Қызылордада ұстаздар вакцина салдыруда белсенділік танытып отыр

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында ұжым мүшелері түгелдей коронавирусқа қарсы вакцина салдырған білім беру мекемелері бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, №179, 215 және «Нұрбесік», «Бөбек», «Қарлығаш» балабақшалары жауаптылық танытты. Облыс орталығындағы білім беру мекемелеріндегі ұстаздар вакцина алуды биыл сәуір айында бастаған еді. Бұл бағытта тиісті түсіндіру ғана жүргізілді. Осылайша мұғалімдер саналы түрде өз еркімен екпе салдырған.

Солардың бірі - №179 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Алтынбек Жұмагелдиев өзге де әріптестерін вакцина алуға шақырды.

«Мектеп ұжымдарының басшыларына, әріптестеріме қазіргі эпидемиологиялық жағдайды түсіне отырып, саналы түрде вакцина алуға шақырамын. Біздің мектеп ұжымы аталған іске жауапкершілік танытты. Оған өзге де әріптестерім үн қосады деген ойдамын», - деді ол.

Ұстаздар балалар денсаулығына назар аудару қажеттігін айтады. Бұл орайда екпе қабылдаудың маңызы ерекше.

«Бізге ата-аналар балаларын сеніп тапсырып отыр. Сондықтан оқу саласында олқылықтарға жол бермеуге тиіспіз. Әр педагог бірінші өз денсаулығын ойлауы тиіс. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігі - басты орында», - деді №215 орта мектептің бейінді оқыту ісі жөніндегі орынбасары Жадыра Нұржақыпова.

Еске салсақ, өткен тәулікте Қызылорда облысында 168 адам коронавирус жұқтырды.


Соңғы жаңалықтар