Қызылордада кәсіпкерлер ауруханаларға 39,7 млн теңгенің меджабдықтарын табыстады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында кәсіпкерлер медициналық мекемелерге жалпы құны 39,7 млн теңгені құрайтын 1 өкпені жасанды тыныстандыру аппараты мен 15 оттегі концентраторын тарту етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыс орталығындағы бірқатар медициналық мекемелерді аралау барысында емдеу мекемелерінің жай-күйімен танысты. Айта кетелік, қала әкімдігінің ұйымдастыруымен және кәсіпкерлердің қолдауымен 39,7 млн. теңгеге медициналық жабдықтар алынған болатын. Нәтижесінде емдеу орындарына 1 өкпені жасанды тыныстандыру аппараты мен 15 оттегі концентраторы табысталды. Оларды алуға «Сәт-Сервис», «Бақ-Береке 2030», «Асанас-Дар», «МетПромМонтаж», «Нұр-Ай Ақжол», «Алтын Айдарлы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Сапақ» өндірістік кооперативі қаржылай қолдау көрсетті.

Жаңа құрылғылар қалалық, облыстық жұқпалы аурулар, облыстық балалар ауруханаларына және «Ана мен бала» орталығына табысталды. Қала әкімі сын сәтте демеушілік танытқан кәсіпкерлерге тұрғындар атынан алғыс білдірді.

Нұрлыбек Нәлібаев одан кейін медицина саласындағы мәселелерге назар салды. Мәселен облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Зоя Көшенова өзі басқаратын емдеу мекемесінің реанимация бөліміне жөндеу қажет екенін мәлімдеді. Негізінде 12 орынға лайықталған орталық 3 жылдан бері тек ағымдық жөндеуден өтіп келген. Алайда, жансақтау бөлімі толығымен жаңалауды қажет етеді. Бұл мәселені қала әкімі демеушілік есебінен жақын уақытта шешіп беретінін жеткізді.

Айта кетейік, қаупті вируспен күресте жергілікті еріктілер де белсенділік танытты. Олардың қатарында кәсіпкерлер, құрылысшылар және мәслихат депуттары да бар.

Пандемия кезінде 400-ден астам дәрігер отбасынан оқшауланып, белгіленген ғимараттарға орналастырылды. Оларға қала кәсіпкерлері қолдау көрсетті. Мәселен, «Қызылорда» қонақ үйі 110 дәрігерді жатын орынмен қамтамасыз етсе, «Бәйтерек» қонақ үйінде 49 дәрігердің демалуына жағдай жасалды. Сондай-ақ, «Арбат» қонақ үйінде облыстық туберкулез диспансерінің 30 дәрігеріне орын берілді.

Сондай-ақ, Қызылордаға соңғы аптада 200 оттегі концентраторы жеткізілді.


Соңғы жаңалықтар