Қызылордада халықтың 71,7 пайызы әкім сайлауында таңдау жасап үлгерді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Ауыл әкімдерінің сайлауы Сыр өңірінде жоғарғы қарқынмен өтуде. Қазірге дейін сайлаушылардың 71,7 пайызы өз таңдауын білдіріп үлгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс бойынша 54 сайлау учаскесінде тізімге енгізілген 36 071 сайлаушы бар.

Келіп түскен ақпарат бойынша қазір дауыс бергендер саны 25 873 адамға жеткен. Ол - сайлаушылардың 71,7% құрап отыр.

Арал ауданында 12 округте сайлау өтуде. Онда қазірге дейін 78% ауыл халқы өз таңдауын жасап үлгерген.

Сайлаушылардың белсенділігін арттыру бағытында түрлі акциялар да ұйымдастырылған.

Мәселен, шалғайдағы Қарақұм ауылдық округінде ауыл әкіміне дауыс беруге келген Марал Нұржанова 100-сайлаушы ретінде тіркеліп, арнайы сыйлыққа ие болды.

Ал Қазалыда ең жас сайлаушыға сый-құрмет көрсетілді. Өз кезегінде алғаш рет дауыс беру құқығына ие болған Айбибі Оразбек егемен елдің болашағы үшін барша замандастарын дауыс беруде белсенді болуға шақырды.

Қармақшының Ақай ауылында сайлаушылардың көшін ардагер Құрымжан Темірбаев бастады.

78 жасты еңсерген ауыл ақсақалы ел үшін маңызды саяси қадамның сәтті жүзеге асуын тілеп, ақ батасын берді.

Жалағаштағы жұртшылық та тарихи күні жоғары жауапкершілікпен ел тұтқасын ұстар үміткерді таңдауға атсалысуда.

Аудандағы Қаракеткен ауылына әкім болуға 4 адам үмітті.

Ауыл әкімдігіне үміткерлердің сайлауалды бағдарламасымен тыңғылықты танысқан көпбалалы ана Рысқал Қалданова ең бірінші болып дауыс беруге келген.

Сырдария ауданы Н.Ілиясов ауылдық округіндегі сайлау учаскесі де дауыс беруге келушілерге сыйлық табыстауды ұмыт қалдырмады.

Сыйлықтың иегері 500-сайлаушы болған, ауыл тұрғыны Бағдат Қошқаров атанды.

Шиелі ауданы Жөлек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейткерей Әбенов ақсақал ең бірінші болып дауыс бергені үшін марапатталды.

Ал Жаңақорғанда жас буынның белсенділігі жоғары. Аудандағы ең жас дауыс беруші Алмат Өскенбай бұл сайлаудан күтері көп екенін жасырмады.

«Бастысы туған жерін түлетіп, ауылды гүлдендіруге қарымы жетер азамат әкім болса», - деп тілейді ол.



Соңғы жаңалықтар