Қызылордада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Ten Qogam» жобасы қолға алынады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Ten Qogam» әлеуметтік жобасы қолға алынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қорғау шаралары саласындағы үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Өңір басшысы жиналыста мүгедектігі бар азаматтар үшін қолайлы орта құру, оларды әлеуметтік қолдау, жұмыспен және қажетті оңалту бағдарламалардың орындалу барысына назар аударып, жауапты сала басшыларының есебін тыңдады.

«Елімізде мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы шектеулі өзге де азаматтар үшін «есіктен есікке дейін қағидаты» бойынша кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету шараларын қабылдауға назар аударылған. Бұл бағытта мемлекеттік органдар мен меншік нысанына қарамастан барлық мекемелер тиісті жұмыстарды атқарып келеді. Десе де әлі де реттелуі тиіс жұмыстар бар. Мен өзім қаладағы мемлекеттік және мемлекеттік емес бірнеше нысандарды аралап көрдім. Онда орналасқан пандустардың өзі нормативтерге сәйкес келмейтінін аңғардым», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Облыс әкім мүгедектігі бар жандарға арналған пандустардың орнатылуы көп жағдайда сын көтермейтінін алға тартты. Мұндай келеңсіздіккге жол бермес үшін нысандарды қабылдауда үкіметтік емес ұйымдар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қатыстыру керектігін тілге тиек етті.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Гаухар Қалмақова мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту мәселелері және үйлестіру кеңесі мәжілісінің хаттамалық тапсырмаларының орындалуы барысын баяндады. Сондай-ақ, өткен жылы әзірленген мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Жол картасының орындалу барысына тоқталды.

Отырыста Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев облыс орталығында кедергісіз орта қалыптастыру, мүгедектерді жұмыспен қамту шараларын айтып өтті. Қала әкімі биылғы жылға жоспарланған 34 нысан толығымен ұлттық стандарттарға сәйкес екенін және мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында қаладағы мекемелердің жұмыскерлердің тізімдік санына қарай 2-ден 4 пайызға дейінгі мөлшерде квота бекітілгенін мәлімдеді. Сонымен бірге, өңірде қараша айынан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Ten Qogam» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылады. Жоба аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік, құқықтық, психологиялық көмек көрсету, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, өз ісін бастауда кәсіпкерлікке баулу, әлеуметтік дағдыларды үйрету шараларын іске асыру жоспарланған.

Кеңес отырысын қорытындылаған аймақ басшысы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдарды оңалту бағытындағы жұмыстарды үйлестіруді және әлеуметтік қызметтер порталын қолдану бойынша мүгедектігі бар азаматтарға түсіндірме жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы шектеулі басқа да азаматтар үшін қолданыстағы және жаңадан салынатын тұрғын үйлерді, қоғамдық ғимараттарды бейімдеу жұмыстарын жүргізу, қала және аудан әкімдеріне мүмкіндігі шектеулі азаматтарды арнайы көлікпен қамту және жұмысқа жарамды мүгедектігі бар адамдарды тұрақты жұмыс орнымен қамтылуына жағдай жасауды міндеттеді. Облыс көлемінде 30 мыңнан астам ерекше күтімді қажет ететін адам бар болса, оларға қолайлы орта қалыптастыру мен тең мүмкіндік тудыру баста назарда болатынын айтқан еді.

Еске салсақ, Қызылорда облысында биыл 186 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды.



Соңғы жаңалықтар