Қызылордалық Анкарада домбыра үйрететін курс ашты

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат ­ Қызылордалық Ержан Арқабаев Түркия елінде домбыра үйренуге құлшыныс білдірген азаматтарға арналған арнайы курс ашты. Оған қоса түркітілдес елдердің өнерпаз жастарынан «Отау» ұлт аспаптар ансамблін құрды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ержанның Анадолы жеріне келуі бірқатар оқиғалар себепші болды. 2013-2014 жылдары ол Қызылорда облыстық филармониясының атынан бауырлас елдегі Наурыз фестиваліне қатысты. Оны ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастырған болатын. Фестиваль барысында «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі құрамында өнер көрсетті. Қызылордалық өнерпаздар туысқан елдің бірнеше белгілі қаласын аралады. Көне заманнан келе жатқан қазақ өнері мен музыкасын кеңінен насихаттады. Гастрольдік сапарда жүрген сәтінде Түркияда білімін жетілдіру туралы ойлап, сол мақсатқа жету жолында еңбек етті. Осы мақсатта алдымен арнайы курсқа қатысып, түрік тілін меңгереді. 2015 жылы Түркияның Конья қаласындағы Неджметтин Ербақан университетінің магистранты атанды.

«Алға қойған мақсатым ­ қазақ күйлерін еуропалық мәнерде қайта жандандыру. Осы бағытта бауырлас елде үлкен мүмкіндіктер туып тұр. Түркиядағы университет қабырғасында түрлі шараларға қатысып жүрмін. Бұл жердегі жергілікті халық қазақтың қара домбырасына ерекше қызығушылық танытатынын байқаймын. Жоғары деңгейдегі концерттерде өнер көрсеттім», ­ деді Ержан.

Өнерпаз екі айда сол елдегі 40 қаланы аралап, қазақ өнерін көпшілікке паш етті. Аталған шаралардың біріне Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанның өзі қатысқан. Ол Ержанның өнеріне ерекше ілтипат білдірді.

«Түркияда «Есімсіздер», «Дирениш Қаратай» фильмдері теледидар арқылы көпшілікке көрсетіулде. Маған аталған фильмдерге саундтрек жазу мүмкіндігі туды. Ал Конья қаласындағы продюсерлік орталығымен бірлесіп, «Домбыра ­ түрік рухы» деген атаумен қазақ тарихи күйлерінің digital альбомын шығардым. Енді қазақ күйлерін таныту, дәріптеу, насихаттау мақсатында альбом СD форматын жасау ойымда бар», ­ деді ол.

Ержан түркітілдес елдерден оқуға келген өнерпаз студенттерді жинап, «Отау» ұлт аспаптар ансамблін құрды. Анкара қаласында домбыра курсын ашты. Дарынды өнерпаздың Түркі әлемінің музыкалық аспаптары арқылы орындаған «Адай» күйіне түсірген бейнебаяны жуық арада жарыққа шықты.

Ержан 1988 жылы дүниеге келген. 2003 жылы Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне түсіп, білімін жетілдірді. Одан әрі Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетін үздік аяқтады. Алғашқы жұмысын облыстық филармония жанынан құрылған «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінде бастады. Сонымен қатар өзі тәлім алған музыкалық колледжде қызмет атқарды.

Еске салсақ, Қазақстанда 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісі қазақтың төл аспбының күні ретіне тойланып келеді. Сонымен қатар Түркияда домбыра күні атап өтілді.



Соңғы жаңалықтар