Қызылордада жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын электр станциялары салынады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын электр станцияларын құру жобасы жүзеге асады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов «Renovatio Group» компаниясының құрылтайшысы Джеймс Колтер Иеди, EDPR компаниясының өкілі Дуарте Нуно Менедес да Коста және «BDC Consulting KZ» компаниясының директоры Ахад Махмудовпен кездесті.

Жүздесу барысында облыста жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын электр станцияларын құру жобаларын іске асыру мақсатындағы меморандумға қол қойылды.

Бұл бағытта жүзеге асатын 200 МвТ күн электр станциясы құрылысының құны - 100 млн АҚШ доллары. Бұл мақсатта Қызылорда қаласының сол жағалауынан 400 гектар аумақта жер учаскесі таңдалған. Жоба 2020 жылдың ақпан айында басталмақ. Бұл - алғашқы кезеңі. Ал, биылғы жылдың төртінші тоқсанында электр станциясының құрылысы басталады, ол 2021 жылдың соңында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

«Әлемде қалыптасқан күрделі экономикалық жағдайға байланысты өңірлік сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің маңызы зор. Екі жақты жұмыстың нәтижесінде соңғы 5 жылда Қазақстанның Португалиямен өзара саудасы 2,3 млрд. АҚШ долларына жеткен. Бұл ретте сіздердің Қызылорда облысын инвестиция тарту секторы ретінде таңдағандарыңыз үшін қуаныштымыз. Аймақта табиғи ресурстар саны жетерлік. Облыстың жер қойнауында Менделеевтің кестесіндегі көптеген элементтер бар», - деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.

Өңірде жаңартылатын электр энергиясының көздерін дамытуға жұмыс жасалуда. Облыс - күн көзі айрықша түсетін аумақтардың бірі. Мәселен, облыстағы күн сәулесінің орташа жылдық ұзақтығы 3 мың сағаттан артық. Бұл - күн электр станцияларын салу және дамыту үшін үлкен мүмкіндік.

Қазіргі таңда ұлыбританиялық, франциялық және болгариялық инвесторлардың қатысуымен облыста энергия көздері бойынша 3 жоба іске асырылуда.


Соңғы жаңалықтар