Қызылордада тіректі елді мекендерді газға қосу қарқынды жүргізілуде

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында тіректі елді мекендерді газға қосу жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл өңірде 3 аудан орталығы - Жосалы, Жалағаш және Тереңөзек кенттері газдандыру жұмыстары толық аяқталды. Осылайша 46 мың тұрғын табиғи газбен қамтылды. Нәтижесінде облыстағы барлық аудан орталығына табиғи газ құбырлары жеткізілді.
Алдағы уақытта аймақтағы ірі елді мекендерді газға қосу бойынша жұмыстар жасалуда.
«Облыс тұрғындарының табиғи газға қосылу үлесі 65 пайызды құрады. Бүгінде аймақтағы тіректі елді мекендерді көгілдір отынмен қамту жұмыстары қарқынды жүруде.

Атап айтсақ, былтыр Арал ауданындағы Жақсықылыш кенті, Қазалыдағы Ғ.Мұратбаев және Шиелідегі Байсын елді мекендеріне көгілдір отын жеткізілген.

Ал биыл Қазалы қаласы, Шиелі ауданындағы Н.Бекежанов пен Ш.Қодаманов ауылдарына газ тарту құрылысы аяқталуға жақын. Қармақшы ауданындағы Төретам кенті мен Ақай ауылына көгілдір отын жеткізу жұмыстары 2022 жылдың соңына дейін жүзеге аспақ. Ол үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Қала маңындағы Наурыз және Ж.Махамбетов ауылдарын газдандыру үшін республикалық бюджеттен 500 млн теңгеге жуық ақша қаралып, жұмыс жоспар бойынша 2023 жылы аяқталуы керек.

Сондай-ақ Ауыл ел-бесігі бағдарламасы аясында Қазалы ауданына қарасты Қ.Пірімов, Жалаңтөс батыр, Басықара ауылдарын газдандыру жоспарлануда», - деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов.

Еске салсақ, «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында Қызылорда облысында 3 жылда 173 жоба жүзеге асырылды.


Соңғы жаңалықтар