Қызылорда облысындағы арнайы дүкенде азық-түлік 50 пайыз жеңілдікпен сатылады

None
None
СЫРДАРИЯ АУДАНЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қызылорда облысында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің депутаттар Сырдария ауданында бірқатар әлеуметтік нысандар жұмысымен танысты.

Сондай-ақ, мекеме қызметкерлері және жергілікті тұрғындармен жүздесті. Мәжіліс депутаттары аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы жұмысымен танысты. Орталық мамандарымен пікірлесіп, LED экраннан «Е-халық» ақпараттық жүйесі және бірқатар көп балалы аналардың әлеуметтік паспорты жұмысына зер салды. Депутаттар ақпараттық жүйеге байланысты сала мамандарына өз сауалдарын қойып, оны жетілдіру жөнінде ұсыныстарын білдірді.

Сырдария ауданында 17 459 экономикалық белсенді тұрғын тіркелген. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 1480 адам хабарласқан. Оның ішінде 1148 тұрғын жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылса, 331 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

Сырдария ауданында халықтың әлеуметтік осал тобынан шыққан көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларды қолдау, төмендетілген бағада азық-түліктермен қамтамасыз ету бағытындағы ашылған «Әлеуметтік дүкен» бар.

Мәжіліс депутаты Гүлшара Әбдіхалықова аталмыш жоба халықтың осал топтарына үлкен қолдау екеніне тоқталды. Депутаттар дұрыс үйлестірілген бұл жұмысқа оң бағасын берді. Бұл дүкен қызметін 86 отбасы пайдаланады. Дүкенде алғашқы кезекте азық-түлік өнімдері тұрғындарға жеткізіледі. Атап айтқанда, күріш, қант, ет, ұн, өсімдік майы 30-50 пайыз деңгейінде жеңілдікпен сатылады.

Бұдан кейінгі кезекте депутаттар бірнеше топқа бөлініп, аудандағы әлеуметтік нысандарды аралады. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Г.Әбдіхалықова, Н.Әлімжанов, Б.Смағұл «Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауда кент тұрғыны, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенов аудан орталығындағы тұрғын үй кварталында салынуы жоспарланған 4 көп қабатты тұрғын үй құрылысын қаржыландыру мәселесін көтерді. Қабылдауда «Шаған-Жер» ЖШС төрағасы Б.Қадіров «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автожолының бойындағы Шаған ауылының тұсынан айналма жол салу және аталған жолдың аймақтағы бөлінісін төрт жолақты ету жөнінде ұсынысын білдірді.

Кент тұрғыны А.Сапарова мен К.Әбибуллаева жұмыс қызметін бір жыл мерзімге ұзарту және тұрақты жұмысқа орналасу бойынша өз сауалдарын жолдады.

Іссапарда мәжілісмендер К.Әбсатиров, Н.Жұмаділдаева, Ф.Каратаев №11 Сырдария ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі мен №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде болды. Депутаттар мектеп-лицей базасындағы «Балапан» шағын орталығының жұмысымен танысып, тәрбиеленушілердің өнерін тамашалады.

Ал Мәжіліс депутаттары З.Аманжолова, Г.Шиповских аудандық ауруханада дәрігерлермен кездесті. Аурухананың қабылдау бөліміндегі «Триаж» жүйесінің және жүкті әйелдер мен ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдерге шұғыл жағдайларда медициналық көмек көрсету бөлмесі, оңалту және мейіргерлік күтім бөлімше жұмысы жөнінде мәлімет берілді.

Халық қалаулылары К.Мұсырман, А.Нуркина, Ж.Омарбекова көп балалы ана Ж.Махамбетова мен Шаған ауылының тұрғыны, көп балалы ана Ә.Келдібаевамен жүздесіп, әлеуметтік тұрмыстық жағдайымен танысты. Көп балалы аналар мемлекет тарапынан көмек алып жатқанын айтып, алғыс білдірді.

Іссапар аясында депутаттар Н.Ілиясов ауылындағы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектеп, ауыл мешіті, спорт кешені және ауыл әкімшілігінде болды. Ауылдық мәдениет үйінде ҚР Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің депутаттарының көшпелі отырысы өтті.

Жиында әлеуметтік осал топтағы жандар мен аз қамтылған отбасындағы балалардың мәселесі талқыланды. Халық қалаулылары балаларға кез келген әлеуметтік көмек бірдей көрсетілуі тиістігі жөнінде нақты жұмыстар жасалу керектігін жеткізді. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмектің жаңа шарты бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атады.

Сонымен бірге, отбасылардың біріңғай әлеуметтік картасын тағы да қайта жасақтау жөнінде тапсырма берді.

Соңғы жаңалықтар