Қызылордада Абайдың 175 жылдығына орай бірқатар іс-шара өтеді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында биыл қазақ халқының көрнекті тұлғасы Абайдың 175 жылдығына арналған мәдени іс-шаралар жоспары нақтыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлы ақынның мерейтойлық шарасы Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында «Абай» спектаклімен басталды. Бұл спектакль жыл бойы жүргізіледі. Сондай-ақ, Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Кемеңгерліктің биік шыңы - Абай» тақырыбымен кеңейтілген тұрақты көрме ашылды.

«Енді 12 ақпан күні C. Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында «Қанат жайған руханият» атты тақырыптық көрме жұмысын бастайды. Көркемсурет галереясында 21 ақпаннан бастап Семей қаласынан арнайы шақыртумен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің «Абай - дана, Абай - дара қазақта» көшпелі көрмесі көпшілік назарына ұсынылады. Бұл шара облыс халқының Абай әлемімен жақын танысуына жағдай жасау мақсатында қолға алынады. Ал 27 ақпан күні «Даналыққа құрмет, ерлікке тағзым» атты республикалық ақындар айтысы өткізілсе, Сыр өңірінде алғаш рет Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди «Абай» операсынан үзінді қойылып, «Көзімнің қарасы» атты облыстық вокалистер конкурсы, «Ұлы дала ырғақтары» атты Абай әндеріне қойылған облыстық би байқауы болады», - деді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова.

Басқарма басшысының айтуынша, одан кейінгі кезекте «Ұлы халықтың - Ұлы Абайы», «Абай дара, Абай дана қазақта», «Әлемге танылған Абай», «Кемеңгерліктің биік шыңы – Абай», «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе» атты кітап көрмелері мен әдеби кештері, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің «Абайдың ән әлемі» атты концертін өткізу жоспарланып отыр.

Бұдан бұрын Қызылордада «Абай қазынасына саяхат» клубы ашылды.



Соңғы жаңалықтар