Қызылордада қоғамдық орындардың жұмысы шектелді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында көліктер қозғалысы мен қоғамдық орындардың жұмысына шектеу қойылды. Бұл жөнінде облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Әлия Әбдіқайымова арнайы қаулы шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің хабарлауынша , қаладағы көліктер қозғалысы мен қоғамдық-көпшілік орындардың жұмысына шектеу қойылған.

Қызылорда қаласының автовокзалы мен реттелмейтін автотұрақтардан жүретін облысаралық, қалааралық, ауданаралық автобустар, шағын автобустар, таксилер және өзге де автокөлікпен жолаушы тасымалдау 30 наурызда сағат 00.00-ден бастап тоқтатылады. Сондай-ақ, дәл осы уақыттан облыс орталығындағы саябақтар, сауналар мен массаж бөлмелері, бильярд бөлмелері, интернет клубтар, ойын бөлмелері, боулинг орталықтары, букмекерлер, спорттық кешендер (үйірмелер, секциялар), футбол алаңдары, балалардың даму орталықтары және басқа да халық көп шоғырланған нысандардың жұмысы тоқтатылады.

Ал автокөлік, киім-кешек, мал базарлары, тойханалар, той салондары, банкет залдары және үй жағдайында өткізілетін барлық мерекелік, дәстүрлік (өзге ұлттардың ата-аналар күні, құран оқыту т.б.) іс-шараларға да шектеу қойылды.

Қызылордада 28 наурызда коронавирус жұқтырған алғашқы адам тіркелсе, 29 наурызда ол науқаспен қарым-қатынаста болған медбикеден де сол диагноз нақтыланды. Бүгін өңірде коронавирус жұқтырған тағы үш адам анықталды.


Соңғы жаңалықтар