Ленин кентінде басқа өңірден қоныс аударған 14 отбасына пәтер берілді - Павлодар

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар қаласына қарасты Ленин кентінде еңбек күші артық өңірлерден келген отбасыларға пәтер кілттерін тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодар қаласы әкімдігінің мәлімдеуінше, Ленин кентінде Космонавтов көшесі, 22 мекенжайындағы қалпына келтірілген үйдегі үш бөлмелі пәтерлер 14 отбасыға берілді.
- Бұл пәтерлер отбасыларға 5 жылға дейін жалға беріледі, осы уақыт ішінде мамандығы бойынша аймақта жұмыс жасаулары қажет. Осы мерзім аяқталғаннан кейін олар өздеріне бөлінген тұрғын үйді жекешелендіре алады, - деді әкімдікте.

Айдаровтар отбасы Павлодарға Қызылордадан көшіп келген. Ерлі-зайыптылардың екеуіне де жұмыс табылды. Отбасы басшысы қалалық кәсіпорындардың бірінде, жұбайы бірінші қалалық ауруханада жұмыс істейді. 2 бала тәрбиелеп отыр.

- Біз бүгін баспана алғанымызға өте қуаныштымыз. Біздің отбасымыз үшін бұл үлкен қуаныш! Әрине, Павлодарға көшкенде жаңа жерде, солтүстікте қалай қоныстануға болатыны қорқынышты болды. Бірақ бұл жерде суық болса да, адамдар жылы қарым-қатынаста. Павлодар жерінде жұмысқа орналастық, үй және жаңа достар таптық. Бақытты өмір үшін тағы не қажет, - дейді Нұрислам Айдаров.

Павлодар қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Динара Акзамованың айтуынша, биыл Павлодарға жұмыс күші басым өңірлерден 23 отбасы, яғни 105 адам көшіп келген. Қоныс аудару үшін қажетті мамандықтың болуы міндетті шарт болып табылады. Бұл медициналық, педагогикалық және техникалық мамандықтар. Көшіп келген адамдардың барлығы қазіргі уақытта жұмысқа орналастырылды.


Соңғы жаңалықтар