Қызылордада аграрлық салада экспортқа шыққан тауардың 98 пайызы - қайта өңделген өнімдер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында аграрлық саладан экспортқа шыққан тауардың 98 пайызын қайта өңделген өнімдер құрап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жөнінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова елордадағы Орталық коммуникациялар алаңында өтіп жатқан брифингте мәлім етті.

Облыс басшысының айтуынша, экономиканы әртараптандыру арқылы өңірде жаңа өнім өндіруге мән берілген. Оған қоса экспортқа шығатын тауарлар көбейді.

«Биыл алғаш рет Ресейге мұздатылған көкөніс пен қызанақ экспортқа шықты. Ал, Германияға 420 тонна қамыс жіберу жолға қойылды. Қазір облыста әлемнің 17 еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 11 түрі экспортталып отыр. Пандемия қиындығына қарамастан сыртқы нарыққа өнім өндіру 12 пайызға көбейді. Оның 98 пайызы қайта өңделген өнім болып отыр», - деді облыс әкімі.

Биыл өңір диқандары Сырдариядан келетін судан тапшылық көрді. Соған қарамастан күріш өндіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 15 мың тоннаға артық болды.

Гектарына 61,8 центнер өнім алынып, қамбаға 550 мың тоннадан астам күріш құйылды.

«Суармалы суға байланысты өзекті мәселелерді азайту үшін көлемі 2,3 миллиард текше метрді құрайтын 6 су қоймасын салуды жоспарлап отырмыз.Сондай-ақ, Қызылорда және Әйтек су тораптарын қайта жаңғырту, Жиделі су қоймасын жөндеу, Жалағаш ауданындағы ирригациялық дренаж жүйесін жетілдіру (15 мың га) бойынша ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру қолға алынды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында 143 мың гектар аумақтағы алқаптың ирригациялық және дренаждық жүйесін, 29 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру және айналымға енгізу жобалары іске асырылады», - деді облыс әкімі.

Облыстың аграрлық саласында жаңашыл жобалар қолға алынбақ. 2021 жылы Қазалы ауданында жаңбырлатып суару тәсілімен 87 гектар жүгері егіледі.

Сондай-ақ, Жаңақорған ауданында томат пастасы өндірісін ашуға бағытталған 3 мың гектар қызанақ егу бірінші кезекте іске асырылмақ.

Соңғы жаңалықтар