Қызылордада 18 баланы бауырына басқан патронат отбасы тұрады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында тұратын Бағдат Ахажанов пен Ақмарал Малбағарованы жерлестері талай баланы бауырына басып, патронаттық тәрбиемен айналысатын өнегелі отбасы ретінде жақсы таниды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ерлі-зайыптылар 2009 жылы балалар үйінен үш өренді патронаттық тәрбиеге алды. Олар өздерінің Қайрат есімді баласына серік болсын деген осындай ізгі істі қолға алды. Одан кейінгі жылы олардың қатарына тағы бір бала қосылды. Осылайша жылдан-жылға патронаттық тәрбиеге алынған балалардың қатары көбейді. Қазір бұл отбасы ұлы Қайрат және 18 баланың тәрбиесіне жеткілікті деңгейде көңіл бөліп, өмірден өз жолын табуына ықпал етіп келеді.

«Жанымызда сан қилы тағдыр иелері бар ғой. Кейбір жағдайда мұндай адамдар бала тәрбиесіне де мән бере алмай жатады. Бұл сәтте ол отбасындағы балалар қиындық көретіні белгілі. Енді бірі балалар үйінде тәрбие алуға мәжбүр болады. Қалай десек те олар үшін ата-ананың аялы алақаны қажет емес пе? Біз отағасы екеуміз ортақ шешімге келіп, сондай жағдайды бастан өткізіп отырған балаларды қамқорлық құшағына алсақ деген мақсат қойдық. Шүкір, қазір бұл ойымыздың дұрыс екеніне көзімізді толық жеткіздік. Күні кеше оң мен солын танып үлгермеген балалар бүгінде ес біліп, өмірден өз жолын таба бастады. Еңбекке араласып, өздерінің қабілетін танытып жатыр», - деді Ақмарал.


Бұрын патронаттық тәрбиеге алынған балалар арасында Гүлсім бүгінде отбасы құрған. Тағы үш бала қазір кәмелеттік жасқа толды. Олардың үлкені - Шәмшия - 23 жаста, қаржы саласы бойынша оқу бітірген, бүгінде шаштараз ретінде еңбек етіп жүр. Одан кейінгі 20 жастағы Артем 3 курста оқиды, оның дәнекерлеуші кәсібіне қызығушылығы бар. Ал медициналық колледжде фармацевт мамандығы бойынша оқитын 19 жастағы Анар маникюр кәсібін де меңгеруді қалайды. Одан кейінгі балалардың барлығы мектеп қабырғасында білім алады. Атап айтқанда, Анастасия мен Рамазан - 8, Карина, Виктория, Ислам - 7, Никита мен Мөлдір - 5, Расул - 4, Павел мен Мұхамбет -2 сыныпта оқиды. Сондай-ақ, бұрын патронаттық тәрибеде болған бір отбасының 4 баласы өздерінің бұрынғы шаңырағына қайта оралды.


«Балалардың оқу үлгеріміне назар аударып отырамын. Балалардың барлығы қаладағы №212 мектепте қазақша оқиды. Кейбірі түрлі байқауға қатысып келеді. Павел есімді балам қара сөзден оқудан өзінің қабілетін көрсетіп жүр. Оны еркелетіп Нұртас деп айтамыз. Өзі сол есімді қалады. Мектепте де солай деп атайды. Сондай-ақ, өздерінің ісін бастап кеткен Шәмшия мен Анарға да көмектесемін. Өзім бұрын түрлі кәсіпті атқардым. Қазір патронаттық тәрбиемен айналысуыма байланысты педагог мамандығын да меңгердім», - деді Ақмарал.

Ата-ана қателігінен бала зардап шекпеуі тиіс. Ақмарал Малбағарова дәл осы пікірге арқа сүйейді. Сондықтан әрбір жеткіншектің түзу жолға түсуіне барынша ықпал жасап келеді.


Соңғы жаңалықтар