Қызылорда облысында «Тіл сақшысы» рейдтері үздіксіз жүргізіліп келеді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының есеп беру конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс орталығындағы Достық үйінде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Бұл шара облыс әкімдігі тарапынан ұйымдастырылды. Конференцияға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет арнайы қатысты.

Конференция отырысында өңірдегі мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытында аталған қоғамның атқарған жұмыстары таразыланды. Алдағы міндеттер нақтыланып, облыстық филиалдың басқарма, алқа мүшелері және төрағасы, тексеру комиссиясының құрамы сайланды. Сондай-ақ, қоғамның кезекті VI құрылтайына делегаттар сайланды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық ұйымының кезекті құрылтайы 26 қарашада Түркістан қаласында өтеді. Осыған сәйкес ұйымның қалалық, аудандық филиалдарында, бастауыш ұйымдарда жиындар болды.

Конференцияда облыстық филиалдың төрағасы Сәдуақас Аңсат есепті баяндама жасады. Бүгінде аталған қоғам 7 аудан мен 2 қалалық филиалдағы 796 бастауыш ұйымдағы 38973 адамды мүше етіп біріктіріп отыр. 2012 жылдан бері қоғамдық ұйымның жұмысы жолға қойылған. Жылына 2 реттен мәжілісін өткізіледі. Онда басқарма мен алқа атқарылған істерді сараптап, жұмыс жоспарын белгілейді, төрағалардың есебін тыңдайды. Осы уақытта 3 республикалық конференция өтті, әр ауданда 2 жылда 1 рет облыстық семинар-кеңес өтуде.

Қызылорда қаласында және аудан орталықтарында «Тіл сақшысы» рейді үздіксіз жүреді. Түрлі меншіктегі мекеме, қызмет көрсету орындарындағы маңдайшадағы жазудан бастап сыртқы жарнамадағы заңбұзушылық пен қателіктерді анықтап, ескерту жасалуда.

Облыстық филиал басылымы - республикалық «Тіл сақшысы» газеті 2013 жылдан бастап шығуда. Бүгінде газет таралымы 12000 данадан асты. Ондағы таңдаулы мақалалар «Тіл сақшысы» - Намыс қамшысы» жинағына топтасып, жылына екі кітап шығарылады. Сондай-ақ «М.Әуезов шығармалары - қазақтың қоғамдық өмірінің энциклопедиясы» конференциясы, «Қызылорда облыстық, «Қазақ тілі» қоғамының 2011-2013 жылдары өткізген іс-шарасы», «Мемлекеттік тілдің қазіргі жайы және оның қолданыс аясын арттырудағы міндеттері», «Журналист әдебі» парақшалары шығарылды.

«Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалының төрағасы болып Сәдуақас Аңсат қайта сайланды.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысының ономастика саласындағы жұмыстары үздіктер қатарында бағаланды.


Соңғы жаңалықтар