Қызылорда облысында кәсіпкерлер мұқтаж отбасыларға тұрғын үй алып берді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында кәсіпкерлер баспанаға мұқтаж азаматтарға тұрғын үй алып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сырдария ауданына қарасты Шаған ауылының қос тұрғыны қоныс тойын тойлады. Жанашыр азаматтар екі тұрғынға көмек қолын созып, пәтер кілтін табыс етті.

Жергілікті тұрғындар көпбалалы ана Ақтолыс Әнуарова мен екінші топ мүгедегі Мұратбек Тәуекеловке үй алып беру туралы кәсіпкерлерге ұсыныс білдірген. Бұл ұсынысқа алдымен «Абай-Дәулет» ЖШС директоры, меценат Мұрат Сәрсенбаев қолдау білдірді. Кәсіпкер үйі апаттық жағдайда деп танылған көпбалалы ана А.Әнуароваға Шаған ауылынан тұрғын үй сатып алып берді.

«Біз әркез игілікті іске қолдау білдіреміз. Көпбалалы ана балаларымен жаңа баспанаға кіруіне қолдау көрсеттік», – деді кәсіпкер.

Ал баспанаға мұқтаж М.Тәуекеловке ауылдың Бердібек Қадыров бастаған Ербол Иса, Әділбек Пірәлиев, Ербол Бисенов, Гүлнар Жүніс, Бақытбек Жаңабергенов белгілі кәсіпкерлері жанашырлық танытты.


«Ауылымыз көркейіп, дамып келеді. Жыл бойына ауқымды жұмыстар атқарылуда. Міне, осындай елде тұрып біз тұрғындарға әркез қолдау білдіруіміз керек. Осы мақсатта ауыл тұрғынын баспанамен қамтамасыз етуге жұмылдық», - деді кәсіпкер Б.Қадыров.

Бұған дейін қызылордалықтар ауылдасына асарлатып үй салып берген болатын .


Соңғы жаңалықтар