Қызылорда облысында Қарлаң көпірін салу мәселесі оң шешімін табатын болды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 10 мыңға жуық адамның жол қатынасын жақсартатын Қарлаң көпірін салу мәселесі оң шешімін табатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған көпір Қазалы ауданының аумағында орналасқан. Қазір Қарлаң учаскесіндегі Сырдария өзені арқылы көпір салу жобасының мемсараптама қорытындысы алынды.

Жобаның жалпы сметалық құны - 4,4 млрд теңге. Жобаны ҚР Ұлттық экономика министрлігі арқылы қаржыландыру мақсатында бюджеттік ұсыным әзірленіп жатыр.

Айта кетейік, «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолындағы жоспарланған көпір құрылысы 11 елді мекеннің байланысын арттырмақ.

Олардың қатарында аудан орталығы - Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласын, Өркендеу, Бірлік, Қожабақы, Аранды, Бозкөл, Ажар, Тасарық және Кәукей елді мекендері бар.

Көпір құрылысы аяқталса, шекаралас жатқан Өзбекстан мемлекетімен сауда-саттық қарым-қатынасы жақсарады.

Оған қоса Сырдария өзінінің арғы бетіндегі егін және балық шаруашылығын дамытуға оң септігін тигізеді.

Биыл Қазалы аудандағы жолдардың сапасы да едәуір жақсарған.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың айтуынша, бір жыл ішінде аудандық маңызы бар 64 шақырым мен елді мекенішілік 33 көше жөнделмек.

Сондай-ақ, 18 көше пайдалануға беріледі. Осыдан 3 жыл бұрын басталған Кәукей ауылына баратын автомобиль жолын аяқталмақ.

Ал, Қарлаң көпірінен Қожабақыға дейінгі, Қазалы қаласы мен Әлсейіт көпіріне дейінгі жолдар да жөнделмек.

Еске салсақ, Қызылорда облысында жол желісін дамыту жақсара түсті.


Соңғы жаңалықтар