-тәрбие алған ұрпақтан ұлтын сүйетін азамат өсіп шығады. Ал қазақтың қанына біткен құндылықты, ұлттық идеологияны орыс мектебі бойға сіңіре алмайды. Нәтижесінде, ана тіліне жарымаған жасөспірім өзгеге еліктеп өседі. Ұрпақ тәрбиесіне деген салғырттығымыз ұлтым деген ұл-қыздарымызды сиретіп жібермесе екен...» деп түйіндепті автор.

Ленинді таңғалдырған қазақ... - «Замана» газеті

Түркістан облысында шығатын газетте тоталитарлық саясат жылдарында жазықсыз жапа шеккендердің бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист Сұлтанбек Қожанов туралы мақала шыққан екен. Мақалада автор Сұлтанбек Қожановтың ұлтын шексіз сүйген көшбасшылығы туралы жазады. Сосын кеңестердің Бүкілодақтық төтенше съезінде Сұлтанбек Қожановтың Мәскеуде Лениннің алдында сөйлегенін келтіріпті.

«Ол орысша, қазақшаға судай және өте шешен сөйлейтін адам болған екен. Оның сөзіне Ленин: «Сіз өте білімді, қызуқанды қазақ екенсіз», – деп таңқалған екен. Сонда Қожанов: «Жоқ, Владимир Ильич, мен ең білімді, ең қызуқанды қазақ емеспін. Ондай қазақтар далада жүр. Болашақта олар өздерін танытады», – деген екен».

Жазуынша, 1937 жылы сталиндік жазалаушы саясаттың құрбанынан айналып, басына қара бұлт үйрілгенде Сұлтанбек 43 жаста болыпты. НКВД-нің адамдары келіп, үйіне тінту жүргізе бастағанда: «Сын бедняка преданно служил и служит революции и вдруг оказался врагом народа», – деп орындыққа отыра кеткен екен...

«Келіндер сиыр саумайды…» деп қашанғы күмілжиміз?.. – «Орал өңірі» газеті

Елбасының «Nur Otan» партиясының кеңейтілген отырысында «Екі сиыр сатып ал да, өзіңді асыра» деп айтқаны қоғамда қызу талқыланған еді. Әйтсе де осы сөздің астарына ой жүгіртпей, тікеге салып, төске шапшығандар қаншама?! «Орал өңірі» газетінде осылайша хайп қуып байбалам салып жүргендердің пікірі туралы мақала жарық көріпті.

Мақалада автор тәуелсіздіктің елең-алаңындағы қиын заманда көз алдыға келтіре отырып, сол уақытта өңірдегі жұртты сақтап қалған сол қазір күлкіге айналып жүрген екі сиыр екенін айтады.

«Екі сиырымызды сауып, табиғи таза ет, қаймақ-майымыз бен құрт-ірімшігімізді жеп, айран-көжемізді ішіп жанымызды сақтағанымызды қалай ұмытуға болады. Сонау 1932 жылдағы аштықтың иісі мұрнымызға да барған жоқ. Қазақ халқы сол заманда неге қырылды? «Қылышынан қан тамған» қызыл империя қазақтың алдындағы бар малын сыпырып алған еді. Ал біздің уақыт ше? Жарқыратып мінетін көлік пен бүгінгідей киетін киім болмаса да, алдымызда сауатын екі сиырымыз бен азды-көпті ұсақ малымыз болды. Осыған «тәубе» деп күнімізді көрдік. Сол кезді қалай ұмытамыз?»...

Мақала авторы кешегіден бүгінгіге оралып, қазіргі екі сиырдың мәселесін қайта қозғайды.

«...бір өкініштісі, сол қолда бар екі сиырымыздың сүтін сауып сатпақ түгілі, өзіміз шайға қатудан қалдық. Аудан орталығын айтпағанда, ауылдағы халық сиырды саумайтын болды. Дүкендерде сыртында сиырдың суреті бар, шыққан тегі белгісіз, қаңылтыр немесе қағаз қораптағы жасанды сүттер толып-ақ тұр. Кейбірі бейнеттеніп сиыр сауғаннан, қаңылтыр құтыдағы сүтті сатып алып, шайға қатқанды жөн көреді»...

Осы ретте мақала авторы өзі куә болған жайтты айтады. Жазуынша, жақында жұмыс бабымен шаруашылыққа жолы түскен. Ол жерде қожайынның қонақжайлығын көріп, дастарқанынан дәм татыпты. Әлгі төрт түлігі бар шаруашылықта дастарқанға қолдың қаймақ пен майының орнына маргариннен жеп, сүті жоқ қара шай ішкен. Үй иесі болса мал сауатын ешкім жоқ екенін айтып ақталыпты.

«Бұл жалқаулық па, әлде немқұрайлық па? Ойланып көріңізші, біз неден ұттық, неден ұтылдық?»...

Осындай мысалдарды келтіре отырып, автор екі сыйырдың пайдасын да шотқа салып, тербепті.

«Елбасы айтқан сөздің жаны бар. Үкіметке қол жая бермей, атакәсібімізді дамытып, төрт түлік малды өсіру қажеттілігі туындап отыр. Қазақтың басты байлығы атам заманнан бері төрт түлік емес пе еді?!» деп түйындейді автор.

Соңғы жаңалықтар