Қызылорда облысындағы автобус апаты: Елжан Біртанов зардап шеккендердің жағдайын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қызылорда облысында жол апатынан зардап шекендердің жағдайын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыр жарақаттанған 6 адам облыстық ауруханаға жеткізілді. 16-сы орташа деңгейде, 7-теуі жеңіл-желпі жарақаттанған. Республикалық шұғыл медициналық көмек орталығы тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр, санитарлық авиация бригадасы да барды», - деді министр Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне.

Сонымен қатар ол қазіргі уақытта зардап шеккен барлық азаматқа қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын баса айтты.

«Жағдайды мониторингілеп отырмыз. Егер пациенттерді барынша жоғары технологиялық орталықтарға жеткізу қажеттігі туындайтын болса, онда біз оған да дайынбыз», - деді Елжан Біртанов.

Бұған дейін ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жанат Әбдірахманов 8 адам ажал құшқан «Қызылорда-Құмкөл» жолындағы апат жайында мәліметтермен бөліскенін хабарлаған едік.

Ал Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Ысқақовтың айтуынша, жарақат алған 21 адам облыстық және қалалық ауруханаларға жатқызылған.

«Оқиға орнында барлығы 7 жедел жәрдем көлігімен дәрігерлер жұмыс істеді. Санитарлық авиация желісі пайдаланылды. Жарақат алған 21 адам облыстық медицина орталығы мен қалалық ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 17-і облыстық медицина орталығында ем қабылдап жатыр. Оның 5-еуі жансақтау бөліміне орналастырылды. Ал қалалық ауруханаға жеткізілген 4 науқастың 1-еуі жансақтау бөлімінде. Оларға барлық тиісті емдеу шаралары жасалуда»,- деді ол.

Соңғы жаңалықтар