Қызылордалық өнертапқыш Алматы ауасын жақсартуға үлес қоспақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласының тұрғыны Марат Палмахов Алматының ауасын жақсартуға өз үлесін қоспақ. Ол туралы өнертапқыш «ҚазАқпарат» тілшісіне айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жас өнертапқыш Алматы экологиясын жақсарту туралы идея қайдан келгенін айтты.

«Бұл идея маған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтіп жатқанда, экологиялық жобаларды көрген кезде келді. Сол кезде мен «Мәңгілік қозғалтқыш» деп аталатын жобамның прототипін әзірлеп жатқан болатынмын», - дейді Марат.

Ал жобалық «Оазис» ауа тазартқыш құрылғысын жасап шығаруға Мараттың үш жыл уақыты кеткен. Марат оның қызметі және орнату жолдарымен бөлісті.

«Ауа тазалағыш құрылғыларды қалада орнату үшін биік ғимараттардың үстіне оларды және насостарды бірге орнату керек. Құрылғы ауаны түгелдей циркуляция жасап, ауыстырады. Яғни, агрегат лас ауаны толығымен тартып алып, насосқа жібереді. Насос ауаны тазалап, ауа айналымы бар жаққа тасымалдайды»,- дейді ол.

Мараттың айтуынша, әлемде бұл құрылғыға ұқсас аналог жоқ, себебі, оның ауқымы үлкен, бүкіл қаланы қамтымақ. Сондай-ақ, ол 12 ай, аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат бойы үзіліссіз жұмыс істемек. Климатқа тәуелді емес.

Өнертапқыш Мараттың асқақ арманы да бар екен.

«Болашақта Қазақстанның экологиялық таза және алдыңғы қатарлы ел болуына үлес қосқым келеді. Тек шет елде ғана емес, біздің жерімізде де мықты «милар» мен жобалар бар екенін әлемге көрсетіп, мойындатқым келеді»,- дейді Марат.

Ал әзірге бүгінгі жобасын Алматы қаласында жүзеге асырғысы келеді. Бірақ, ол үшін іс-қимыл еркіндігі, сынақ жүргізуге ғимарат, қаржылық және техникалық қолдау қажет екенін де жасырмайды.


Соңғы жаңалықтар