Қызылордада жылу әдеттегіден бес күнге ерте беріледі

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында биыл жылу бес күнге ерте беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жылда жылу беру маусымы арнайы ережеге сәйкес бес тәулік бойы сыртқы ауаның орташа температурасы +8°С және одан төмен болған жағдайда басталу қажет. Бүгінге дейін ол 15 қазанға белгіленіп жүрді.

«Биыл қалада ауа температурасы күрт төмендеп кетті. Осыған байланысты қала әкімінің 1 қазандағы шешімі негізінде жылу 10 қазаннан бастап беріледі. Қазір қалада жылу беру, оған көп қабатты тұрғын үйлер мен инженерлік жүйелердің дайындығы басты назарда» - деді қала әкімінің орынбасары Елмұрат Рахматуллаев.

Мамандар облыс орталығындағы барлық нысан жылу маусымына қосылуға толық дайын екенін айтады.

«Ендігі кезекте тұрғындар үйішілік жылыту жүйесіне назар аударуы қажет. Авариялық жағдай туындаған жағдайда тиісті мекемелерге немесе өз аумағы бойынша басқару орындарына хабарласуы тиіс», - деді қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев.

Биыл жылу беру маусымы кезеңінде Қызылорда қаласына қажетті қатты отын көлемі шамамен 37 мың тоннаны құрайды. Тұрғындарға қажетті көмір қоры толық жеткілікті. Жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын жүргізуге «Жұмыспен қамту жол картасы», «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша және облыстық, жергілікті бюджеттен қаржы қаралған.

Айта кетейік, облыс орталығында барлығы 815 көп қабатты тұрғын үй бар. Оның 757-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған, 58-і жеке жылу көздерімен жылытылады.

Сондай-ақ, бір топ қызылордалық «Халық алғысы» медалімен марапатталды https://kaz.inform.kz/news/bir-top-kyzylordalyk-halyk-algysy-medalimen-marapattaldy_a3704079.


Соңғы жаңалықтар