Қызылордада он төрт күннің ішінде 1 231 адам коронавирус жұқтырды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада биылғы жылдың 14 күні ішінде 1 231 адам коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен апталардағы көрсеткіш бойынша облыста коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық ахуалы күрт күрделеніп отыр. Биылғы жылдың 13 қаңтарынан бастап облыс «қызыл» аймақта тұр. Жыл басынан бері 1 231 адам коронавирус жұқтырды. Ол өткен айдағы көрсеткіштен бірнеше есеге жоғары.

Облыста 14 қаңтарда 320 адам коронавирус індетіне шалдықты. Бұл пандемия басталған кезден бері тіркелген ең жоғары деңгей - антирекорд.

Эпидахуалдың күрт нашарлауының негізгі себебі - мерекелік демалыстар кезеңіндегі халықтың қозғалыс белсенділігінің артуы, қонаққа бару, қонақ шақырудың жиілеуі, ұжымдық іс-шараларда санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың орындалмау. Сонымен қатар, өңірде «омикрон» штамының болу ықтималдығы туралы болжам да бар.

«Бүгінгі күні «омикрон» штамы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында зертханалық жолмен расталды. Бұл үлкен алаңдаушылық туғызады. Себебі, облысаралық, қалааралық миграция вирустың таралуына үлкен қауіп төндіреді. «Омикрон» штамының «дельтаға» қарағанда жұғу жылдамдығы 5 есеге жоғары. Адам ағзасында 70 есе тез көбейеді. Өлім-жітім көрсеткіші жоғары болмағанымен, көпшілік жағдайда вирус тудыратын ауыр зардаптарымен қауіпті. Яғни «омикронмен» ауырған адамда тромбоз, инфаркт, инсультке шалдығу, мүгедектік халге түсу тәуекелі өте жоғары болады», - деді Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жанабергенова халыққа жариялаған үндеуінде.

Осыған байланысты «омикрон» штамының таралуына қарсы карантиндік шаралар қайта күшейтілді. Карантиндік талаптар әрбір азаматтың денсаулығын қорғауға және өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылықты жақсартуға бағытталған.

«Барлық болжам біздің өзімізге, қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету деңгейіне, әрқайсымыздың әрекетімізге тікелей байланысты. Вакцинация талай эпидемияларды жеңудегі бірден-бір құрал екені белгілі. Сондықтан азаматтық жауапкершілік танытып, ұжымдық иммунитетке қол жеткізудің қамын жасауымыз керек. КВИ-мен сырқаттанушылықтың өсуіне қарсы іс-қимылдың бірден-бір пәрменді шарасы - вакцинациялау мен ревакцинациялау, әлеуметтік байланыстарды шектеу. Үй-жайлардағы халық тығыздығын азайту вирустың таралу қаупін азайтады. Себебі ауру жұқтыру көбіне тығыз байланыста болатын жерлерде, желдетуі нашар бөлмелерде арта түседі. Жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып, шетелдік сапарларды кейінге қалдырған дұрыс», деді Д. Жанабергенова.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысы бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы шықты.


Соңғы жаңалықтар